Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстан азаматтарының Грузия аумағына кіруі қиындап кеткен: Екі елдің сыртқы істер министрліктері мәселені талқылады

Фото: pixabay.com

2025 жылғы 14 мамырда Қазақстан мен Грузияның сыртқы істер министрліктері арасында қос тараптың тиісті органдар өкілдерінің қатысуымен консультациялар өтті. Жиын барысында Қазақстан тарабы өз азаматтарының Грузияға кіруіне тыйым салу жағдайларының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрлік мәліметінше, тараптар 2025 жылғы 14 мамырда өткен консультациялар барысында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, екіжақты және көпжақты шарттар мен консулдық-құқықтық саладағы халықаралық конвенциялардың орындалуы, қылмыстық-құқықтық ынтымақтастық және азаматтарды экстрадициялау мәселелерін талқылаған.

Кездесу барысында қазақ тарабы Грузия аумағына келген кезде Қазақстан азаматтарына жиілеп кеткен кіруге бас тартулар мен олардың кейіннен елден шығарылу жағдайларына алаңдаушылық білдірген.

“Бұл ретте Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Грузияға туристік мақсаттармен баратыны және қабылдаушы елдің заңнамасын берік сақтайтыны аталып өтті”, – делінген Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.

Өз кезегінде грузин тарабы биылғы мамыр айының басынан бастап Грузияға кіруден бас тарту фактілерінің айтарлықтай төмендегені туралы хабарлап, бұл үрдістің алдағы уақытта да жалғасатынына сендірген. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарының Грузия аумағына кіруі мен болуына барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін білдірген.

Бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік желілер арқылы Грузия әуежайларында тексеруден өту кезінде қиындықтарға тап болғанын айтып шағымданған еді. Олар тексеру пунктінде ұзақ жауап алатынын айтқан, кейбіреуілеріне тіпті елге кіруге тыйым салынған.

“Паспортты бақылаудан өтпек болдым. Бірақ 5 секундтан кейін мені кері шақырып, сұрақтың астына ала бастады. Қонақүйді брондап қойғанмын, құрбымның ата-анасының үйіне Гориге шақырту алған едім. Мен оларға билетімді, сақтандыруды және қайту билетін көрсеттім. Бірақ олар себебін түсіндірместен, мені кері қайтатын Тбилиси-Баку рейсіне қайта отырғызды. Олар маған "Басқа себептер" деп жазылған қағаз берді. Паспортты Қазақстаннан алғанмын”, – дейді желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір қазақстандық осыған ұқсас жағдайға тап болып, сол күйі Грузияға кіре алмай кеткен.

“Менің де басымнан осындай жағдай өтті. Грузияға ұшып бардым, бірақ мені паспорттық бақылау аймағынан ары өткізбеді. Жеке бөлмеге апарып, бару себебімді, қайтар билетімнің бар-жоғын, қолма-қол қанша ақшам бар екенін сұрады. Қолма-қол ақшам болмаған. Картамда 5 мың доллардай ақшам бар екенін көрсеттім. Бірақ олар қаржым жеткіліксіз екенін айтты. Қонақүй брондалып қойғанына да, басқа құжаттарға да қараған жоқ. Қазақстанға оралғанда неліктен елге кіргізбегенін білу үшін депортация туралы құжатты көрсетуді сұрадым. Бірақ оған ештеңе жазылмаған болып шықты”, – дейді Грузияға кіре алмаған қазақстандықтардың бірі.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өкілдері шекарадан өту кезінде қиындықтар туындаған жағдайда азаматтар Қазақстанның жақын жердегі елшілігіне хабарласа алатынын айтады. Байланыс нөмірлері мен мекенжайы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 10:44
Талқылау