Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық бір айда eOtinish арқылы 50 көлікке айыппұл салып, 4 жүргізушіні куәлігінен айырған

Қазақстандық Руслан қалада көлік айдап жүргенде регистраторына түсіп қалған ереже бұзған жүргізушілерді полицияға хабарлайтынын айтты. Ол eOtinish арқылы видео жүктеп, полицияға арыз жазады екен. Бір айда 50 көлікке айыппұл салып, 4 жүргізушіні куәлігінен айырғанын ол Threads-тегі парақшасында жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.comФото: Pixabay.com

Ерінбегенімде айыппұл арқалайтын жүргізушілер саны 300-ге жететін еді деп қосты Руслан.

“Мені тоқылдақ деп атасаңдар, атай беріңдер, маған бәрібір. Мен бір айда eOtinish арқылы қарсы бағытқа шығып кеткені үшін 50 көлікке айыппұл салдым және 4 жүргізушіні куәлігінен айырдым. Бұл – үй мен жұмыс арасындағы шағын маршрутта ғана байқағаным. Күніне 2-3 штрафтан. Айтпақшы, қуанып қалдым әрі жаным тынышталғандай. Ерінбесем, көліктердің саны 300-ге жететін еді, одан аз емес. Бәрін жібермедім. Сосын менің нөмірімді тауып, хабарласып, арызымды қайтаруды сұрағандар болды. Мен оларға сотта кездесуді ұсындым, бірақ олар тыныш қалды”, – деп жазды ол желіде.

Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Біразы бұл әрекетті азаматтық позиция деп атаса, кейбірі “Мұны не үшін жасайсың? Өзіңнің де ереже бұзып қалатын кездерің болатын шығар?” деп жатыр. Ал Руслан неге ерінбей арыз жазатынын түсіндірді.

“Мен бұны көбіне өзім үшін істеймін. Осы жерде тұрамын, балаларды тасимын, балаларым да осында өмір сүреді. Эгоистер мен қыңқылдап қалған адамдар өзін ғана ойлайды. Олар ереже бұзғандарды ақтап алады, себебі өздері де бұзады. Өзімізге және өмірімізге разы болып өмір сүрдік делік, бірақ малдардың ортасында ма? Мейірімдімін, бірақ малдарға емес. Шындыққа тіке қараңыздар. Мейірімді болу деген қауіпті нәрсеге келгенде үндемей қалу, ештеңе істемей қалу емес. Менің де ереже бұзатын кезім болып тұрады. Ещтеңе етпейді, төлеймін. Мемлекет ынталандырмайды, бірақ осыны істеуге мүмкіндік берді”, – деп түсіндірді Руслан. 

Сонымен қатар ол eOtinish арқылы полицияға қалай арыз жіберетінін айтып берді. Оның желідегі жазбасын 200 мыңнан аса адам қараған.

“Көліктегі регистраторға жазылған видеоларды Wi-Fi арқылы смартфоныма жүктеп аламын. Сосын оны Youtube-ке жариялаймын. Egov қолданбасындағы eOtinish айдары арқылы Полиция департаментіне арыз беру дегенді таңдаймын. Сол жерде қала, аудан – бәрі тұрады. Видеоның сілтемесін арызға тіркеймін. Толығырақ сипаттамасын жазамын. Сосын хаттама күтемін. Фото жеткілікті ме, білмеймін. Мен видеомен жіберемін, ал видеода уақыт көрініп тұруы керек. Регистраторда және timestamp Camera қолданбасында уақыт көрсетіліп тұрады. Осы арқылы да түсіруге болады. Менің видеорегистраторым қарапайым, арзаны. Xiaomi-ден алғам. Негізі бұны ең әуелі телефонға қосылатындай етіп алу керек. Авторизацияны телефондағы ЭЦҚ арқылы жасаймын. Бір арызды беруіме 5 минуттай ғана уақытым кетеді”, – деді ол.

Руслан хабарласып, қорқытатындар бар екенін жасырмады. Оған қоса полицейлер де кейде арызыңды ал деп өтінеді екен.

“Кейбірі "Сен менің кім екенімді білесің, бе, саған не істей алатынымды білесің бе?" деп хабарласады. "Маған ештеңе болмайды, ал сізді көлік жүргізу құқығынан айырады. Ал қазір көрсеткен қоқан-лоқыңыз және менің нөмірімді тапқаныңыз туралы айтсам, қылмыстық іс қозғайды" деймін. Ал полицеймен бір диалог болған. Олар маған “Бұл көліктің сақтандыруында біренеше адам тұр, көлікті қайсысы айдағанын білмейміз. Сондықтан арызыңды қайтып ал” деді. Мен сотқа көліктің иесін шақырыңыз, бұл сіздердің емес, солардың мәселесі дедім. Дәлелдесін. Олар "ой, бұл ұзақ қой, уақыт жоғалтасыз деді. Мен оларға "Маған сотқа барудың қажеті жоқ, бірақ шақырып жатса, барамын" деймін”, – деп Руслан сотқа баруға да ерінбейтінін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көлікті 5 минуттан артық қыздыруға айыппұл салынатынын жаздық. Тұрғын аудандарда қозғалтқышы қосулы көліктің тоқтап тұруына тыйым салынған. 

Талқылау