Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Ақтөбедегі кен орындарын барлау үшін экологиялық дауларымен танымал компаниямен келісімге қол қойды

Фото: shell.co.uk

Еліміздің Энергетика министрлігі Ақтөбе облысындағы кен орындарын барлау бойынша “Shell Kazakhstan” компаниясымен келісімшартқа қол қойылғанын хабарлады. Алайда PACE Telegram-арнасы бұл жобаның экологияға ықтимал қаупі бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Shell компаниясы 100 миллион теңге бөледі

5 наурыз күні Энергетика министрлігі мен “Shell Қазақстан” компаниясы Ақтөбе облысындағы “Жаңатұрмыс” учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін келісімшартқа қол қойды. 

Келісімге сай компания белгіленген аумақта сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізеді. Сосын геологиялық деректерді жинап, техникалық бағалау жасайды. Барлық жұмыс қолданыстағы заңнама талаптарына сай және тиісті рұқсаттар алынған соң жүзеге асырылады.

Аумағы 1 377 шаршы шақырым болатын “Жаңатұрмыс” учаскесі елдегі перспективалы мұнай-газ бассейндерінің бірінде орналасқан. Жоба аясында 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізіліп, терең барлау ұңғымасын бұрғылау мүмкіндігі қарастырылған. Келісімшарттың мерзімі 2032 жылға дейін белгіленді. Құжат жетілдірілген үлгілік келісімшарт талаптары негізінде іске асырылады. Келісім кезеңінде Shell компаниясы учаске орналасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 100 миллион теңге бөледі.

Қандай мәселе бар?

PACE Telegram-арнасының мәліметінше, Shell компаниясына барлау үшін бөлінген жер қойнауы учаскесінде жерасты суларының бес кен орны бар.  Экобелсенділердің айтуынша, олардың бір бөлігі қазірдің өзінде пайдаланылып жатыр.

Сонымен қатар Құндақтықыр жерасты тұщы су кен орны бұрын стратегиялық маңызы бар нысандардың қатарына енгізілген.

“Chevron компаниясы Ақтөбе облысындағы КТ-III учаскесінде осыған ұқсас мәселені қалай шешетіні де қызығушылық тудырады. Себебі перспективалы құрылым Көкжиде жерасты су қабатының дәл астында орналасқан. Көкжиде – Батыс Қазақстандағы ең ірі жерасты тұщы су қорларының бірі. Дәл осы себептен соңғы 20 жыл бойы мұнайшылар мен экологтар арасында дау-дамай жалғасып келеді”, – деп жазады PACE.

Shell компаниясы туралы не белгілі?

Shell plc – әлемдегі ең ірі мұнай-газ компанияларының бірі. Компания 1907 жылы құрылған және бүгінде 70-тен астам елде жұмыс істейді. Оның негізгі қызметіне мұнай мен газ өндіру, өңдеу, мұнай өнімдерін сату, энергетика жобалары кіреді.

Фото: vbr.ru

Дегенмен компанияның қызметі соңғы онжылдықта экологиялық, әлеуметтік және құқықтық даулармен қатар аталып келеді.

Shell компаниясына қатысты ең ірі даулардың бірі Нигериядағы экологиялық дағдарыс. Компания жұмысында ең көп сыналған жобалардың бірі – Нигериядағы Нигер дельтасы.

1960-жылдардан бері бұл аймақта мұнай өндіру жүргізіліп келеді. Экологтар мен жергілікті тұрғындардың айтуынша, ондаған жыл ішінде:

  • жүздеген мұнай төгіндісі болған;
  • өзендер мен топырақ ластанған;
  • балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына зиян келген.

2011 жылы БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) жүргізген зерттеу Огони жеріндегі экологиялық жағдайды қалпына келтіруге 25-30 жыл қажет болуы мүмкін екенін көрсеткен.

2021 жылы Нидерланд соты Shell-дің еншілес компаниясын Нигериядағы мұнай төгінділері үшін жауапты деп танып, фермерлерге өтемақы төлеуге міндеттеді.

Климат саясатына қатысты тарихи сот

2021 жылы Нидерландтағы сот шешімі бойынша Shell компаниясы 2030 жылға дейін көмірқышқыл газы шығарындыларын 45%-ға қысқартуға міндеттелді. Бұл ірі мұнай компаниясына қатысты қабылданған әлемдегі алғашқы климаттық сот шешімдерінің бірі. Сот экологиялық ұйымдардың талаптарын қанағаттандырып, компанияның климатқа әсерін азайту бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс екенін айтты.

Арктикадағы мұнай барлауына қарсы қарсылық

2010-жылдары Shell Арктикада мұнай барлау жобаларын бастауға әрекет жасаған. Бұл жоспар халықаралық экологиялық ұйымдардың, соның ішінде Greenpeace белсенділерінің қатты қарсылығына ұшырады.

Экологтар:

  • мұзды аймақта апат болса, мұнайды тазалау қиын болатынын;
  • Арктика экожүйесі өте осал екенін;
  • айтып, жобаны тоқтатуды талап етті.

2015 жылы Shell Арктикадағы барлау жобасын экономикалық және экологиялық тәуекелдерге байланысты тоқтататынын мәлімдеді.

Соңғы жылдары Shell компаниясы жаңартылатын энергия жобаларын дамыту туралы жиі мәлімдеме жасап келеді. Алайда бірқатар экологиялық ұйымдар компанияны “greenwashing”, яғни экологиялық имидж қалыптастыру үшін жасыл бастамаларды шамадан тыс жарнамалайды деп айыптайды.

Олардың пікірінше:

  • компания мұнай мен газ өндірісін әлі де белсенді жалғастырып келеді;
  • көмірсутек жобалары негізгі табыс көзі болып отыр.

Shell-дің Қазақстандағы жобалары

Shell Қазақстанда бірнеше ірі мұнай-газ жобаларына қатысады. Соның ішінде:

  • Қашаған мұнай кен орны;
  • Каспий теңізіндегі басқа да энергетикалық жобалар. 

Компания Қазақстанның мұнай-газ секторындағы негізгі шетелдік инвесторлардың бірі саналады.

Сонымен қатар соңғы уақытта Ақтөбе облысында жүргізілуі жоспарланған барлау жұмыстарына байланысты жерасты су ресурстарына әсер етуі мүмкін деген экологиялық алаңдаушылықтар да айтылып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Осы жылдың ақпан айында Shell компаниясының (SHEL.L) бас директоры Ваэль Саван Қазақстан үкіметі мұнай компаниясына және шығындарға қатысты даулар бойынша бірқатар халықаралық компанияларға қарсы қозғаған сот істеріне байланысты елге салынатын жаңа инвестициялар уақытша тоқтатылатынын айтқан еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 06 Наурыз, 2026 18:45