Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан АҚШ-қа 49 жылға жерді жалға береді: Тоқаев заңға қол қойды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев 19 мамыр күні Қазақстан мен АҚШ үкіметі арасында Алматы қаласынан АҚШ-қа жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңына қол қойды.

Келісім 2024 жылғы 27 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған. Ауданы 70 593 шаршы метр болатын жер учаскесі қосымша жалдау шарты жасалған күннен бастап 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Осы жалдау мерзімі үшін жалдау ақысы 25,3 миллион АҚШ доллар және ол осы келісім күшіне енген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде бір реттік төлем ретінде төленеді.

Сондай-ақ АҚШ үкіметі кез келген салықтар мен кедендік төлемдерден босатылады және консулдық ғимаратын салу, оны ұстау мен жөндеу, сондай-ақ коммуналдық қызметтерге төлем жасауға байланысты барлық шығынды өздері өтейді.

Жалға алынған жер учаскесінде АҚШ-тың Бас елшілігінен бөлек, АҚШ Сауда министрлігінің өкілдігі, Есірткіге қарсы күрес агенттігі және АҚШ-тың Коммерциялық қызметі орналастырылады деп жоспарланып отыр.


Алматыдағы жерді жалға алғаны үшін АҚШ Қазақстанға қанша ақы төлейді – СІМ жауап берді


“Гектары 1050 теңге”. “Ауыл” партиясы болмашы ақшаға Ресей жалға алған әскери полигондардың бір бөлігін шаруаларға қайтаруды ұсынды


АҚШ-тың Бас елшілігі Орталық Азиядағы ең ірі виза беру хабына айналады. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып, тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ бизнестің және қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етеді.

Келісім ратификацияланғаннан кейін, америкалық тарап Қазақстанға Хьюстон қаласында Бас елшілік ашуына рұқсат береді.

Бұған дейін сенат Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Алматыда консулдық мекемесінің ғимаратын салу үшін АҚШ-қа жер телімін жалға беру туралы келісімді ратификациялаған еді. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 20 Мамыр, 2025 08:19
Талқылау