Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан ағылшын тілін меңгеру бойынша әлемдік рейтингте 103-орынды иеленді

Ағылшын тілін меңгеру бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 103-орынға ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі EF English Proficiency Index басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

EF English Proficiency Index жаһандық зерттеуіне сәйкес, ағылшын тілін меңгеру бойынша Нидерланды елі бірінші орында. Екінші орынды Норвегия, ал үшінші орынды Сингапур иеленді.

Қазақстан бір жылда бір сатыға көтеріліп, рейтингтегі 116 елдің ішінен 103-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш 2,1 миллион адамның деректеріне негізделген

Биыл Қазақстан ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен елдер тобында (EF EPI индексі 427). Африканың батысындағы Сенегал елі 102-орында. Ал Таяу Шығыстағы мемлекет Иордания 101-орында. Бұл санаттағы көшбасшылар қатарында 93 және 95 орындарға жайғасқан Мьянма мен Ауғанстан бар.

Фото: ef.com

EF Education First мәліметінше, Қазақстанда ағылшын тілін жақсы меңгерген қалалар бойынша Алматы 476 индексімен көш бастап тұр. Екінші орында 469 ұпаймен Астана. Ақтөбе 451 ұпаймен үшінші орында. Рейтингі жоғары қалалардың бестігіне Ақтау (433) мен Шымкент (360) те кіреді.

Биыл Қазақстан өңірлерінің индексі 320-дан 475-ке дейін ауытқиды. Бір жылда Алматы облысы 8-орыннан (427) көтеріліп, ағылшын тілін меңгеру бойынша көшбасшы атанды. Ақмола облысы екінші орында болса, Қостанай үшінші орынға жайғасты. Одан кейінгі 4-орынды Павлодар (453) мен Шығыс Қазақстан облысы (453) бөлісті. Ал Ақтөбе 451 ұпай жинап, бір жылда екі позицияға көтеріліп, алғашқы бестікті түйіндеді. 

"Қазақстан әлемдік қауымдастыққа ену үшін белсенді әрекет етіп жатыр. Сондай-ақ ағылшын тілін үйренуге үлкен көңіл бөлуді жалғастырып отыр", – деді ТМД елдері бойынша English Proficiency Index директоры Дмитрий Федоров.

Дмитрий Федоровтың сөзінше, қазақстандық жастардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін арттыру үшін білім беру бағдарламаларын одан әрі дамыту керек. 

“21 мен 30 жас аралығындағы жастардан оң тенденцияларды байқаймыз. Бұл жоғары оқу орындарының білім беруге қосқан үлесінің зор екенін көрсетеді. Дегенмен студенттердің университетті бітіргеннен кейін де ағылшын тілін меңгеруін қамтамасыз ету керек. Ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша Алматы Бангкок, Баку және Мехико сияқты қалаларды басып озып, Қазақстанда көш бастап тұр. Анкара, Тегеран, Бейжің сияқты қалалардың деңгейіне жету үшін әлі де жұмыс істеу керек”, – дейді ол. 

Федоровтың айтуынша, Қазақстанға көршілес Бішкек ағылшын тілін меңгеру бойынша басқа қалаларға қарағанда оқ бойы озық тұр. Олардың тілді меңгеру деңгейі орташа дейді.

“Келесі жыл Қазақстан үшін бетбұрыс кезеңі болатынына және EF EPI-де жақсы көрсеткіштерге жете алатынына сенімдімін. Өйткені ағылшын тілін меңгерудің ғаламдық ландшафты үнемі өзгеріп отырады. Биыл Таяу Шығыс пен Африкада тілді меңгеру оң нәтиже көрсеткенімен, басқа аймақтардағы ересектер арасында ағылшын тілін білу деңгейі баяу екенін байқап отырмыз", – дейді ол. 

EF EPI 2024 негізгі қорытындылары

Бүкіл әлемде тілді меңгеру деңгейінің төмендегені байқалады. Елдердің 60%-ы өткен жылмен салыстырғанда төмен нәтиже көрсетті. Жағымды тұсы, биыл 18-20 жас аралығында ағылшын тілін меңгеруге ұмтылған жастардың қатары көбейді.  

Гендер алшақтығы сақталады. Әйелдердің ағылшын тілін білу деңгейі өткен жылдан бері тұрақталып қалды. Ал ерлердің ағылшын тілін білу деңгейі төмендеп, гендерлік алшақтықты қысқартты. Дегенмен 40 елде ерлер әйелдерге қарағанда тілді анағұрлым жоғары деңгейде меңгерген. Ал Африка – ағылшын тілін әйелдер ерлерге қарағанда жоғары деңгейде меңгерген жалғыз континент. 

Аймақтық өзгерістер. Өткен жылы Азияда ағылшын тілін меңгерушілер саны азайған. Бұл көрсеткіш негізінен Үндістан мен Қытайға байланысты. Еуропада ағылшын тілін білу деңгейі де аздап төмендеген. Латын Америкасында тілді меңгеру деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Ал ағылшын тілін меңгеру деңгейі біртіндеп жақсарып келе жатқан елдер қатарында Таяу Шығыс, әсіресе Сауд Арабиясы бар. 

EF Education First – 1965 жылы Швецияда құрылған халықаралық білім беру компаниясы. EF қызметінің негізгі профилі – академиялық шет тілін оқыту бағдарламалары (орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім) және білім беру туризмі.

Талқылау