Қазақстан 1 миллиард доллар жарна төлемей-ақ Бейбітшілік кеңесіне мүше болды

Фото: Ақорда
Қазақстан Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің қатысушысы атанды және ұйым жарғысында ерікті түрде қарастырылған 1 миллиард доллар көлемінде жарна төлеген жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент әкімшілігі кеңеске кіру мемлекеттің өз шешімі екенін және оған мүше болу қаржы төлеуге байланысты емес екенін атап өтті. Жарғыға сәйкес, жарна елдерге ұйымда болу мерзімін белгіленген үш жылдық кезеңнен асырып ұзартуға мүмкіндік береді.
“Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз кірді, бұл жарғының ережелеріне толықтай сәйкес келеді”, – делінген хабарламада.
Бейбітшілік кеңесі АҚШ президентінің бастамасымен құрылған. Оны құрған 18 елдің қатарына Қазақстан, Сауд Арабиясы, Түркия, Армения, Әзербайжан және өзге де мемлекеттер кірді.
- Тоқаев Трамптың шақыртуымен Швейцарияға барады
- Давоста өткен кеңестің қол қою рәсімінде Тоқаев пен Трамптың не туралы сөйлескені белгілі болды
Айта кетейік, Трамп әкімшілігі Бейбітшілік кеңесіне мүше болған елдерден 1 миллиард доллар сұрап отыр. Ұйымның жарғы жобасына сәйкес, әрбір мүше мемлекеттің өкілеттік мерзімі жарғы күшіне енген сәттен бастап үш жылдан аспауы тиіс. Алайда көрсетілген соманы төлеген жағдайда бұл шектеу қолданылмайды.
Ақ үй 16 қаңтарда Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің құрамын жариялады. Оның қатарына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф және АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер де бар.
Бұған дейін Тоқаев Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойған еді.
"Жарыңа деген сенімсіздік немесе бала-шағаңмен далада қалу": Неке шартына қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды