Қазақша үйрен: Жұмысқа орналасу кезінде қолданылатын сөз тіркестері
Stan.kz Jusan-мен бірге ұсынған жаңа танымдық "Қазақша үйрен" бағдарламасының бесінші бөлімі жарыққа шықты. Бұл бөлімде кез келген адамға қажет болатын тіркестерді үйретеміз. Бүгін жұмысқа орналасу кезінде өткізілетін сұхбаттасуға дайындық болады. Бағдарлама жүргізушісі Айгүл Дәден жаңа жұмыс орнына келген кезде сізге басшылықтан қойылуы мүмкін сұрақтарды айтып, оған тиімді жауап берудің жолдарын үйретеді.
Кез келген адам өмірінде бір рет болсын, жұмысқа тұруға талпынып, өзі танымайтын адамдармен сұхбат өткізген болар. Адамды алғаш көргендегі алатын әсерден бастап, оның дағдылары туралы білу де маңызды. Сұхбаттасу кезінде адамның өзін-өзі ұстауы, сөйлеуі, әрекеттері оның қандай адам екенін көрсетеді. Сондықтан бүгін сұхбаттасуға немесе іскерлік кездесуге дайындық жасаймыз.
Бұл сабақта бізбен бірге Анастасия қазақша үйренеді. Оның Jusan Bank-ке жіберген резюмесін бірге талдап, банк менеджері лауазымына тағайындалу үшін сұқбаттасатын боламыз.
- Лауазым – должность
- Мемлекеттік лауазым – государственная должность
- Сот лауазымы – судебная должность
Анастасияның сұхбатына қарай отырып, жұмысқа тұру үшін өзіміз туралы ақпарат беруді үйренейік.
"Мен 17 жасымда мектеп бітірдім. Содан кейін 4 жыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқыдым. Экономика факультетін үздік бітірдім. Бір жыл компьютерлік курсты тәмамдадым", - дейді Анастасия.
Сұхбат кезінде сізбен сөйлесіп отырған болашақ әріптесіңіз әртүрлі сұрақтар қоюы мүмкін. Көбіне бұл стандартты сұрақтар. Мысалы, бұрынғы жұмыс орныңыз, жұмыс өтіліңіз немесе отбасылық жағдайыңыз туралы немесе бұл лауазымға неліктен қызығушылық танытып отырғаныңыз туралы сұрап жатады. Бұл жауапты да Анастасияның мысалымен қарастырып көрелік.
"Менің жұмыс тәжірибем бар. Бұрын банкте екі жыл касса бөлімінде жұмыс істедім. Менің бұрыннан бұл салаға қызығушылығым бар. Банк саласында жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды", - деп жауап береді Анастасия.
Өз мінезіңіз бен артықшылықтарыңызды бағалау үшін жаңа сөздерді жаттап алайық:
- Қызығушылық – увлечение, интерес к чему-либо
- Күйзеліске төзімді – стрессоустойчивый
- Көңілді – веселый
- Жауапкершілігі жоғары(жауапты) – ответственный
Сұхбаттасу кезінде шынайы ақпарат беру қажет. Алайда кейбір сұрақтарға тура мағынасында жауап беруге болмайды. Осыған байланысты 5 фактімен бөлісеміз.
1. Егер сіз бұрынғы басшыңызды немесе әріптесіңізді жақтырмайтын болсаңыз, ол туралы сұхбат кезінде айтудың қажеті жоқ. Оданда өз жұмысыңыз баға беріп, бұрынғы жұмыс орнында жеткен жетістіктеріңіз туралы айтыңыз.
2. Сіздің өміріңіз ұзақ әңгіме. Мектеп немесе университет туралы ақпаратты резюмеде жазыңыз. Ал сұхбат кезінде өз өмірбаяныңызды емес, дағдыларыңызды айтқан жөн.
3. Сіздің хоббиіңіз өте қызық, бірақ жұмыс берушіге бұл ақпараттың қажеті шамалы.
4. Жеке мәселелеріңіз бастан асады. Сондықтан жұмыс берушіні психотерапевт көріп, оған өз проблемаларыңызды айтудың қажеті жоқ.
5. Сіз сұраған фактілердің бәрі түйіндемеде бар. Әдетте сіздің түйіндемеде тұрған ақпаратты қайталап сұрап жатады. Себебі жұмыс берушіге сіздің сөйлеу мәнеріңіз бен өзіңізді көрсете білуіңіз маңызды. Егер сұраққа қайталап жауап бергіңіз келмесе, одан өзіңіз келіп отырған лауазым жайлы, болашақ міндеттеріңіз жайлы сұрап, содан кейін лауазымға неліктен қызығушылық танытып отырғаныңызды айтып беріңіз.
Сұхбаттасу кезінде жұмыс беруші ғана емес, сіз де өзіңізге қажетті ақпаратты білу үшін сұрақтар қоя аласыз. Сол сұрақтар үшін сізге жаңа сөздер керек болады.
- Жалақы – зарплата
- Медицианалық сақтандыру – медицинское страховка
- Әлеуметтік пакет – социальный пакет
- Іссапар – командировка
- Әріптес – коллега
- Жұмыс орны – рабочее место
- Еңбек демалысы – отпуск
- Жұмыс кестесі – рабочий график
Бұл сұхбаттасу кезінде сізге қажет болатын ең маңызды сөздер. Жаңа қызметке ауысып, лауазымыңызды жоғарылату ойда болса, оларды жаттап, пайдаңызға жаратыңыз.
Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілін оңай және қызықты үйрену. Бағдарлама қазақ тілінің бай әрі күрделі сөздік қорын жеңіл түрде ұғынуға мүмкіндік беріп, күнделікті өмірде қолдану жолдарын үйретіп, пайдаңызға жарайды. "Қазақша үйрен" бағдарламасын Stan.kz YouTube-арнасынан көре аласыз!