"Қазақша сұрақ қойған журналист хайп жасағысы келді": Қазақстандық футболшы Нұрәлі Әліп сынның астында қалды (видео)
Таяуда ресейлік "Зениттің" бұрынғы ойыншылары Андрей Аршавин мен Владислав Радимовтың сұхбатына қазақстандық футболшы Нұралы Әліп қатысты. Онда Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке қатысты тақырып қозғалды. Бұған белгілі журналист Нұрсұлтан Құрман мен актер Нұрлан Қоянбаев реакция білдіріп, ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан скриншот жасалған
Қазақстан құрамасы мен "Зенит" клубының қорғаушысы Нұралы Әліп бас бапкер Станислав Черчесовтің қазақ тіліне қатысты келеңсіз жағдайға тап болуы туралы ойын айтты.
"Мен оны түсінемін. Тілші де орысша біле тұра қазақ тілінде сұрақ қойды. Сол үшін де ол "осетин” тілінде де жауап бере аламын" деді. Сондықтан қазақ тілінде сұрақ қою арқылы тілші хайп жасағысы келді", – деді Нұрәлі Әліп "Зенит" клубының Youtube-тағы подкасында.
Айта кетейік, ресейлік маман Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалғаннан кейін журналистермен кездескен еді. Жиында журналистердің бірі бапкерге қазақша сұрақ қойып, оның ашуын тудырған. Тіпті Черчесов тек орыс тілінде сұрақ қоюды талап еткен еді. Бұдан кейін қоғам наразылығы туындап, көпшілік оның отставкаға кетуін талап етті.
Осы оқиғадан кейін Черчесов қазақ тілі курсын оқуға кіріскенін мәлімдеген. Алайда оның мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде үйренгені әзірге белгісіз.
Алайда бұған қатысты Нұрсұлтан Құрман жауап беріп, футболшыға өз үндеуін жеткізді. Журналист Нұралы Әліптен аталған пікірі үшін қалың елге түсіндірме беруін талап етті.
"Сенен түсіндірме күтеміз. Сосын баспасөз мәслихатында кез келген бапкерге қай елде болса, сол жердің тілінде сұрақ қойылады. Армения болса, армянша, Грузия болса грузин тілінде, Әзірбайжан елінде әзірбайжан тілінде, Англияда ағылшын тілінде! Біз тәуелсіз елміз. Қалың қазақ болып отырмыз. Біз сол жерде не үшін жүрміз? Сендерді біз тірі аңыз қыламыз. Мақтаймыз. Басқа клубқа ауыссаңдар, қолдаймыз. Аңыз қылып, еркелетіп жібереміз. Кейде сол еркелікті кейбіреулер көтере алмайтын сияқты. Жалпы, менің айтайын дегенім, Нұралы, байланысқа шық немесе осы мәселеге қатысты түсіндірме бер! Сенен, жақсы көретін бауырымыздан мұндай нәрсе күтпедік", – деді Нұрсұлтан Құрман.
Сонымен қатар танымал тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев футболшының бұл пікірімен келіспеді және оны әлеуметтік желіде белгілеп жазба қалдырды.
"Қазақстанда журналист қазақша сұрақ қойып тұрса, ол "Хайп" емес!!! Мысалы, Германияда, испаниядан келген тренерге неміс тілінде сұрақ қойып жатса, ол "хайп" емес. Өйткені ол Германияда жүрген тренер", – деді Нұрлан Қоянбаев.
- Қазақстандық телеарна журналисі орысша сөйлейтін қазақтарды "құл" деп атап, басы дауға қалды (видео)
Еске салайық, бұған дейін футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілін үйренуі екіталай екенін, алайда қажет сөздерді білетінін айтты. Маусым айының соңында Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. Алайда ол баспасөз конференциясы кезінде журналистердің қазақ тіліне байланысты қойған сұрағына кідіріп қалды.