"Қазақ тілді адамдарға қызмет көрсете алмаймыз": Қазақша қызмет көрсетуден бас тартқан танымал дәмханалар сынға ұшырады (видео)
Кейінгі кезде қазақстандықтар еліміздегі қоғамдық тамақтану орындарындағы қазақша қызмет көрсету сапасына наразылықтарын білдіріп жатыр. Тұрғындар Stan.kz тілшісіне Алматыдағы “Неделька”, “Амазон” және Өскемендегі “Дело в мясо” кафесінде қазақша мәзір жоқ екенін және олардың қазақша қызмет көрсетуден бас тартқандарын айтып берді.
Фото: 2ГИС платформасынан
“Қазақ тілді адамдарға қызмет көрсете алмаймыз”
Алматылық Мағжан Ысқақ есімді жігіт қаладағы Абай, 19 көшесінде орналасқан "Неделька" кафесіне шағымданып, желіде видео жариялады. Кейін шағымданушының өзіне хабарласып, мән-жайдың қалай болғанын сұрап білдік.
"Қазақ тілінде қызмет сұрағанымыз үшін дәмханадан шығарып жіберді. Мен орысша сөйлей алмағаным үшін, менің орныма орыс тілінде сөйлей алатын адамдарға қызмет көрсетті", – деп жазылған жігіт жариялаған видеода.
Мағжан Ысқақтың айтуынша, құрбысы екеуі 16 желтоқсанда кездесуге барған. Жігіт "Неделькаға" барған кезде ол жерде орын жоқ болып, кезек күтіп тұрғанын айтады.
“Орын алып отыру үшін кезекте күтіп тұрдық. Кезегіміз екінші еді. Біздің алдымызда кезекте тұрған кісілер отырды. 15 минут күткеннен кейін бір орын босады. Сол жерге отырайын деп жатқанда "менің кезегім ғой, отыра берейін бе" деп айттым. Алайда даяшы менің сөзімді елемеді. Тіпті бұрылып қараған да жоқ. Одан кейін менен кейін тұрған орыс кісілерді "орысша сөйлейтін қазақтарды" отырғызды. Сол кезде не себепті мені отырғызбадыңыз дегенде даяшы бетіме қарады да, "қазақ тілді адамдарға қызмет көрсете алмаймыз" деп айтты. Тағы да "Қалайша? Меңгерушіні немесе мейрамхана иесін шақырыңыз" деп қайта сұрадым. Сол кезде ол "иесі менмін, сізге қызмет көрсете алмаймыз" деп шығарып жіберді. Жарты сағатта текке тұрып, шығып кеттім. Былайша айтқанда, қазақ тіліне немқұрайлы қарады. Мейрамхана қазақша дұрыс қызмет көрсете алмағандықтан соңына дейін отыра алмадым”, – деді Мағжан Ысқақ.
Редакция тілшісі “Неделька” кафесіне хабарласты, байланысқа дәмхана желісінің меңгерушісі Досымхан Орынхан шықты. Оның айтуынша, шын мәнінде жағдай басқаша болған. Ол 16 желтоқсанда болған жағдайды анықтап, қызметкерлерден түсінік алғанын айтады.
“Таңертең отырғызу кезегі болды, жігіт бірінші тұрған еді. Ал оның артында баласы бар ересек әйел тұрды. Жігіттен әйелге орнын беруді сыпайы түрде орысша сұрады. Өйткені жігіттің қай тілде сөйлейтінін білмеген. Одан кейін оған жақындап, келесі болып отырғызылатынын түсіндірді. Бірақ ол "қажеті жоқ" деп жауап беріп, кетіп қалды. Біздің телефон арқылы сөйлескен әңгімемізді жалғастыра отырып, сіз "қазақ тілінде қызмет көрсетпейтін кафе туралы жарияланым бір сағат ішінде шығады және онда біздің атымыз аталуы мүмкін" деген сөзіңізге келесіні айтқым келеді. Жас жігіт ешқандай тілде қызмет ала алмаған. Себебі оған ешкім қызмет көрсеткен жоқ. Оның өз сөзінше, ол кафеден үстел ұсынылмағандықтан кеткен”, – деп жауап берді Досымхан Орынхан.
Кафеге қатысты 2ГИС плаформасындағы келушілердің пікірін зерттеп көрдік.
Фото: 2ГИС платформасынан
Келушілердің пікіріне қатысты Досымхан Орынхан кафеде қазақша мәзір бар және қазақ тілінде қызмет көрсетілетінін айтты.
“Теріс пікірлерді бәсекелестер немесе бізде болмаған қонақтар жаза алады”, – деді дәмханалар желісінің басшысы.
“Сіз орысша түсінесіз бе?”
Бұдан бөлек Tik Tok желісінде Аrnur_88888 есімді аккаунттан Алматыда Әліби Жангелдин 212А мекенжайында орналасқан "Амазон" кафесіне қатысты наразылығын білдірді. Мұнда ол кафеге хабарласқан кезде әйелдің “қазақ тілінде қызмет көрсетпейміз” деп жауап алғанын айтады.
"Алмаз, сіз орысша түсінесіз бе? Мен қазақша түсінемін, бірақ сөйлесетін тілім – орысша. Менің ұлтым – әзірбайжан. Сондықтан өзіме ыңғайлы тілде сөйлеймін. Сіз қазір маған қалай сөйлеу керек екенін үйрететін ешкім емессіз. Қаласаңыз, мен сізге мәзірді орысша жіберейін. Қазақ тілінде мәзір жоқ, тек орыс тілінде бар. Қаласаңыз, әзірбайжан тілінде де жібере аламын”, – деп видеода әйелдің дауысы естіледі.
Бұл бойынша “Амазон” кафесіне хабарласып, жағдайдың қалай болғанын білдік. Телефон тұтқасын Айым деген әкімшілік басшысы көтерді. Ол дәмхана ашылғаннан күннен бастап, яғни осы 5 жыл ішінде мүлдем қазақ тіліне қатысты келіспеушілік болмағанын айтады. Әкімші дәмханада әрдайым қазақша қызмет көрсетіліп, мәзірде келушінің сұранысына қарай “қазақ және орыс” тілінде ұсынылғанын атап өтті.
“Бізде әрқашан қазақша және орысша мәзір болған. Ал әзірбайжан тіліндегі мәзір бұрыннан жоқ. Жай ғана мұнда бәселекелестердің бірі бізді көре алмай, әлдекімді жіберген. Біздің қызметкерлердің бәрі таза қазақша сөйлейді. Ешкімнің кінәсі жоқ. Осы дау басталғаннан бері қаншама адам келіп, мүлдем олқылық жоқ екенін көріп кетіп жатыр. Мысалы, Қазақстанда тұрып, әзірбайжанша мәзір болады деген кімнің ойына келеді. Сондықтан ешжерде бұл тілде мәзір болмағанын айта аламыз. Шынын айтқанда, оның әзірбайжан ұлтынан емес екені анықталды. Білуімізше, ол ұйғыр ұлтының тумасы болып шықты. Бізде істегеніне бес-ақ күн болған. Ол ішкі кухняны біліп, білгенін жасағысы келген. Бастық мұны білгеннен кейін ол қызметкерді бірден жұмыстан шығарып жіберді”, – деді “Амазон” кафесінің әкімшісі.
2ГИС платформасында “Амазон” кафесінің рейтингі 1,4-ке төмендеп кеткен. Бұдан қазақстандықтардың шағымданып, наразылығын білдіргенін байқауға болады.
Фото: 2ГИС платформасынан
“Осындай мекемелерді жабу керек”
Ал @madina.feels есімді әйел желіде Өскемендегі "Дело в мясе" деген донерхана қазақша қызмет көрсетуден және тапсырыс алудан бас тартқанын жазды.
“Қазақстан, 91 мекенжайында орналасқан донер сататын "Дело в мясе"-ге хабарластым. Телефонда менеджер жауап беріп, “бізде тек шауырма, донер жоқ” деп дөрекі түрде орысша жауап берді. Енді донер де, шауырма да бір емес пе деп айттым. Қазақша ары қарай сөйлеген кезде сол жерде алды да тұтқаны қоя салды. Сол кезде ол кешіріңіз орысша айтасыз ба деп түсіндіруі керек. Қазақ тілінде қызмет көрсетететін қызметкерге телефонды беруі керек еді. Алайда, ол керісінше, ашықтан ашық қазақ тілінде сөйлегенім үшін жауап беруден бас тартты. Сорлы халық, өз елімде тұрып, өз тілімде тапсырыс ала алмайтын жағдайға жетіппіз. Сонда Қазақстанда тұрып, сол жерде пайда тауып, бір сол халықтың тілін құрметтемеген осындай мекемелерді жабу керек”, – деді @madina.feels.
Өкінішке қарай, “Дело в мясе” донерханасына хабарласқан кезде олар телефон тұтқаларын көтермеді.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Qazaq Coffee кофеханасы қазақ тіліне қатысты даудан кейін жұмысын тоқтатқанын жаздық. Оқиға 2ГИС қосымшасындағы қала тұрғынының шағымынан басталды: ол мәзірдің қазақша жоқтығын атап өтті. Әкімшілік қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін мәлімдеген соң, бұл пікір қоғамда резонанс тудырды.
Әлеуметтік желіде қолданушылар кофехананы сынға алып, оны жабуға шақырды. Нәтижесінде мекеме Instagram парақшасында кешірім сұрап, кейін парақшасын өшірді. Қазір кофехана уақытша жабылғанын мәлімдеді.