"Қазақпыз" деуге намыстанатындар бар: Ауғанстаннан оралған қандас Қазақстанға келген соң өмірінің қалай өзгергенін айтты
Түркістан қаласының тұрғыны Мұхаммед Құрбан – Ауғанстаннан атажұртына алғашқы лекпен оралған қандастардың бірі. Бүгінде ол Ауғанстанға емін-еркін өтіп, елде сауда-саттық жұмыстарымен айналысып жүр. Қандасымыз "ауған жұртында мыңдаған қазақ бар" деген пікірмен келіспейді. Сондай-ақ қандастарды елге әкелу процесіне тыңғылықты қарауға шақырады. Себебі ондағы өзін қазақ деп таныстыратындардың көбі расында қазақ емес. Мұхаммед Қазақстанға келген соң өмірі қалай өзгерді, сол турасында, өзге елдегі тіршілік пен тірлік, қазақтар тұрмысы жайлы Stan.kz тілшісіне сұхбат барысында айтып берді.
Мұхаммед Құрбан, жеке архивтен
Мұхаммед Құрбан 1968 жылы 21 сәуірде Ауғанстанның Герат қаласында дүниеге келген. 30 жыл бұрын Қазақстанға оралған. Қазір Түркістан қаласының тұрғыны. Әшекей бұйымдарын сатумен айналысады.
"Гераттағы барлық қазақ бір-бірімізді танимыз. Бұрын онда бірде-бір үй өзбек ұлтынан болмаған еді. Тек қазақ, түркімен, тәжік, пуштун секілді басқа ұлттар тұрдық. Оның барлығын да білемін. Тарихи мекенімізге алғашқылардың бірі болып 1993 жылы келдік. Ауғанстанға әлі де барып тұрамын”, – деп әңгімесін бастады ол.
Сөзінше, онда басқалар өзін мазақтайтын.
“Қазақтар "жылқы етін жейді" деп тиіседі. Оған намыстанатын біз жоқ. Өзіміздің салт-дәстүрімізді түсіндіріп береміз. Кабул, Мазари-Шариф, Құндыз, Тахар басқа да кез келген жерде қазақтан басқалары жылқының етін жемейді. Тітпен басқалар "қазақпыз" деуге намыстанатын. Еліміз 90-жылдары егемендігін алды. 1993 жылдан бері қарай ағайындар келе бастадық”, – дейді ол.
Тек бастауыш сыныптағылар мектепте оқиды
Тәліптер басып алғаннан кейін Кабул, Мазари-Шариф, Герат, Тахар қалаларында болып қайттым. Ол жақта өзіме көмектесетін туысқандар да бар. Оларда нақты жұмыс жоқ. Мемлекеттік мекемелерде қазақтар жоқ. Үйіндегі шаруа қожалықтарымен ғана айналысады. Тек бастауыш сынып жасындағы балалар ғана мектепте оқиды", – дейді Түркістан тұрғыны.
Бір қызығы, қандасымызға тәліп сақшылары тосыннан жолығып, әлі күнге дейін құжаттарын тексермепті.
"Сыртқы істер министрлігіне хат жазғаннан кейін ішім ашыды. Қазақта мақал бар: "Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген. Ең жаман қарғыс осы. Мен Ауғанстанда туып-өстім. Ондағы жағдайды бес саусағымдай білемін. Кімнің қазақ емес екеніне дейін білеміз. Маған құлақ аспағындарына қатты налимын.
Кабулда Ауғанстандағы қазақтардың қоғамы бар. Мені онда танысуға шақырды. Шақыртуларын қабылдамадым, оларды қазақ ретінде қабылдай алмадым", – дейді ол.
Елде газ тұрмақ, көмір жоқ
Мұхаммед мырзаның айтуынша, Ауғанстаннан кеткен қазақтарға көптеген жыл болған. Онда бірнеше мәрте соғыс болғаннан кейін, басқалар да қазақтардың нақты қайсысы екенін білмейді дейді.
"Көбісіне топырақ шашқым келмейді. Қазақстанға оралғандарының арасынан өзбекше сөйлейтіндері де бар. Ондағы ағайындардың жағдайы қиын. Біздегідей газ тұрмақ, көмір де жоқ. Даладан тапқандарын жағып жылынады", – деп қандасымыз өз көзімен көргендерін қоса кетті.
Қазіргі қандасымыз күнкөрісі сауда-саттыққа байланысты. Ол Ауғанстаннан тауар әкеліп сатады.
“Мен ол жақтан ыдыс-аяқ, қыздарға арналған әшекейлер әкеліп сатамын. Түркістан, Шымкент, Сарығаш жақтарға заттарымды шығарамын. Ол жақта да жиі тексеріс жоқ. Олар қару-жарақ сатылымынан ғана күдіктенеді. Бірақ ауған дамбалын киіп барамыз. Біздегідей еркін киінуге де болады. Онымыз көзге ерекше көрінбеу үшін ғой. Әрқайсысы сұрақ қойып, мазамызды ала бермесінші дейміз”, – дейді ол.
Мұхаммед Құрбан, жеке архивтен
Түбі таза қазақтар аз
Қазақстанда жағдай тұрақты болғандықтан болар, өзге ұлттардың көбі өздерін қазаққа жатқызып жатқан тенденция байқалады дейді. Десе де, мұндай азаматтардың көбінің қазаққа ешқандай да қатысы жоқ.
Мұхаммед мырзаның айтуынша, Ауғанстандағы қазақтармен айналысатын қоғам белсенділері де бар екен.
"Бір жігітпен таныспын. Иранда жүр. Өзін "қазақпын" деп атайды. Мен онымен жеке сөйлескенмін. Қазақстанда туыстарының барын білдім. Сөйтсем, Алматыда бір бөлелерінің барын айтты. Бөлені жақын туысқа жатқызуға болмайды. Кейбіреуі "қазаққа құдамыз ғой" дейді. Әйтеуір әртүрлі сылтаумен Қазақстанға апарыңдар" деп қолқа салады.
Жуырда Тахар қаласына барып қайттым. Онда бір ауылдың бірінде қазақтар тұрады дегенді естігенмін. Сол жаққа бағыт алғанда, жол-жөнекей тоқтап, мешіт атауын да сұрадым. Ондағылар "қазақтардың мешіті" деп қояды. "Қазақтар бар ма?" деп сұрасам, елдеріне қайтқанын айтады. Тіпі “өзін қазақпын деп жүргендер өзбектер" дейді. Бірақ “қазақтар соққан мешіт”, “қазақтардың мешіті” деп аталып кетіпті. Яғни түбі таза қазақтар аз деп ойлаймын. Кейбіреулері біздің бабаларымыз 300 жыл бұрын Ауғанстанға келген дейді. Олар өз тарихтарын нақты білмесе, оларды қазақ деп қалай атай аламыз?" – деп күдігін жасырмады ол.
60-70 қазақ отбасы бар
Сөзінше, "ауған жұртында бәленбай мың қазақ бар" деген сөзге үзілді-кесілді қарсы екендігін жеткізеді. Ары-кетсе, қазақтардан 60-70 отбасыдай ғана болады деген ойда.
"Біз бала кезден үйден қазақы тәрбие алдық. Отбасында қазақ тілінде сөйлеп, өстік. Сыртқа шыққанда солардың тілінде сөйлесетінбіз. Ал қазақтар тек тойда жиналатын. Жиі-жиі басқоса алмайтынбыз.
Түр сипаты ұқсамағандарды қазаққа жатқызсақ, тек жолымен ғана жатқызуға болады. Тәліптер үкіметті басып алғанда, Қазақстан бірнеше отбасыны елге алып келді. Менің түсінбейтінім мынау. Олардың кейбіреуін Түркістан немесе басқа да жақтағы қандастар танымайды. Бұлар сонда қандай қазақ? Өз арамызда әңгіме қылғанда, бұрын келген қандастар оларды танымаймыз деп жатады. Сонда не болғаны? Олар қандай қазақ болды екен?
Біреу "қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын" деген екен. Қанымның “қайнайтын” себебі, Ауғанстандағы өз туысымыз осы Қазақстаннан барған комиссиямен жолыққан. Олар қазақтарды кездесуде қабылдапты. Біз оны білмейміз. Байланыс нөмерлерін жазып алған. Оларды әкетпей, жоғарыдағы отбасыларды алып келген", – деп ренішін білдіреді Мұхаммед Құрбан.
Нағыз қазақтарды анықтауға көмектесе аламын
Оның айтуынша, жақында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне хат жазыпты. Ауғанстандағы таза қазақтармен таныстыруға дайын екендігін жеткізген.
"Өзім қазақпын дегендер, қазақ болмай шықса, басыммен жауап беремін деп қол қойдым. Нотариус арқылы заңды бекіткен қағазымды қайтарып жіберді. Нағыз қазақты анықтауға көмектесетінімді де айттым. Бірақ менің ұсынысымды қабылдамай тастады.
Келіп жатқан қазақтар қазақ тарихынан хабары бар ма? Екі жақ бір-бірімізді танымаймыз. Сонда қандай қазақ болдық? Өз туыстарымыз Ауғанстанда далбасалап жүр. Елшіліктің маңайына да жолай алмайды", – дейді ер азамат.
Орта Азия елдері ішінде Қазақстаннан Ауғанстанға көп көмек келеді
Мұхаммед мырзаның айтуынша, Тахар, Құндыз, Мазари-Шариф, Бұлқұмыр, Шұбырған, Қалиннау деген жерлерде де қазақтар бар екен.
"Қалиннаудан бір жігіт елге оралып, азаматтығын алып қайта барып үйленген. Енді балаларымен бірге әйелін де елге әкеле алмай жүр. Үкімет виза бермей жатыр. Қазақстан азматы болса да, отбасын әкеле алмайды. Ол бізден көмек сұрайды.
Өзім шетелдік төлқұжатыммен Ауғанстанға барып келемін. Өзбекстаннан Тәжікстан, одан ары қарай Ауғанстанға өтіп кетеміз. Жолда ешқандай да кедергі жоқ. Шетелдік төлқұжат болса болды. Шекарадан да ешқандай қиыншылық жоқ", – дейді ол.
Кейіпкеріміз Ауғанстандағы адамдармен сөйлесіп қалғанда, кейбіреулері "бірінші Алла, екінші Қазақстанның арқасында осыншама халық аман" дейді екен. Олар Қазақстаннан ұн, бидай басқа да азық-түліктерінен жәрдем келетіндігінен хабардар дейді.
"Орта Азия елдері арасында Қазақстан бізге ерекше көмектеседі деп естігенім бар. Ондағы жүріп-тұруым өзіміздің оңтүстіктегі бағамен шамалас. Тіптен бізден арзандау да десем болады”, – дейді ол.
Қадірәлі САРЫПБЕК