"Қазақмыс" компаниясының бір топ жұмысшысының ереуілі жалғасуда
"Қазақмыс" компаниясының бір топ жұмысшысының ереуілі әлі жалғасуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Коллаж Stan.kz
Жалақыларын көтеруді талап етіп, наразылыққа шыққан жұмысшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Ал "Қазақмыс" корпорациясы бұл ақпаратты жоққа шығарып, жұмысшыларға компания басшылығы мен күштік құрылымдар тарапынан ешқандай қысым көрсетілмегенін мәлімдеді.
Сондай-ақ корпорация наразы жұмысшылар сұраған екі негізгі талаптың орындалатынын атап өтті.
“13-жалақыға қосымша 30% сыйақы төлеу және тоқсан сайын сыйақы төлеу. Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақыны 8,5%-ға индекстеу ұсынысы да өз күшінде”, – делінген хабарламада.
-
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері ізімізге түсті": Ереуілге шыққан "Қазақмыс" шахтерлері Тоқаевқа үндеу жолдады
-
"Қазақмыс" шахтерлерінің ереуілі: Еңбек министрлігі жұмысшыларды еңбек заңнамасын бұзды деп айыптады
Президентке үндеу жолдаған жұмысшылар “әлеуметтік желіде кеншілердің ең төменгі жалақысы 800 теңгеден басталады” деген жалған ақпарат тарап жатқанын мәлімдеген еді. Олардың айтуынша, кеншілердің жалақысы 500 мың теңгеден басталады.
Ал "Қазақмыс" корпорация жұмысшылардың жалақысы еңбекақыдан және сыйақыдан тұратынын, корпорациядағы орташа жалақы көлемі 730 431 теңгені құрайтынын мәлімдеді.
Корпорацияның мәліметінше, ұсынылған шарттарды 40 мыңға жуық қызметкердің басым көпшілігі қолдаған. Ереуілді жалғастырып жатқандардың 65-шахтадағы (ОЖК) жұмысшылардың шағын тобы екені айтылған.
Жезқазған мыс қорыту зауыты, Жайсаң, Шатыркөл, Саяқ кеніштері, сондай-ақ Жыланды, Жомарт, Батыс және Шығыс кеніштеріндегі бригадалар жұмысын қайта бастаған.
Еске салсақ, 17 желтоқсан күні Сәтбаев қаласында "Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шыққаны туралы жазған едік.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған