Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақмыс" Ұлытау облысын дамытуға қолдау көрсетеді

"Қазақмыс" Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыруға қолдау көрсетеді. Бұл туралы "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлымен  кездесуі барысында хабарлады. 

Жоспар аясында "Қазақмыс" корпорациясының қолдауымен өңір үшін маңызды бірқатар индустриялық және әлеуметтік жоба іске асырылмақ.

Кездесуде Жезқазған қаласында жаңа перинаталдық орталық (перзентхана) құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) әзірлеу тақырыбы талқыланды. Сондай-ақ "Қазақмыс" корпорациясы бассейні бар көпфункционалды спорт кешенінің, "Намыс" балалар мен жасөспірімдер спорт академиясының құрылысына, сонымен қатар мүгедектігі бар балаларға арналған орталықтарға қолдау көрсету ниетін растады. Одан бөлек компания Ұлытау ауданындағы "Күміс бұлақ" және "Тасбұлақ" нысандарын абаттандыруды жүзеге асырады.

"Қазақмыс" корпорациясы 500 орындық концерт залы бар мәдени орталықтың құрылысын бастауға қолдау көрсетті. Бірқатар қызметкерге тұрғын үй беру бойынша көмек көрсетіледі. 

Сонымен қатар "Қазақмыс" Жезқазған қаласында жаңа университет құруға қатысу ниетін растады, сондай-ақ облыс әкімдігіне қаланың тұрғын үй-коммуналдық қызметтеріне қар жинау техникасын сатып алу және қысқы кезеңде жолдарға қызмет көрсетуді ұйымдастыру бөлігінде қолдау көрсетіледі.

"Қазақмыс" корпорациясы тарапынан Жезқазған қаласында жаңа балабақша салу жобасы қолдау табады.

Кездесуде жылу беру маусымына дайындық, Ұлытау ауданының электр желілерін одан әрі қызмет көрсету үшін ЖЭТК бөлімшесіне беру мәселелері пысықталып, егжей-тегжейлі талқыланды. "Қазақмыс" корпорациясы облыс әкімдігіне басқа да бірқатар нысан бойынша қолдау білдірді. 

Кездесу соңында тиісті меморандумға қол қою жоспарланған.
 

Талқылау