"Қазақмыс" өңірдегі алып кеніштің жұмысын таныстырды
Жезқазған төңірегіндегі "Қазақмыс" корпорациясы кеніштерінің ең алыбы – Оңтүстік Жезқазған кеніші. Оның құрамында №45 және 65 шахталар бар. Жылына 5 млн тонна кен өндіруге қабілетті кеніштің тарихы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастау алады. Бүгінде кеніштің кен қоры ортайғанымен жергілікті жұрттты жұмыспен қамтып отыр. 1965 жылы іске қосылған бұл кеніштің алғашқы директоры Рүстем Дәуітов болды. Оңтүстік Жезқазған кенішінің құрамындағы шахталардан шыққан кеннің желісі үзілген жоқ. Оған "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС Кеншілер мен байытушылар мерекесі қарсаңында "Жұмысшы мамандықтары жылына" орай ұйымдастырған республикалық БАҚ өкілдерінің баспасөз турында куә болып қайттық.
Жезқазған қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан бұл кеніштің тарихында кен алу көрсеткішін Кеңестік уақытта жоспардан тыс орындап, Социалистік Еңбек Ері атанған үш кенші шықты. Олар – Қазымхан Кентаев, Әубәкір Құсайынов пен Демберген Баймағанбетов. Кен өндірісінің қаһармандарының ерен үлгісі бүгінгі жаңа буынмен алмасып жатыр. Мұндағы қос шахтаның кен өндірудегі жоспары жылына 3 миллон тоннаны құрайды. Баспасөз туры аясында кеніштің №65 шахтасына барғанда бізді "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Шарафиденұлы Бакиров қарсы алды.
Ең әуелі журналистер қауіпсіздік ережесіне қатысты нұсқаулықпен танысты. Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров өз сөзінде бұл кеніште апаттық жағдай кезінде сесмикалық қауіпсіздік жүйеcі іске қосылатынын тәптіштеп түсіндірді.
"Қазақмыс" корпорациясының өңірдегі кеніштерінің біраз бөлігі кезінде Жезқазған кенті аталған аумақта орналасқан. Аумақтағы елдімекендер толық көшірілген. Тек өндірістік алаң ретінде шахталар істеп тұр. 800 – 900 метр тереңдікке бойлайтын шахталардың жер астына түсіп кету қаупін күшейту жүйесі тоқсаныншы жылдардың бас кезінде қолға алынған. Біз бұл жүйені жаңа бағытта жаңғыртудамыз. "Қазақмыс" корпорациясы өзінің ұстанымы ретінде адам өмірн сақтауды басты орынға қояды. Сондықтан біз еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстаймыз, – деді Саят Шарафиденұлы.
Жеті қат жер астындағы кен өндіру үдерісі тәулік бойы толастамайды. Мұнда жұмыскерлердің қауіпсіздігіне ерекше
көңіл бөлінеді. Әрбір жұмысшы әуелі телім басшысынан ауысым барысында орындайтын жұмыс көлеміне тапсырма алады. Одан кейін арнайы киім мен жеке қорғаныш жабдықтарын киеді. Медициналық пункте алкотест тапсырады. Осыдан соң кеншілер 700 метр тереңдікке түседі. Бұл жерде оларды "Минка" деп аталатын арнайы көлік қарсы алып, жұмыс орнына жеткізеді.
Журналистермен бірге шахтаға түскен Саят Шарафиденұлы кен өндіріп алу жұмысы ең әуелі кенжарды қауіпсіздендіруден басталатынын жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отырған Саят Шарафиденұлы осы кеніштен қанаттанған азамат. Ол телім шеберінен шахта, кеніш директоры лауазымына дейінгі қызметтерді атқарды. Корпорация басшылығындағы бірқатар азаматтарды да осы Оңтүстік Жезқазған кеніші түлетіп ұшырды.
Біз көзбен көріп, өзіміз куә болғаннан кейін кен өндіру технологиясы шын мәнінде батыл әрі жүректі азаматтардың ісі екенін түсіндік.
Алпыс жылдан аса уақыт жер асты байлығын ел игілігіне жарату жолында тер төккен Оңтүстік Жезқазған кенішінің өндіріс қаһармандарына сәттілік тілеп, өңірде 2016 жылдан бері кен игеріп жатқан "Жыланды" кенішінің Сарыоба шахтасына жол тарттық...

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
