Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақмыс" қолдауымен Жамбылдағы шалғайда тұратын 21 ерекше бала оңалту орталығында ем алды

Жамбыл облыстық оңалту орталығында Шу ауданынан келген 21 жасөспірім тегін ем алып шықты. Бірлік, Бірлікүстем, Төле Би, Қонаев, Көкқайнар және Шу қаласынан келген балалардың ем-домына "Қазақмыс" корпорациясы демеушілік көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

қазақмыс

10 күн бойы ем қабылдаған балалар орталыққа ата-аналарымен бірге келді. Пациенттердің ең кішісі 7 айлық нәресте болса, үлкені 18 жаста. Оларға 6 мезгіл тамақ пен арнайы жатын орын қарастырылған. Ерекше балаларға осы уақыт аралығында 14 түрлі медициналық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, сауықтыру, оңалту, мүгедектер жүйесінің жоғалған функцияларын өтеу, қимыл қозғалысының жақсаруына бейімдеу деген секілді. 

қазақмыс

"Қызым Аружан туа біте сал ауруына шалдыққан. Қазір жасы 12-де. Басында бұл орталыққа келуге аса ниетім болмады. Дегенмен осындай мүмкіндікті пайдаланып, қызымның денсаулығы үшін келгенім жөн болар дедім. Алғашқы күннен бастап мұндағы медицина мамандарының көрсеткен қызметіне қарап дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті. Дәрігерлер мен "Қазақмыс" компаниясына алғысым шексіз. Бүлдіршіндерге қолдарынан келгенше ем шараларын жасады. Үй жағдайында бұл ем-домдардың бірін де алмас па едік", – дейді Шу қаласының тұрғыны Венера Әбденова. 

қазақмыс

Жамбыл облыстық оңалту орталығында 270 төсек орны бар. Қазір 164 адам емделуде. Оның 50-і балалар. Мекеме "Қазақмыстың" қаржылай қолдауымен келген ерекше балалар мен ата-аналардың шалғайда тұратынын ескере отырып, екі күндік экскурсия да ұйымдастырған. Пациенттер "Айша бибі", "Қарахан" кесенелері мен "Тектұрмас" этно-тарихи кешенін тамашалады.

"Маған бәрінен ұнағаны – немере қызыма жасалған күнделікті массаж. Денесі мен буындарына берер пайдасы көп. Кәсіби мамандарға қарап жүріп өзім де аздап үйреніп қалдым. Ауылға барған соң немереме бұл жаттығуларды үй жағдайында жасап көрмекпін. Айтпақшы, ем алуға келіп, қыдырып та үлгердік. Облыс орталығына көп келе бермеген соң, біз бармаған біраз көрікті жерлер бар екен. Осындай мүмкіндіктер үшін көп рақмет" – дейді Қонаев ауылының тұрғыны Жаннат Асланова.

Дәрігерлердің айтуынша, Шу ауданынан келген 21 баланың 70%-ы бүгінге дейін бірде-бір оңалту орталығына қаралмаған. Ақ халаттылар олардың ата-аналарына мекемедегі мүмкіндіктер мен пайдасы туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. 

"Ерекше балалар міндетті түрде оңалту орталығына жүгінуі керек. Нәтиже болатыны сөзсіз. Медициналық көмекті айтпағанда, мамандар жасөспірімдерге сөйлеу процесін құрып береді. Психологтар қоғамда тез қалыптасуына әсерін тигізеді. Бала өсіп, айналаны зерттей бастағанда жүргізілетін моторикалық дағдының маңызы зор. Яғни қолдарымен дұрыс жұмыс істей алмайтындарға арнайы жаттығулар жасалады", – дейді бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Рустамқызы. 

Бүгін 21 бала мен 20 ата-ана облыс орталығынан Шу ауданына жолға шықты. Қаржылай қолдау көрсеткен "Қазақмыс" корпорациясы бұл жабаны алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Талқылау