Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақмыс" қолдауымен Жамбыл облысында шалғайда тұратын 21 ерекше бала оңалту орталығына орналастырылды

Жамбыл облыстық оңалту орталығына Шу ауданының 5 ауылынан келген 21 жасөспірім орналастырылды. "Қазақмыс" корпорациясының қолдауымен Бірлік, Бірлікүстем, Төле Би, Қонаев, Көкқайнар елді мекенінінің балалары алдағы 10 күн бойы тегін ем алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 


Орталыққа жеткіншектер аналарымен бірге келді. Ерекше балаларға 14 түрлі қызмет көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, сауықтыру, қалпына келтіру, мүгедектер жүйесінің жоғалған функцияларын өтеу, қимыл қозғалысының жақсаруына бейімдеу деген секілді. Бұдан бөлек, массаж, логопед және психолог мамандар да көмек көрсетуде. 

"Біздің орталыққа жүгінген балалардың басым бөлігі туа бітті науқас. Сондықтан алғашқы тексеріс кезінде әрқайсысына диагноз қойылып, кесте бекітеміз. Мәселен, ем алушы қолына қасықты дұрыс ұстап, өз бетімен тамақтана алмауы мүмкін. Біздің жүргізген еміміздің нәтижесінде пациент қолын еркін қимылдататындай мүмкіндік алады. Осы секілді әр баланың бастапқыдағы және кейінгі жағдайын назарда ұстаймыз", – дейді бас дәрігер Динара Кәрібаева. 

Орталықта жыл басынан бері бүгінге дейін 566 бала ем алып үлгерген. Олардың дені портал арқылы тіркеліп, тегін қаралғандар. Ал ақылы қаралса, қызмет көрсету бағасы бір балаға 13 мың теңге, дейді бас дәрігер. Ал Шу ауданынан келген жеткіншектердің ем-домының барлығын "Қазақмыс" компаниясы өтеді. Сондықтан порталдың көмегінсіз, кезек күтпей қаралып отыр. 

"Күнделікті ем алып жүрген жасөспірімдерді жалықтырып алмас үшін бізде түрлі іс шаралар өтеді. Ойындар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар қойылады. Бұл баланың айналасына деген көзқарасын өзгертіп қана қоймай, өзгелермен тез тіл табысуға да септігін тигізеді", – дейді бас дәрігер Динара Кәрібаева.

Айта кетсек, мекеме алғаш 1996 жылы "Ана мен баланы аялау" орталығы болып бой көтерді. Жүкті әйелдер мен 6 жасқа дейінгі балаларға, шалғай ауылдар мен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан жасөспірімдерге оңалту көмегін көрсету үшін ашылды.

2022 жылдан бастап "Жамбыл облыстық оңалту орталығы" болып өзгеріп, ересектерді де қабылдай бастады. Балалар үшін "Неврология және нейрохирургия", "Травматология және ортопедия", "Кардиология және кардиохирургия", ересектер үшін "Постковидті пульмонология" бойынша көмек көрсетіліп келеді. 270 төсек орны болса, оның 90-ы балаларға арналған. 

Талқылау