Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халықаралық кинология федерациясы қазақы тазыға қатысты шешім шығарды

Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны иттердің ресми тізіміне қосу жөнінде шешім қабылдап, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

"Бүгін – сіздердің елдеріңіз үшін де, біз үшін де тарихи күн. FCI Стандарттау жөніндегі комиссиясы мен FCI Ғылыми комиссиясы ұзақ рәсімдерден кейін Бас комитетке осы тұқымды тіркеуді ұсынды. Құттықтаймын! Алдағы уақытта сіздерді 10 жылға созылатын жұмыс күтіп тұр. Осы уақытта иттердің денсаулығына көптеген тестілер жасалып, жаңадан туған тазы күшіктерінің статистикасы жүргізіледі. Бұл деректер FCI Ғылыми комиссиясы үшін қажет. Иттердің денсаулығы мен жай-күйі қазір өте маңызды мәселелердің бірі. FCI Қазақстандағы тазы тұқымының жүйелі дамуын бақылап отырады", – деді FCI президенті Тамаш Яккель.

Қазақстанда биыл мамырда Астанада "Қазақы тазы" ит тұқымын ресми тануға арналған халықаралық көрме өтті. Қазақстан кинологтар одағы көрмеге қатысу үшін әртүрлі жастағы, санаттағы және түрлі-түсті 100 итті таңдады.

Қазақстандық ит тұқымдарын тану үшін FCI-дың міндетті талаптарына иттерді зерттеу, олардың шыққан елінде тұқымның жай-күйі мен даму болашағын зерделеу кіреді.



Еске салайық, бұған дейін Франция президенті Астанадағы көрмені аралау барысында тазыларды ұнатып қалған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев француз әріптесіне бес айлық тазы күшіктерін сыйлаған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 04 Қыркүйек, 2024 09:12
Талқылау