"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы 2022 жылы негізгі басқарушы қызметкерлеріне 70 миллионнан аса сыйақы берген
"Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы 2022 жылғы қаржы есебіне сәйкес негізгі басқарушы қызметкерлеріне 70 миллионнан аса сыйақы тағайындаған. Сыйақы мөлшері 2021 жылмен салыстырғанда үштен бірге, яғни 33%-ға өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған дерек "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының 2022 жылғы қаржы есебінде көрсетілген.
"Негізгі басқарушы қызметкерлердің сыйақысына жалақы мен төменде бекітілген сыйақылар кіреді. Сыйақы көлемі 2021 жылы 54 миллион 941 мың теңге, 2022 жылы 70 миллион 845 мың теңгені құрады. Негізгі басқарушы қызметкерлер 31 желтоқсан 2021 жыл мен 31 желтоқсан 2022 жылғы дерек бойынша 4 адамнан тұрады", - делінген "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясының есебінде.
Фото: "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясының 2022 жылғы есебінен алынды
"Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясының негізгі басқарушы қызметкерлері (2021-2022 жж. төрт адам):
- Аманбаев Талғат Жолдымұратұлы – "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы" АҚ Басқарма төрағасы;
- Сәдуақасов Қайрат Серікұлы – "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі;
- Даниел Сержанұлы – Басқарушы директор, Басқарма мүшесі.
Айта кетейік, Жоғары аудиторлық палата Қазақстан туризмін ілгерілету үшін "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясына бөлінген бюджет қаражатын игеру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды. Нәтижесінде компания жұмысында кемшіліктер орын алып, 1, 5 миллиард теңгені құрайтын заң бұзушылық анықталды.
Аталған заңбұзушылық төмендегідей:
- 919,4 миллион теңге сомасында активтерді тиімсіз пайдалану;
- 546,9 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау;
- 76,7 миллион теңге қызметтердің құнын асыра бағалау;
- 11,3 миллион теңге орындалмаған жұмыстардың, қызметтердің көлемі;
- 4,3 миллион теңге негізсіз төленген жалақы.