Қазақ жігіті Ұлыбританияға шақырту алды
Ақсайлық Берік Қасымжанов жуырда Ұлыбритания астанасы Лондонда «First model management» агенттігімен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Берік модель ретінде қазірдің өзінде каталогтар мен журналдар үшін бірнеше суретке түсіп үлгерді. «Мұндай түсірілімдер үшін кейде күніне 6-7 рет кастингтен өтуге тура келеді. Бұл жұмыс сонысымен қиын да қызықты», дейді ол.
Шыны керек, Берік Қасымжанов о баста модель боламын деп ойлаған жоқ. Бәрі 2012 жылы Сингапурда «Elite Model Look» ұлттық байқауына қатысудан басталды.
Ақсайдағы мектепті 2010 жылы бітіргеннен кейін Берік университетке «Аударма ісі» мамандығы бойынша оқуға түсті. Бірінші курстан кейін көптеген тұрғыластары секілді Америкада «Work and Travel» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап көруге бекінді. Келесі жылы «Education First» бағдарламасы бойынша Америкаға оралғысы келген, бірақ визалық мәселелерге байланысты жол түскен жоқ. Барлық шығындар төленіп қойғаннан кейін тіл үйрету мектебі Сингапурды ұсынды. Дәл сол кезде «Elite Model Look» байқауына іріктеу басталып жатты. Мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген Берік бірінші орынға ие болып, жергілікті сән агенттігімен келісімге қол қойды. Кейін елге оралып, университет дипломын алғаннан кейін ол портфолио мәселесімен түбегейлі айналысты.
Ақсайлық жігітті Алматы, Астана, Сингапур, Шанхай, Гонконг, Милан, Лондон қалаларының фотографтары сан қырынан суретке түсіріп үлгерді. Мысалы, ол 2017 жылы көктемде Алматыда Mercedes-Benz сән апталығы аясында белгілі дизайнер Леонид Жеребцовтың коллекциялық көрмесіне, ал жазда Миланда сондай шара барысында «Malibu.1992» бренді киімдерінің көрсетіліміне қатысты. Беріктің қатысуымен Style Story суреттері MMSCENE (Male Model Scene) интернет журналында жарияланды.
«Әрине, сән бизнесінде бәсекелестік өте жоғары. Онда ешкім сені аямайды. Нақты табысқа қол жеткізу үшін табандылық, сондай-ақ отбасы тарапынан қолдау керек. Мені ата-анам мен бауырым Альфияның қолдауы әрдайым жігерлендіріп, жеңістерге жетелеп келеді», деді Берік Қасымжанов.