"Қазақ жігіті қараған жоқ": Африкалық азаматқа тұрмысқа шыққан атыраулық қыз жан сырын ақтарды
Африкалық жігітке тұрмысқа шыққан Зайда Онуоро басынан өткен қиындығын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Блогер Qazaq Airan Youtube арнасына берген сұхбатында мұндай өзгеріске ата-анасы қалай қарағанын айтты.
"Күйеуге шығатынымды естіген кезде анам “жұрт не дейді?” деді. Мен жұртқа тұрмысқа шығайын деп жатқан жоқпын. Менің өзімнің өмірім, өзімнің бақытым. Сондықтан өзім шешемін дедім. Анам келісті. Маған үйленуге ұсыныс жасағаннан кейін әкем туыстарымызды жинап, “Қызым Африкаға кетейін деп жатыр, бірақ біз ештеңе демейміз. Бақытын сол жақтан тапты, осымен тақырып жабылды” деді. Содан кейін туыстардың арасынан ешкім ештеңе деген жоқ”, – деп бастады әңгімесін блогер.
Сондай-ақ тұрмысқа шыққан кезде қатты буллингке ұшырағанын жасырмады. Тіпті “өлтіріп кетеміз” деп қорқытқандар да болған.
“Бірақ бастапқыда көшеде айқайлап кететіндер, боқауыз сөз айтатындар, шошқа, қазақ қараған жоқ, саптама етіктің астына алу керек, өлтіру керек, аттың құйрығына байлап сүйреу керек, баласын құдыққа тастау керек дегендер көп болды. Біреулер көпке дейін “біз жиналып жатырмыз, барамыз, айырып кетеміз” деп жазып жүрді. Осындай дүниелерді көбіне ер адамдар жазды. Әйелдер “алқаш болса да қазақ болсын, таяқ жесем, өз қазағымнан таяқ жейін, қазақ табылмады ма”, “Қазақ жігіті қарамағасын шетелге тиіп жатыр” деп жазатын", — дейді Зайда Онуоро.