Қазақ жігіті: Бастапқыда құмар ойынға тек қызығушылық болды, кейін тәуелді болып қалдым
Құмарпаздардың жағдайын біліп, құмар ойын отауының тыныс-тіршілігімен танысу үшін қаптаған букмекерлік кеңселердің бірнешеуіне бас сұқтық. Біз куә болған жағдайлардың бәрі бір-біріне ұқсас.
Үлкен экран, бәс тігуге арналған орын, адам толы үстел, ара-тұра қуанған, кейде кіжінген дауыстар. Құмар ойын отауының тұрақты «меймандарын» әңгімеге тартып көргенбіз. Көбі журналист екенімізді білген соң, емен-жарқын сөйлесуден бас тартады. Әйтсе де, сырымен бөліскендер де табылды. Олардың айтуынша, мұнда келетіндердің көбі тұрақты «қонақтар» екен. Арасында күндіз-түні букмекерлік кеңседен шықпайтындар да табылатын көрінеді. Анда-санда бәсте ұтып шықса да, шығыны аз емес екенін жасырмайды.
Бәрі бастапқыда қызық үшін бастап, кейін құмарлық ойынға салынып кеткен. Әйтсе де, көбінің айтатыны біреу: «Әлі бәс тігіп көрмегендер болса, бұған жоламағаны дұрыс». Біз барған бәс кеңсесінің тұрақты келушісі Алматтың айтуынша, мұндағылар «қадалып» қалған сәтін жиі айта бермейді. Әйтсе де, тіккен 100 бәсінің біреуінен ұтыс шықса, оны жыл бойы жырлауға бейіл. Өзін Әлішер (есімі өзгертілді) деп таныстырған жігіттің бастапқыда тіккен бәсі әрдайым ұтысты болып жүрген екен. Алғашында қызық үшін басталған ойын кейінірек құмарлыққа айналып кеткен. Алайда кейінірек көп мөлшерде ақша тігіп, ұтылып қалыпты. Содан бері осында жүр. Әлішер білдей бір мекеменің қызметкері. Жұмыстан шыға сала осы кеңсеге жүгіреді. Қазақстан букмекерлер және тотализаторлар ұйымының құрамына 27 букмекерлік кеңсе тіркелген екен.
Ал Спорт және денешынықтыру істері комитетінің мәліметі бойынша, букмекерлік кеңсе ашуға 55 рұқсатнама берілген. Алайда соның 17-сі ғана жұмыс істеп жатыр. Жалпы, «Ойын бизнесі туралы» заңның 9-бабына сәйкес, букмекерлік кеңселерге лицензия 10 жылға беріледі. Соңғы деректер бойынша елімізде бұл бизнес саласында шамамен 30 миллиард теңге айналымда жүрген көрінеді. Әйтсе де, нақты соманы дөп басып айту қиын. Өйткені, табысын жасырып қалатындар да болуы мүмкін. Негізі букмекерлік кеңсе қызметіне біздің елде рұқсат етілген. Оны ашу үшін керекті құжаттарды жинап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсыру керек.
Лицензия алу құны ‒ 640 айлық есептік көрсеткішке тең (1452160 теңге). Сондай-ақ, букмекерлік кеңселерде 40 000 АЕК көлемінде, тотализаторларда 10 000 АЕК мөлшерінде міндетті қор болуы тиіс. Ал ай сайынғы салық мөлшері букмекерлік кеңселердің кассалары үшін ‒ 150 АЕК, солардың электронды кассасына ‒ 2000 АЕК-қа тең. Екі жыл бұрын осы ойын бизнесіне байланысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген-ді. Сонда міндетті қор көлемі мен салық мөлшері ұлғайған-тұғын. Сондай-ақ, букмекерлік кеңселердің орналасуына қатысты да пункт бар. Атап айтар болсақ, 11-баптың 3-тармағында былай делінген: «Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын емес үй-жайларда орналастырылуға тиіс. Оларды тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) тұрғын емес үй-жайларында, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат үйлерінде (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңы қатынастарындағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің стансалары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады». Жалпы, бәс тігу әлем бойынша да кең көлемде жайылған.
«Sportradar» деректер жинау орталығының директоры Даррен Смол «BBC» арнасына берген сұхбатында заңды және заңсыз кеңселерді қосқанда, букмекерлік нарықтың құны 700 миллиард доллардан 1 триллион долларға дейінгі аралықта болуы мүмкін екенін айтады. Ал «The Guardian» газетінің мәліметіне сүйенсек, бәске ақша тігетіндердің 82 пайызы ұтылып қалатын көрінеді. Аталған басылым букмекерлік кеңселердің әрдайым табысты болуының бірнеше себебін көрсетеді. Біріншіден, болашақты болжау қиын. Тіпті кәсіби мамандар да өз саласының келешегін нақты айта алмайды. Екіншіден, бәс тігу жүйесі құмарпаз үшін қолайсыз жасалған. Яғни, бәс тігушінің ұтылу ықтималдығы өте жоғары. Асыл дініміз Ислам да бәс тігуді құптаған емес.
Тіпті құмар ойынды харам деп санайтынын мүйізі қарағайдай дін мамандары талмастан айтып келеді. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», – деген. Мұнан мынаны түсінуге болады: кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса, оның садақа беруі – міндет. Демек, ол күнәсінен садақа беріп қана құтыла алады.
Букмекерлік кеңселер елде заңды жұмыс істеп тұрса да, оған шырмалып, басы бәлеге қалғандар жиі кездеседі. Бүкіл тапқанын құмар ойынға салып, отбасынан ажырап қалғандар туралы баспасөз беттерінен аракідік оқып қаламыз. Мұны өз рақаты үшін ақы төлеу деп ақтап алуға болар. Әйтсе де, барын осыған тігіп, өзі ғана емес, айналасындағы туыстарына да зиянын тигізіп жүргендердің кездесетінін ескерсек, бәс тігу мәселесі ойлантпай қоймайтыны анық. Өкінішке қарай, айтылған ескертулер мен құмар ойынға шырмалғандардың көптігіне қарамастан, букмекерлік кеңселер қалалардағы халық көп жүретін жерлерде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп барады.
Абай Асангелдіұлы, «Егемен Қазақстан»
Тағы да оқыңыз:
Белгілі ақын Жаратқанға күмән келтіріп, ел алдында ішімдік ішкен Әшімовті сынап тастады
Бішкек халқына кітабын таныстырған Баян сахнада асыр салып биледі (видео)