Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мекеме жұмысқа аларда негізгі талапты "Грамотная русская речь" деп көрсеткен: Қазақстанда мемлекеттік тілді кімдер және не үшін мойындамай жүр?

Осыдан бірер ай бұрын "Технодом Оператор" мекемесі "Ведущий YouTube канала" деген атаумен маман іздейтіндерін жариялаған, онда үміткерге қойылатын талаптардың ішінде "Грамотная русская речь" деп көрсеткен. Қазақстандық тұтынушы Қуаныш Әділханұлы аталған мекеменің үстінен қазақ тілінде қызмет көрсетпейді және қызметінде мемлекеттік тілді қолданбайтынын алға тартып, шағымданған. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі "Технодом Оператор" ұйымының мәселе қатысты жауабын білді. Тіл саясаты комитетіне сауал жолдап, қоғамның қазақ тіліне деген позициясы, жұмысқа орналасу кезінде мемлекеттік тілге деген сұраныс жайлы белсенділердің пікірін сұрады.

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасы Конституциясының (1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған) 7-бабында "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп көрсетілген.

"Тіл туралы заңның 4-бабына сәйкес, «мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» болып табылады.

Бұған қоса «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 1) тармағына сәйкес сатушы тауар туралы, сондай-ақ сатушы туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беруге және 12) тармағына сәйкес осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті делінген", - делінді Тіл саясаты комитетінің ресми жауабында.

Сонымен қатар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР заңының 16-бабы 14-тармағы бойынша «интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсының басқа тілдердегі нұсқалары да болуы мүмкін» делінген.

"Меншік нысанына қарамастан ұйымдардың қандай да бір тілге басымдық беруі қолданыстағы заңнамаларға қайшы келеді" - дейді комитетте. 

"Технодом Оператор" мекемесі өз кезегінде редакциямыздың ресми сұратымына жауап беріп, орыс тіліне басымдық беру себебін, қазақ тілді маманның бар болуымен түсіндірді. 

"YouTube каналының жүргізушісі" бос жұмыс орны жайында, Компанияда YouTube каналының қазақ тіліндегі жүргізушісі бар болғандықтан жүргізушінің орыс тілін сауатты білуі тиіс екені ерекше белгіленген. Компанияның YouTube каналында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында бейнероликтердің мемлекеттік тілде де, сондай-ақ орыс тілінде де жарияланатыны туралы қосымша хабарлаймыз, - делінді мекеменің ресми жауабында. 


Сондай-ақ, мекеме мемлекеттік тілде қызмет берілмейтіндігі жайлы шағымды жоққа шығарды. 

"Дүкендерде тұтынушыларға арналған ақпарат қазақ тілінде де, орыс тілінде де беріледі, сондай-ақ, біз тауар, қызметтер және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген басқа да талаптар туралы ақпаратты орналастыруға қатысты талапты толық орындаймыз. Біздің Компанияның колл орталықтарындағы қызметкерлер, сондай-ақ әр дүкенде ақпаратты орыс тілінде де, сондай-ақ қазақ тілінде де беретін сатушы-консультанттар жұмыс істейді", - дейді "Технодом Оператор" мекемесінің Бөлшек сауда жөніндегі директоры А. Судариков.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай ең басты нәрсе – санадағы сілкініс екенін айтады.                     

"Қазіргі таңда қазақ тілі жұмысқа тұру кезінде соншалықты өзекті болмай тұр немесе қазақ тілін қолдану өзекті емес – дегендей пікірдің қоғамда өріс алып тұрғаны анық. Қазақстанда қазақ тілінің қолданыстағы жағдайының төмендігі қазір әлемге аян болды десек те қате болмас. Бұл дерек тек көрші елдердің ақпарат беттерінде ғана емес, америкалық ғалымдардың берген сұхбаттарында да сан рет жазылып, айтылып жүр, өкініштісі де осы. Яки өз ішімізде шешілетін мемлекеттік тіл мәселесіндегі олқылықтарды қазір біз әлемге жариялап, сүйіншілеп жүрміз", - дейді филолог.

Маман елімізде қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны әлдеқайда көп екені дау туғызбайды, дейді.

"Қазақ тілін ғана біліп, шетелдік фирмаларға немесе дипломатиялық қызметке бара алмауыңыз бек мүмкін. Бірақ қазақ тілін біліп, кез келген қызметке орналасу – жеке адамның өзінің қарым-қабілетіне байланысты екенін жоққа шығаруға болмайды", - дейді ол. 

Анар Салқынбай мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Конституцияға жүгіну керек дейді.

"Мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі туралы ҚР Конституцияның 7-бабы мен Тіл туралы заң толығымен жүзеге асып жатыр ма деген заңды сұрақ қойғымыз келеді. Ол үшін Заңдағы мәтінге назар аударалық:   

7-бап

1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. 

Байқап отырғанымыздай, 1-тармақта қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екені анық жазылған. Яғни еліміздің барлық жүйесінде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қолданысқа ие болуы тиіс деген сөз. 

2-тармақта мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны нақты жазылған. Осы тармаққа ерекше мән беріп, мағынасын анықтау қажет сияқты: 

1) Конституция бойынша орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей қолданылатын ресми тіл мәртебесі беріліп тұрған жоқ; 
2) Орыс тілі ресми түрде тек «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында» тең қолданылатыны аталып көрсетілген. 
3) Демек, мемлекеттік емес ұйымдардың барлығында мемлекеттік тіл қарым-қатынас тілі болуы қажет.

Көріп отырғанымыздай, даулы мәселенің негізгі себебі болып жүрген орыс тілі мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылуы тек қана мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ғана қатысты болса, мемлекеттік емес ұйымдар бұл тармақты неге негізге алады деген заңды сұрақ туындайды. Сонымен қоса Конституцияның 4-бабының 2-тармағында конституцияның ең жоғары заңды күші бар екені және оның Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылатыны туралы айтылған. Яғни, Конституцияға сәйкес Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан басқа қоғамдық  қарым-қатынастың барлығы тек мемлекеттік тілде жүруі тиіс болады", - дейді ол. 

Кез келген мекемеге талап қоюға болады

Конституцияның осы бабы бойынша кез келген мекемеге талап қоюға болады, дейді Анар Салқынбай.

"Біз, жеке тұлға ретінде өзіміздің құқығымызды барлық уақытта орынды талап ете алмайтынымыз бар. Мұны мойындайық. Әр азамат өз құқығының бұзылмауы үшін заңды нақты білуі тиіс. Бүгінгі таңда аталған талапты бұзушылардың басым көпшілігі осы мемлекеттік емес ұйымдарда орын алып жатады. Қазақстанда мемлекеттік емес ұйымдарда орыс тілін мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданысқа енгізу бойынша қандай да тілдік қатынасты реттеуге бағытталған кейбір құқықтық актілер бар болса, олар Конституцияға қайшы келеді. Қазақстандағы кез келген заңнамалық құжат Конституцияға негізделіп шығарылуы тиіс, қарама-қайшы келетін заңнама немесе құқықтық актілер болса, олар заңсыз болады", - дейді филолог. 



Қазақтың танымал қоғам қайраткері, қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген белсенді Асылы Осман  қазақ тілін өзінің тұғырына қондыру үшін талап, сұраныс болу керек, қажеттілікті арттыру маңызды, оған мемлекеттік тұрғыда ерекше көңіл бөлінуі тиіс, дейді. 

"Мемлекеттің тілі осы жерден басқа жерде қолданылмайды. Сондықтан соған басымдық беру керек. Басшыда да, қосшыда да адал ниет, ықылас, бұл менің елім, жерім деген ықылас пен сүйіспеншілік, патриоттық сезім болуы қажет. 

Қазақтың тілі Қазақстаннан басқа еш жерде қолданылмайды деп айтып келе жатқаныма 33 жыл болды. Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды. Ана тіл деген - жалпы ұғым, мемлекеттік тіл деген - жалқы ұғым. Мемлекеттік тілді білу - Қазақстанның жерін басып жүрген әрбір адамға міндетті, азаматтық борышы", - дейді ол. 

Тілді меңгеру аз, оны жан-дүниеңмен қабылдау керек, қабылдау да аз, сол елдің заңын орындау керек, сонда ғана Қазақстанның толыққанды азаматы болады, дейді Асылы Осман. 

" I Петр француз тілі басым болып кеткенде, әркімге өзінің тілінде сөйле деп тапсырма берген. Менің елім неге өз елінде талап қоя алмайды? Мемлекеттің тілі бәріне ортақ, қазақтың тілі. Өйткені қазақ - топарақтың иесі, киесі. Мемлекет құрушы болғандықтан осы ұлттың тілі - мемлекеттік тіл болып отыр. 

Қазақ тілі заң жүзінде бірінші орында тұрғанымен, негізінде ондай емес. Неге біз Тілдер заңы дейміз, неге Тіл заңы демейміз? Қазақстанда басым бір ғана тіл болу керек. 

Ахмет Байтұрсыновтың "Байтақ жер де, бай тіл де - қазақтікі" деген сөзі бар. Ұлтты ұлт етіп көрсететін тілі. Болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келетін адам қазақ тілін меңгереді, қазақты сыйлайды, қадірлейді. Мемлекеттік тіл деген терминді енгізген мен едім. Мемлекеттік тілдің өзіне арналған заң болуы Тіл заңы болуы керек", - дейді ол.

 

Бұл мәселенің геосаяси астары бар ма?

Қоғам белсендісі, блогер Айна Досмахамбетқызы қазақ тілінің өз деңгейінде болмауының екі себебі бар екенін айтады. 

"Ең бастысы - мемлекеттің саясаты қазақ тілінің мәртебесін көтеруді көздемейді. Тәуелсіздік алғанымызға қарамастан, бізде Ресейге жалтақтау әлі бар, ал орыс тілінің мәртебесі жоғары болып отыр. Меніңше, бұл жерде екі ел арасында шиеленіс туып кетпеуі үшін жасалған геосаяси астар болуы мүмкін. Билікте жүрмеген соң нақты айту қиын. Бірден қазақ тіліне көшіп кету қауіпті шығар. Сондай-ақ, еліміз Ресейдің алдында қарызы бар сияқты әсер қалдырады, тіпті манипуляциялық құрал бардай көрінеді", - дейді ол. 

Блогер бүкіл халық қазақша сөйлейтіндей жағдай жасалмайды дегенге сенбейтінін айтады.

"Мысалы, КСРО-ның құрамында болған мемлекет Өзбекстанға барсаңыз, ол жақта барлығы өзбекше сөйлейді. Қазақстаннан басқа елдер мемлекеттік тілінің мәртебесін көтере алды. Себебі биліктің саясаты сондай. Бізде кез келген мемлекеттік отырыстарды қарасаңыз, орыс тілінде өткізіледі. Мәселен, жақында депутаттық ант қабылдағандардың қазақша ежіктеп сөйлеген видеолары желіні шулатып жатыр. Олар қалай депутаттыққа өтіп, халыққа қызмет етеді?", - дейді ол.

 

Мемлекеттің қазақ тілінде сөйлеу керек деген талабы - көзбояушылық

Айтуынша, мемлекет тарапынан қазақ тілінде сөйлеу керек деген талап - көзбояушылық.

"Ант деңгейінде әрең сөйлеп тұрған адам қазақ тілінен емтиханды өте алмайды. Ал менің білуімше, мемлекеттік органда жұмыс істеу үшін адам қазақ тілінен емтихан тапсыруы қажет. 

Менің шағымым мемлекеттің саясатына қатысты. Ол қазақ тілін білмейсің ба - ештеңе етпейді деген көзқараста. Қазақ тілінен емтиханның да бағасын қойып береміз дейді. Кез келген банкке барсаңыз барлық жерде екі тілде жазылып тұрады: ағылшынша, орысша. Ешқандай жаза жоқ. Халық өзі көріп жатыр, ал мемлекет тарапынан қозғалыс жоқ, талаптар өтірік қойылады. Талаптар орындалмаса "ештеңе етпейді" дегенмен қалып тұр. Бұл барлық  салада көрініс тауып отыр", - дейді Айна Досмахамбетқызы. 

Оның пікірінше, қазақ тілі мәртебесінің өспеуінің тағы бір себебі - қазақ тілді сапалы контенттің аздығында.

"Екінші себеп - қазақ тілінде дені дұрыс ақпараттың болмауы. Актуалды ақпараттардың барлығы не орыс, не ағылшын тілінде. Үлкен корпорацияларда ақпаратты орыс тіліне қарағанда ағылшын тілінде көбірек пайдаланады. Сондықтан жұмысқа тұрғанда орысша, ағылшынша білмесең, сол ақпаратты пайдалана алмайсың деген сөз. Мысалы, өз басым үлкен халықаралық компанияларда жұмыс істедім. Барлық ақпарат ағылшын тілінде болды. 

Демек, мемлекеттік саясат пен қазақ тіліндегі актуалды ақпараттың жоқ болуы негізгі себептер. Мемлекет тарапынан қатаң талап етілсе, ақпарат та аударылатын еді. Біз қаншалықты қоғам болып тырысып наразылығымызды білдіре аламыз. Халық болып өз құқық, тілімізді қорғасақ, мемлекет елемей қоймайды. Халықтың күші көп нәрсеге жетеді", - дейді ол.

Тілді насихаттау жолынан таймау керек

Қазақ тілінің жанашыры, мемлекеттік тіл үшін күресіп жүрген Руза Бейсенбайтегі бұл проблемалардың барлығына билік кінәлі деп есептейді. 

"Қазақ халқы өмір бойы дат айта алатын халық болған. Сол сияқты біз де билікке де дат айтып, тыныш отырмай, күндіз-түні айта беруіміз керек. Мемлекеттік тіл заңы қабылдансын. Тоқаевтан бастап барлығы қазақшаға көшсін. Халықтың 97 пайызы басшылардың айтқанымен, ал қалған 3 пайызы ғана өзінің ішкі түйсігімен өмір сүреді. Қоғам қашан қазақ тіліне бет бұрады, жұмыс берушілер де осыған көшеді. Егер атқарушы билік қазақ тіліне назар аудармаса, бизнес өкілдері, жұмыс берушілер тілге "түкіреді". Соған қарамастан, насихаттау жолынан таймау керек", - дейді ол. 

Айтуынша, ҚР-ның объектілерінде, ұйымдарда қазақ тілінде қызмет беруді талап ету керек.

"Шовинист, орыс тілділердің, қазақ тілін біле тұра жалтақтықтан не комплексі әсерінен қолданбайтын адамдардың құлағына қазақ тілінің республикада орны бар екені құя беру керек. 

Он бес жыл бойы тек екі тілдегі немесе қазақша хаттамаларға, қағаздарға ғана қол қоямын. Билік сервис орталықтарда, үлкен компанияларда мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ету керек", - дейді Руза Бейсенбайтегі.

Қазақ тілді азаматтар лайықты жұмыс таба алмай қиналса, не істеуі керек?

Филолог Анар Салқынбайдың айтуынша, жұмыс табуға қиналған қазақ тілді азаматтар өз елінің заңын нақты біліп, өзінің Қазақстан азаматы ретінде құқығын қорғауы керек.

"Өз елінде, өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлейтін әрбір азамат өзін жайлы сезіне алуы тиіс деп ойлаймын. Бізде мемлекеттік тілге қатысты әлі заң арқылы шешілуге тиіс негізгі мәселелер бар. Ол анық. Мұны әлеуметтік желіден де, ақпарат беттерінен де оқып-біліп отырмыз. Жаңа сайланған парламентке деген сенім бар. Ана тілінің мәселесін көтеріп жүрген азаматтар депутат болды. Алда үміт бар. 

Қазақ тілін ғана білгенімнен нан таба алмай жүрмін деуді айтуға намыстанар едім, өзім. Заңға жүгін, өзіңнің шамаң келер жұмысты қолға ал, - дейді маман.   

Айна Досмахамбетқызы азаматтардың жұмыс таба алуы қазақ тілінің рөліне байланысты емес екенін айтады. 

"Тіл үйрену керек. Мемлекеттің жағдай жасауы бұл - бір мәселе, ал азаматтың жұмысқа тұра алмауы басқа. Егер сен жұмысқа тұра алмасаң, проблема тілде емес шығар, егер дағды болмаса мәселе тек адамның өзінде. Дегенмен неше тіл білсең, бойыңда сонша тұлға бар", - дейді ол.  

Талқылау