"Қазақ тіліне қатысты сын жазсаңыз, өшіріп тастайды": Қазақстандықтар 2GIS қосымшасын ұлттық болмысымызға қауіп төндірді деп айыптады
Фото: iphones.ru
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар 2GIS-ті ұлттық мүддеге қарсы әрекет жасап отыр деп айыптады. Олар қосымшада мекемелерге қазақша мәзір жоқтығы үшін теріс баға қалдырса, пікірлер "орынсыз" деп жойылып жатыр деп ашуланды. Қолданушылар мұны цензура деп бағалап, қосымшаны өшіріп, балама навигациялық жүйе әзірлеу қажет екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық Еrekemaraluly 2GIS қосымшасы ұлттық болмысымызға үлкен қауіп төндіріп отыр деп есептейді. Оның айтуынша, соңғы жылдары халық қоғамдық орындар мен бизнес нысандарынан қазақ тілін талап етіп, қазақ тілі қолданылмаған мекемелерді бойкоттай бастаған. Осы қозғалыс күшейе бастаған кезде, 2GIS қолданушылар қалдырған ескертулер мен шағымдарды "орынсыз пікір" деп өшіретін болған.
"Мысалы, егер сіз "Бұл мейрамханада қазақ тілінде мәзір жоқ" деп пікір қалдырып, "1" деген баға қойсаңыз, ол пікіріңіз "орынсыз" деп өшіріледі. Сондықтан мен 2GIS қосымшасына бойкот жариялауды ұсынамын", – деп жазды Еrekemaraluly желідегі парақшасында.
Фото: Еrekemaraluly-ның желідегі парақшасынан скрин
Белгілі қаржы сарапшысы Айбар Олжай қазақ қоғамын Play Market немесе App Store платформаларында 2GIS қосымшасына бір жұлдыз қойып, оның рейтингін төмендетуге бағытталған науқан бастауға үндеді.
"Оның себебі, компания қазақ тілінің заңмен бекітілген тұтынушылық құқығы мәселесінде әдейі қасақана әрекеттерге баратыны байқалып жүр. Олар, керісінше, Қазақстанда жұмыс істегендіктен кафелерді жергілікті заң талаптарын сақтауға шақыруға тиіс еді. 2GIS-тен ондай жауапкершілік байқалмады. ", – деді Айбар Олжай.
Тағы бір пайдаланушының пікірінше, 2GIS қосымшасында мейрамханалар мен мекемелер рейтингін төмендету арқылы жасаған қарсылықтары нәтиже бермеген.
"2GIS-те рейтинг құлатқанның пайдасы аз боп шықты. Қойған рейтинг өшіріліп жатыр. Басқа жолын қарастыру керек. Бұдан сабақ аз боп жатыр. Не 2GIS-ті елден қуып шығу керек. Тек өзіміз навигатор шығару керек. Chatgpt-ден бұл сияқты навигатор шығаруға қанша ақша керек деп сұрасам "1 миллион доллар керек" деп жауап берді. Мейлі, 10 миллион доллар тұрса да шығару керекпіз деп ойлаймын. Стратегиялық нысандардың бәрін сандық форматта солтүстік көршілеріміздің алақанына салып беріп отырмыз", – деді қазақстандық.
Келесі қолданушы Janmaralka өзінің пікірінде 2GIS қосымшасына реніш білдірді. Ол қазақ тілін елемей отырған бір мекемеге теріс пікір жазбақ болғанын, алайда 2GIS бұл пікірді жариялатпай қойғанын айтады. Қыздың айтуынша, бұл әрекет – қазақ тілін қорғауға тырысқан азаматтардың үнін өшіру.
2GIS компаниясы неліктен мұндай өзгерістер енгізілгенін түсіндіріп берді. Олардың пікірінше, қосымшада компаниялар мен орындар туралы пікір қалдыру мүмкіндігі өшірілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Қолданушылар әлі де барған орындар мен мекемелерге, бұл жерде көрсетілетін қызметтер мен сервистерге қатысты әсерлерімен бөлісіп жатыр. Мысалы, бүгіннің өзінде Қазақстандағы 2GIS қосымшасын қолданушылар 10 мыңнан аса пікір қалдырған. Барған орындарға қатысты тәжірибесі сипатталған пікірлер басқа қолданушылардың компанияларды таңдауына септігін тигізеді, мұндай контенттің басты құндылығы да осы. Адамдарға тіл тигізетін, балағат сөздер бар, тұтынушылық тәжірибені растамайтын және сервис ережелерін бұзатын пікірлер модерация көмегімен өшіріледі. Егер сервис қандай да бір ұйымның немесе орынның карточкасындағы пікірлер күрт көбейгенін анықтаса, бұл жерге жаңа пікір қалдыру мүмкіндігіне уақытша шектеу қойылады", – деп жауап берді 2GIS компаниясы.
Сонымен қатар олар қызмет көрсету ережелерін бұзатын жазбалардың (контенттің) алдын алу үшін қажет шара деп атап өтті.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
