Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүдә, мағлұматтар, ерекшеліктері: Қазақша онлайн диктантта қазақстандықтар жиі жіберген қателер қандай болды

24 мамырда елімізде төртінші рет ұйымдастырылған онлайн-диктант өтті, оған 12 473 қазақстандық қатысты. Ал жалпы диктант сайтына бір тәулікте 45 898 адам кірген. Қатысушылардың 3676-сы 3, 4, 5 деген баға алды. Диктант нәтижесінде қатысушылар үшін ең қиын сөздер: ерекшеліктері, қанағаттандырмағаныңыздан, мағлұматтар, бұлай, жүдә деген сөздер болды. 

Қазақша онлайн диктант жазу кезінде қазақстандықтар жиі жіберетін бірқатар қателерге назар аударайық:

  • Жергілікті. Көп адам үшін осы сөзді дұрыс жазу қиындық келтірген. Кейбіреулері бұл сөзді жергиликті десе, енді бірі жергіліклікті депті.
  • Игі. “Игі еді” деген тіркесті жазуда да көпшілік қателескен. 
  • Қойшы. Бұл сөзді көбі ғойшы деп жазған. Себебі мұнда айтылу кезінде, мәтіндегі мысал: “Есікті жаба қойшы”, автоматты түрде “ғ” әріпі естіледі. Бұл кейінді ықпал, яғни кейінгі дыбыстың алдыңғысына әсер етуі салдарынан өзгеріп естіледі.
  • Ерекшеліктері деген сөзде де жиі қателесіп оны, ерекшеліктерігі, ерекшеліктергі деп жазған. 

“Көбіне сөйлемде тыныс белгілерді орнымен қоюды, сызықша мен дефисті ажыратуды, тырнақшаның сөйлем ішінде қай кезде белгіленетінін білмей, қателесті. Ықпалды ажырата алмай, қалай естіді, солай жазды. Сондай-ақ “ң”, “н” әріптерін ажырата алмайтындар көп екен. Мысалы, мәтіндегі “тұңғыш” деген сөзде көбі “н” әріпін жазған.

Қарым-қатынас деген сөздің дефиспен жазылатынын білмей қалғандар болды, ал мағлұматтар сөзін “ы” әріпімен мағлыматтар деп жазды”,– дейді Stan.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Назерке Мұса. 

Аталған сөздерде қате жіберуді шектеулі сөздік қормен, күнделікті тұрмыста мұндай сөздерді қоланбаумен түсіндіруге болады дейді ол. 

“Осы ретте қазақ тілінде сауатты оқып, жазу үшін кітап оқып, танымдық, ғылыми материалдарға көбірек мән берген дұрыс”, – деп қосты журналист.

Айта кетейік, диктант нәтижесі бойынша ұтыс жеңімпаздары кездейсоқ сандарды таңдау тәсілі арқылы іріктелді. 

Ұтыс ойнының тікелей эфирін Instagram парақшамыздан көре аласыз.

 

Диктанттың барлық қатысушысы бағасы көрсетілген және аты-жөні жазылған сертификатқа ие болды. Ал жазба жұмысын ең үздік жазып шыққан он адамға 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталады.

Талқылау