Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ тілін жетік меңгерген кәріс қыз сөздік құрастыратын маман іздейді

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде орналасқан Хангук шет тілдер университетінде қазақ тілі сабағы оқы­ты­­лады. Цой Ён Сон – аталған университеттің Орта Азия факультетінде білім алып, төрт жыл бойы қазақ тілін үйре­н­ген тіл маманы. Нұрай деген екінші қазақ есімі бар Ён Сон ал­дағы уақытта кәріс-қазақ сөздігін құрастыруға кө­мек­тесетін ма­мандарды іздейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Turkistan.kz-ке сілтеме жасап.

Хангук шет тілдер университетінде бірнше шет тілдері оқытылады. Ал Ён Сон солардың ішіненн қазақ тілін таңдаған. Бұған Қазақстан Оңтүстік Кореяға емделуге келетін балаларға көмектесу ниеті себеп болған.

"Қазақстандықтардың Оң­түс­тік Кореяға ем алу үшін жиі бара­ты­нын білетін боларсыз. Бір басы­лым­нан Сеулге келіп, ем алып жүрген, жүре­гі ауыратын қазақ баласының сұх­батын оқыдым. Емхана әкім­ші­лігі балаға дәрігерлермен сөйлесуге оңай болу үшін орысша сөйлейтін ау­дар­машының қызметін ұсынған. Он­дағылар қазақтардың барлығы орыс тілін жақсы біледі деп ойласа ке­рек. Алайда, әлгі бала Оңтүстік Қа­зақстан облысының тумасы бол­ған­дықтан, орысша жетік білмейді екен. Дәрігерлерге алғысын жет­кіз­ген ол тек тіл жағынан қи­налғанын, орыс­ша дұрыс түсінбегендіктен ай­на­ласымен емін-еркін сөйлесе ал­мағанын жеткізген. Сол сұхбатты оқы­ған соң, қазақ тілін меңгеріп, біз­ге ем-дом алуға келетін балаларға кө­мектесетін маман боламын деп шеш­тім. Оның үстіне, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ын­­­тымақтастықты нығайтуға үлес қос­қым келді. Кореяда қазақ тілін бі­летін бір маман керек қой деп ой­ладым. Мұнымен қоса, мектепте оқып жүргенде Кеңес Одағы тұ­сын­да кәрістердің Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға жер ауда­рыл­ғаны туралы көп оқығанмын, сөй­тіп, сол кезден бастап Қазақстан де­ген мемлекетті танып-білгім кел­ді. Сол себепті біздің универ­си­теттің оқытушылары үйрететін көп тілдің ішінен қазақ тілін таңдадым", - деді Нұрай.

Оның айтуынша, қазақ тілі Оңтүстік Кореядағы екі университетте ғана оқытылады. 

Ён Сон кәріс тілі мен қазақ ті­лінің грамматикасы ұқсатынын атап өтті.

"Кәріс тілі мен түркі тілі дүниежүзіндегі тіл­дер шоғырының ең үлкені – ал­тай тілдер тобына кіретінін білесіз. Сон­дықтан қазақ және кәріс тіл­дері­нің туыстық белгілері бар. Сол се­бептен де Кореяда тұратын қа­зақ­тар кәріс тілін тез меңгереді. Мен де қа­зақ тілін оңай меңгердім. Біз, кә­ріс­тер, ең алдымен қазақша әріптер мен сөздерді жатқа білсек болғаны, ал сөйлемді өзіміздің тілдік құры­лым­ға салып, құрастырамыз. Деген­мен, Оңтүстік Кореяда қазақ тілін­де­гі материалдар саны өте аз. Мұ­ны­мен қоса, біздің елде тұратын, қа­зақ тілді орта қалыптастыруға сеп­тігін тигізетін қазақтар аз. Жал­пы айтқанда, қазақ тілін үйренемін деп құлшынып тұрған адамға кө­мек­тесетін құралдар аз. Сол себепті мен секілді қазақ тілін меңгергісі ке­летін отандастарыма көмекші құ­рал ретінде кәріс-қазақ сөздігін құ­растырып шығарғым келеді. Қа­зір қазақ тілін оқып жатқан кә­ріс­тер жетерлік. Алайда, олардың тілді үй­рену барысында мен тап болған мә­селелерге кезігетінін біліп, сөздік құрастыру идеясын ортаға салдым. Сол сөздікті әзірлеп, қолданысқа бер­ген соң, тілді үйрену әлдеқайда оңай болады деп сенемін", - деді ол.

Кәріс қызы тіл меңгеру үшін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында біраз уақыт тұрған. Мемлекеттік тілді білгенімен Қазақстанда жүргенде біршама қиналыпты.

"Қазақстан – мен үшін шет мем­ле­кет. Оның үстіне, Оңтүстік Ко­рея­да Қазақстанмен байланысты ақ­­парат аз. Сол себепті жөнді мә­лі­м­ет білмейтін бөгде елде оқу, тұ­рып-жүру оңай емес екені белгілі. Бі­рін­шіден, тіл жағынан қиын­дық­тар туындады. Әсіресе, құжаттарды рет­теу барысында осы мәселеге тап бол­дым. Нотариуспен сөйлесу үшін орыс тілін білуің керек. Ал мен орыс­ша түсінемін, бірақ сөйлей ал­май­мын. Нотариусқа қазақша сөй­лесем, маған орыс тілінде жауап қай­тарады. Қазір такси шақыру қыз­меті түзелген болар, бірақ мен оқы­ғанда таксиге міну үшін жол­дың шетіне барып тұратынбыз" - деді ол. 

Нұрай тамақ мәзіріне байланысты та мәселеге тап болыпты. Тіпті қазақ тамақтарын жеймін деп аураханадан бір-ақ шығыпты

"Қазақтар етті көп жесе, ал бізде тамаққа көкөністерді көп қосады. Әлбетте мен татқан та­­­ғамдардың дәмі тіл үйіреді, әсіре­се бауырсақтың ерекше дәмі бар. Бірақ күн сайын осындай майлы та­мақ жей берген соң, бір күні ас­қа­заным ауырып, дәрігерге қарал­ғаным бар, бірақ кейіннен үйреніп кет­тім", - дейді ол.

Бойжеткен Алматымен са­лыс­тырғанда, Нұр-Сұлтанда тұру қиын­ға түскенін айтты.

"Астанада үнемі жел со­ғатындықтан, ғимараттың есігін аша алмай, қиналатын едім (күліп). Негізі, Қазақстанға жыл сайын баратынмын", - деді Ён Сон.

Ол кәріс пен қазақ ұлттарының өзара ұқсастықтары туралы да атап өтті.

"Біз де сіздер се­кілді жасы үлкен адамдарға ерекше құр­мет көрсетеміз. Ас ішетін кезде үстел басына үлкендер келмейінше, біз де тамақ ішпей күтіп отырамыз. Сіздер төр деп атайтын қастерлі орын бізде де бар. Біз де үлкендердің сөзін бөлмейміз, жолын кеспейміз. Біз де жер үстелге тамақтанамыз. Сіздер­де киіз үй болса, бізде де киіз үйге ұқсас ұлттық нақышта безен­дірілген үйлер бар. Сосын сіздерде тұрмысқа шыққан қыздың жүгін сандыққа салып апарады ғой, бізде де дәл солай. Бізде де сіздердегідей күйеу жігіттің туыстары қыздың ту­ған-туыстарымен алдын ала кез­десіп, ақылдасады. Жалпы, екі елдің арасында ұқсастық өте көп екенін байқап, таңғалдым", - дейді Ён Сон.

Сонымен қатар ол өзіне нелікті "Нұрай" есімін таңдағанын айтты.

"Курстың ба­сында ұстазымыз сабаққа қазақ­ша есімдер жа­зылған қағаздар алып келіп: "Мен қазір есімдерді оқып шы­ға­мын, қайсысы құлақтарыңыз­ға жағады, соны таңдап алыңдар" деді. Сол кезде "Нұрай" сөзін  ұна­тып, сол есімді таңдадым. Менің шын есі­­­мімді көпшілігі біледі, бірақ қа­­зақ тілін үйренгісі келетін шетел аза­­матының қазақша есімі болған дұ­­рыс деп ойлаймын. Қазір мені көп­­шілігі Нұрай деп атайды. Сеул­дегі Қазақстан елшілігінде жұмыс іс­­тейтіндер "Біздің Нұрайымыз" деп ай­тады", - дейді ол.

 Ён Сон қазір қазақ-кәріс сөздігін әзір­леп шығаруға көмектесетін ма­ман­дар іздеп жүр. Сөзінше, көмектескісі келетіндер көп, тек өз ісінің маманын таба алмай жүр.

"Ме­нің идеямды естіп, көмектесуге ниет танытқан адамдар көп. Өзіңіз бай­қағандай, әлеуметтік желідегі па­рақшама да күн сайын бірнеше адам көмектескісі келетінін айтып, пі­кір жазып кетеді. Дегенмен, қол ұшын созғысы келетіндердің басым көп­шілігі – жастар. Жазысқанда, сөй­лескенде олардың қазақ тілінде дұ­рыс сөйлемейтінін аңғардым. Ара­сында слэнг сөздер қосады, қа­зір сәнге айналған сөздерді көп қол­данады екен. Бірақ маған қазақ ті­лін ғылыми түрде үйрету бойын­ша тәжірибесі бар профессорлар мен тіл мамандары қажет. Ондай мықты мамандардың әлеуметтік желіні жиі қолданбайтыны белгілі, көп қолданса да маған бірінші бо­лып жазбайтыны түсінікті. Деген­мен, шетел азаматына қазақ тілін оңай түсіндіретін, сөздікті бір оқы­ған­нан-ақ, қазақша сөздерді бірден "сіңі­ріп" алатындай етіп құрасты­рып беретін маманды әлі іздестіріп ж­а­тыр­мын", - деді кәріс қыз.

 Ён Сон болашақта Қазақстан және Оңтүс­тік Корея арасындағы ынты­мақ­тастықты нығайтуға күш салмақ.

Айта кетейік, ол қазір өзі оқыған универ­ситетте ғылыми қыз­меткер болып жұмыс істейді. Жұмысы Орта Азия елдерімен байланысты. Одан бөлек Оңтүстік Ко­реяның сотында қазақ тіліндегі ау­дармашы қызметін атқарады. Сотталған Қазақстан азаматтарына көмектеседі.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр