"Шовинизммен күресудің жолын іздедім": Алматылық орыс жігіт қазақ тілін тегін үйрететін орталық ашқан
“Ұлттық рухани жаңғыру” ұлттық жобасының басты мақсаттарының бірі – мемлекеттік тілдің дамуына жағдай жасау. Осыған байланысты қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосып жүрген жастар да аз емес. Соның бірі 26 жастағы азамат Алексей Скалозубов Алматыда қазақ тілін тегін үйрететін орталық ашқан. Мемлекеттік тілді үйренемін деушілер күннен-күнге артып келеді деген ол бұл әрекетімен Қазақстандағы әрбір ұлт қазақ тілін сүйетіндігін көрсеткісі келгенін айтады. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ол қазақ тілін үйренуге деген қоғам көзқарасының қалай өзгергенін және тілді меңгерудегі тиімді әдістер жайлы айтты.
– Алексей, өзіңіз туралы айтып берсеңіз? Қазақ тілін тегін үйрету клубын ашу идеясы қалай келді?
– Өзім Ақмола облысының тумасымын. Жасым 26-да, Алматыға үш жыл бұрын көшіп келдім. Инженер мамандығын тәмамдадым, қазіргі уақытта құрылыс саласында саудамен айналысамын. Бос уақытымда “Батыл бол” қазақша тіл үйрену клубын жүргіземін. Ең алғаш Алматыға келген кездері қазақ тілін үйрететін ортаға барғым келді. Бірақ, бір өкініштісі, тегін клуб мүлде болған жоқ. Корей, ағылшын тілдерінде тегін курстар көп, алайда қазақ тілінде мұндай әңгімелесу клубтарының жоқ екеніне таңғалдым
Қоғамға қалай көмектесерімді, қолымнан не келетінін білмедім. Кейін желіге қазақ тілін тез үйрену туралы жазба жариялаған болатынмын. Сөйтіп, Facebook парақшамда 1000, Twitter желісінде 1000 адам жиналып, қолдау білдіріп жатты. Бұл мен үшін үлкен демеу болды, осыдан соң елге өз пайдамды іс жүзінде тигізуді бастап кеттім. Бүгінгі таңда клубқа келіп, қазақ тілін үйренемін деушілер саны күннен-күнге артуда. Бұл әрекетіммен өзге ұлттардың да Қазақстанды сүйетінін, тілін, салт-дәстүрін үйренгісі келетінін, олардың талпынысын көрсеткім келеді.
Тағы бір айта кететін жайт, Украинада соғыс басталған кезде бойымды үрей биледі. Сол сәтте шовинизммен күрес жолдарын іздей бастадым. Барлық ұлт өз алдында бір төбе. Біз соны түсініп, бір-бірімізге сыйластықпен қарай алуымыз керек. Одан бөлек елімізде қазақтардың барлығы дерлік орыс тілінде сөйлей алады, бірақ орыстар қазақ тілін білмейді. Тіпті қарапайым концертке барған кезде орысша әндерді барлығы қосылып айтып, қазақша әнге келгенде аздаған адам сыбырлап қалады. Сондай кезде көкейімде түрлі сұрақтар туындайды. Байланыс, түсіністік қалыптасу үшін қазақ тілін үйренуіміз керек деп ойлаймын. Қазақ тілі бірліктің, тұтастықтың тіліне айналғанын қалаймын. Барлық қазақ ана тілінде сөйлеп, республикамызда тұратын өзге ұлт өкілдері де қазақша түсінетіндей деңгейде болса, біздің әлемдік аренада көш бастарымыз анық.
Оның үстіне қазақ тілі түркі халықтарының тілдерін түсінуге жол ашытын кілт деуге болады. Мысалы, қазақ тілін білетін адам қырғыз, татар, түрік сияқты тілдерді де тез меңгере алады.
– Сіз үшін қазақ тілі қандай тіл?
– Менің ойымша, қазақ тілі өте мәнерлі, шешен және мәртебелі тіл. Қазақ тілінің басқа тілдерден айырмашылығы да сол мәнерлілігі мен жан-жақтылығында. Мен анимелер (жапон анимациялық фильмдері – ред.) мен мултфильмдерді қазақша дыбысталуымен көрген кезде тілдің көңіл-күйді жеткізу шеберлігіне тәнті болдым. Сол үшін де қазақ тілін ең шебер және шешен тіл деп санаймын.
– Қазақ тілін үйренгісі келетіндердің басым көпшілігі кімдер?
– Бізге түрлі ұлт өкілдері келеді. Олардың ішіндегі ең көбі, әрине, қазақтар мен орыстар. Өзбектер, шешендер, әзірбайжандықтар да жетерлік. Соңғы кезде Ресей мен Украинадан келгендер де қазақ тілін үйренуге ден қойған. АҚШ-тан да осы уақытқа дейін 5-6 адамдай тіл үйренуге келді. Африкадан, Үндістаннан орысша да, қазақша да білмейтін азаматтар біздің орталыққа жүгінуде.
Негізінен клубымызға келушілерден тіл үйренуінің басты себептерін сұрап біліп отырамыз. Біреулер өз ана тілінде сөйлегісі келеді, кейбіреулер қазақ тіліндегі ең оңай сөйлемдерді күнделікті өмірде қолданғысы келеді. Тіпті қазақ қызына немесе қазақ жігітіне ғашық болып, онымен байланысты одан әрі жақсарту үшін тіл үйренгісі келетіндер де табылды. Тағы біреулер кәсібін дамыту үшін барлық аймақтағылармен еркін сөйлесу үшін келсе, кейбіреулер қазақ мәдениеті мен әндерін ұнатып, содан тілге қызығушылығының артқандарын жеткізді.
– Әлеуметтік желілерде ата-аналар оқушының қалауымен орыс тілі пәнінің орнына ағылшын тілі пәнін өткізу туралы ұсыныс жасауда. Тіпті, кейбірі орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндерін алып тастауды ұсынды. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Қазір қоғамның арасында Ресейдің әрекетін қолдамайтындар көбеюде. Бұның тілге де қатысы бар деп ойлаймын. Алайда орыс тілін тек Ресеймен ғана байланыстырып қоя алмаймыз. Бұл барлық ТМД елдерінің байланысу тілі және көптеген ақпарат көзінің негізігі кілті деп білемін. Әлемдік контент бойынша орыс тілі екінші орында екені баршамызға белгілі. Көршілерімізбен, өзге елдермен байланысқа түсуге қажетті тіл болғандықтан одан бас тартуға болмайды деген ойдамын. Оның үстіне елімізде орыс тілінде сөйлейтіндер көп.
Ал ағылшын тіліне келетін болсақ, елімізде бұл тіл барлық мектептерде үйретіледі. Алайда іс жүзінде тәжірибеде қолданыста болмағандықтан еркін сөйлеуде көпшілігі қысылып жатады. Қазақ тілінде де осындай мәселелер жоқ емес. Бұл барлық тілге қатысты, егер адам ол тілді қолданбаса, қанша кітаптан оқып, емлесін, сөздігін жаттағанымен сөйлесер кезінде ойын дұрыс әрі еркін жеткізе алмайды.
– Қазақ тілін үйренуде қандай контент пайдаланасыз? Кино, музыка, бағдарлама дегендей...
– Қазақ тілін үйренерде, өзгелерге үйретерде маған түрлі сайттар көмектеседі. Олардың ішінде тілдің қолданыстағы ережелері, барлығы түсінікті көрсетілген. Кейде қателесіп, білмей жатсам, сондай сайттардан қарап тауып аламын. Бұл менің қазақ тілі ережесін жақсы білуіме үлкен көмегін тигізді. Қазір клубқа келгендерге емле ережелерді үйрету бойынша тапсырмаларды өзім жасап жүрмін.
Дей тұрғанмен өзім тілді әлі үйреніп, ізденіп жүрген жанмын. Оқып білген бір бөлек, оны өмірде қолданған бір бөлек. Кейде қиналып қалатын да кездерім жоқ емес.
Одан бөлек Twitter желісін белсенді пайдаланамын. Сол жақтан түрлі қазақша жазылған пікір, жазбаларды көп оқимын. Өзім де қазақша жазуға тырысамын.
Маған қазақ эстрадасының жаңа толқыны, жас әншілері ұнайды, қазақша әндерді сүйіп тыңдаймын. Тіпті сөздеріне дейін жатталып қалыпты. Атап айтсам, Молданазар, Орынхан, Ерке Есмахан сияқты әншілердің әндерін тыңдағанды ұнатамын. Олардың стильдері мен үндеріндегі ерекшеліктерін тыңдау өте керемет әсер береді.
– Қазақ тілінің қоғамдағы дәрежесі қандай? Бұл тілдің трендке айналып келе жатып дегенмен келісесіз бе?
– Иә, меніңше, егер халық арасында тілге деген қызығушылық болмаса, оны үкімет, биліктегілер күштеп үйренуге мәжбүрлей алмайды. Ал тілдің дәрежесін көтеретін дүние – мәдениет. Мысалы6 түрік сериялдарын ұнататындар түрік тілін тез үйреніп алады, корей дорамаларына қызығатындар үшін корей тілін үйрену жеңілірек болады, ағылшын жұлдыздарының өнерін сүйетіндер бұл тілді меңгеруде қиналмайды. Бізде де қазір қазақ жастары мәдениетімізді көтеріп, дамыту үстінде. Мәселен, музыканың арқасында қазақ тілінің ауқымы артып келеді. Қазақ тіліндегі әндерді тыңдау арқылы тұрғындардың тілге қызығушылықтары оянып жатыр. Өз басым Молданазардың концертіне барып, оның әндерін тыңдаған кезде керемет сезімде болдым. Қазір сонымен қатар заманауи режиссерлердің түсіріп жатқан кинолары да жастардың қызығушылығын арттырып жүр. Соның арқасында көпшілік осындай туындылардағы сөздерге еліктеп, тіл үйренуге шабыттанады. Меніңше, қазақ тілінің трендке ену көрсеткіші алдағы уақытта бұдан да үлкен деңгейге өседі.
Елдегі, әлемдегі соңғы болған жағдайлар, “Қаңтар” оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы жағдайлардан кейін соңғы уақыттарда қазақ тілінің қоғамдағы дәрежесі кәдімгідей өсіп келеді. Өйткені қазақ тілі бүгінде бірлік пен татулықтың құралына айналуда. Қазақша үйрену, осы тілде сөйлеу елімізге деген құрмет пен патриоттықтың белгісі іспесттес.
– Неге орыс тілді қазақтарға қарағанда, өзге ұлт өкілдері қазақ тілін тез үйреніп алады?
– Менің ойымша, шетелден келген өзге ұлт өкілдері қазақстандықтармен байланыс орнату үшін қазақ немесе орыс тілін үйренуге мәжбүр болады. Сол үйренген тілдерін барынша тіршілікте қолданады. Мысалы, олар қазақ тілін меңгерсе, ел ішінде бәрімен сол тілде сөйлеседі. Сәйкесінше оған адамдар да қазақша жауап қайырады. Осылайша ол тек бір тілге көңіл бөліп, сол тілде сөйлесіп жүріп, тез үйреніп алады. Ал біздің өз елімізде тұрып жатқан орыс тілді қазақтарда бұл жағы қиындау. Себебі байқасаңыз, орыс тілді азамат қазақша сөйлеуге тырысып, өзгелерге қазақша сауал қойса, оның түріне немесе сөзінің сапталуына қарап, көп жерде оған орысша жауап береді. Қарапайым менің өзіме қазақша сұрақ қойсам да көп жерде орысша жауап береді. Міне сол кедергі деп ойлаймын. Бізде жұрт өзге ұлттарды көрсе, бірден орысша сөйлесуге тырысады. Соның салдарынан қазақ тілін үйрену процесі де ұзарады деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!