Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ тентегіне тек дей алатын еді": Балғынбек Имашев президентке үндеу жолдады

Айтыскер, ақын Балғынбек Имашев «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасына түбейгейлі қарсылық танытты. Желіде мемлекет басшысы мен депутаттарға үндеу жолдады. 

"Құрметті Қасымжомарт Кемелұлы! Мәртебелі жаңа сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары! Мен “Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы” жаңа заң жобасын оқып шықтым. Заңгер болмасам да, тіл маманы ретінде, айтыскер ақын ретінде ондағы әр термин мен әр сөздің мағынасын, оның астарын, оның қыры мен сырын, жасырынған мәнін толық түсіне отырып, бұл заң жобасы бала құқығын желеу етіп, ата-ананың абыройы мен беделін түсіретін, отбасы деген қасиетті ұғымның тамырына балта шабатын қитұрқы жоба деп мәлімдеймін.

Тентегіне тек дей алатын, қисығын тезге салып түзейтін ата-баба дәстүрін, дініміздің қастерлі ұстанымдарын жоққа шығарып, батыстық үлгіні қабыл ету арқылы біз қай ұшпаққа шықпақшымыз?
Шариғаттың басты ұстанымы жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару емес пе? Басқаны былай қойып, өз баламызды жамандықтан тыйып, жақсыға бағыттай алмасақ, қазақ болып, мұсылман болып, тіпті, адам болып не керек?", - деп жазды айысткер парақшасында.



Балғынбек мырзаның айтуынша, атам қазақ тентегіне тек деп айта алған. Бұл баланы айыптау үшін емес, жөнге салу үшін керек деп есептейді.

"Отан отбасынан басталады, ендеше, Отбасын қирату – Отанды қирату емес пе? Кілемді ұру – оны жазалау үшін емес, шаңын тазалау үшін. Баланы ұрысу – оны бұрыстығын айыптау үшін емес, дұрыстыққа лайықтау үшін. Отбасына қолды салғаны, Отанымызға отыз жыл бомбы жарғанынан жаман жаулық! Мен айтыскер ақын ретінде өз отбасымның баянды бақыты, Өз Отанымның берекелі болашағы үшін бұл заңды кері қайтарып, күн тәртібі түгілі, мүлдем жыл тәртібінен, тіпті, парламент тарихынан алып тастауды өтініп сұраймын!

Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, жеті баланың әкесі ретінде, талап етемін!", - деп жазды.

Айта кетейік, мәжілістің ресми сайтындағы депутаттардың қарауында жатқан 50 заңның ішіндегі дау тудырғаны осы «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң. Қоғам белсенділері мен шоу-бизнес өкілдері отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты жаңа заңға наразылығын білдіріп дабыл қағып жатыр.

Талқылау