"Қайғыға батпас үшін жұмысынан жұбаныш тапты": Қазақтан шыққан тұңғыш диктор 104 жастағы Зұлқия Жұматова сұлулығының құпиясын бөлісті
1958 жылы 8 наурызда Алматы телестудиясында Қазақ КСР Мемлекеттік телерадиосының алғашқы сынамалық телехабары өтті. Осылайша ұлттық телеарна дәуірі басталды. Тұңғыш отандық теледикторлар Зұлқия Жұматова мен Нелли Омарованы бүкіл ел танитын. Бүгінде қазақ телевизиясының жұлдызы Зұлқия Жұматова 20 наурызда 104 жасқа толады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Зұлқия Жұматова таңын жаңалықтармен бастайды. Қызы Меруерт Мукушева анасына апта сайынғы басылымдар топтамасын жинап көмектеседі. Қария газет оқығанды ұнатады. Телефон мен гаджеттерді қолдануға саусақтарының икемі келмейді, одан қалды олардан көздің көруі нашарлайды деп санайды.
Тележүргізуші сүйікті классиктерінің шығармаларын үнемі қайталап оқиды. Сондай-ақ өзі ұнатқан кітаптарының үзінділері мен даналық ойларын жазатын қойын дәптері бар. Зұлқия Мұқанқызында газет мақалаларының үзінділері, жүрегіне жақын фотолар мен өзі шығарған өлеңдері жинақталған папка бар.
“Бір орынға 750 адам таласып, арасынан үздік шықты”
Зұлқия Жұматованың диктор болып, теледидардан көрінуіне себеп болған оның поэтикалық дарыны еді. Дикторлыққа таласқандар көп болды, бір орынға 750 адам! Қабылдау комиссиясының құрамында өнер адамдары, олардың қатарында Шәкен Айманов та бар еді. Зұлқия Жұматова өзіне берілген мәтінді қағаздан оқыды. Тележүргізушінің айтуынша, ол сол кезде өзіне сенімді болған. Себебі Зұлқия Жұматова – ұстаз, қазақ тілінен сабақ беретін, өлеңдер жазып, оны түрлі басылымға жіберетін. Байқау алдында оның Абайға арнап жазған өлеңі "Казахстанская правда" газетінде жарияланған. Қабылдау комиссиясындағылар өзі туралы айтып беруін сұрағанда Зұлқия Жұматова шығармашылықпен айналысатынын айтып қалды. Кейін өзі шығарған өлеңін қазақша және орыс тілінде оқып берді.
Сол сәтте-ақ қабылдау комиссиясы бірауыздан шешім шығарып, Зұлқия Жұматова дикторлыққа бекітілді. Араға біраз жыл салып тележүргізушіні Мәскеуде өтетін қазақ өнерінің онкүндігіне қатысуға жіберді. Осылайша Қазақстаннан келген диктор КСРО Орталық телевидениесінде бой көрсетті.
Былтыр желтоқсан айында Ұлттық кітапханада Зұлқия Жұматоваға арналған кітаптың тұсауы кесілді. Онда тележүргізушінің шығармалары, өлеңдері, әндері, сондай-ақ ол туралы жазылған мақалалар да жинақталған. Кітапта Зұлқия Жұматованың кішкентай ұлына арнаған "Бөбегім" атты бесік жыры да бар. Халықтың жүрегінен орын алған өлең жолдарын Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұлова орындады.
“Тек 100 жасқа толған соң тырнағын бояуды қойды”
Жас кезінен қалам тербеген диктор 104 жасқа келсе де, ұйқасын келтіріп, өлең жазады.
"Туған күніме алған ең қымбат сыйлықтың бірі – әжемнің өлеңмен жазылған тілегі", – дейді Зұлхия Жұматованың немересі Дина Жұланова.
Бүгінде Зұлқия Мұқанқызы іс-шараларға сирек барады, қызы мен немерелері кейуананың тыныштығын күзетеді. Бірнеше жыл бұрын ол барлық іс-шараға: теледидарлық хабарлардан, көрмелерден, тұсаукесерлерден қалмайтын. Әрине, ол – белсенділікке, қызу тіршілікке үйреніп қалған адам. Десе де тележүргізуші Алматы мұражайында өткен өзінің 101 жылдық мерейтойына келген еді. Достарын көргенде қатты қуанып, құттықтауларын тыңдап, жастарға ақылын айтты.
Қызы мен немерелерінің айтуынша, Зұлқия Жұматова кейбір кәсіби дағдысынан танған емес. Ол әлі күнге дейін әңгіме, сұхбат кезінде орындықтың арқалығына сүйенбей, денесін тік ұстайды.
“Әйел әр кез сақадай сай болуы керек”, – дейді тележүргізуші.
Ол үшін әйел болу бәрінен де маңызды. Бірде тележүргізуші өзінің 90 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мерейтойын өткізбей қоя жаздады. Оны жалға алынған банкет залы да, шақырылған қонақтар да ойландырған жоқ. Тележүргізуші тойға киіп бармақ болған торы бар бас киімін таппай қойған. Айта кетейік, Зұлқия Жұматова түрлі бас кимдерді коллекциялайды. Оның 20-дан астам бас киімі бар.
Ал жүз жылдық мерейтойында тележүргізуші өзін әрлеген визажистің жұмысына көңілі толмаған. Айтуынша, ол реңкті дұрыс таңдай алмаған, сондай-ақ көзін бояғаны да диктордың көңілінен шықпаған.
“Әжем мен ес білгелі осындай: оның әдемі бұйраланған шаштары бетін көмкеріп тұратын. Ол шашын папильоткамен (шаш бұйралайтын қағаз) бұйралайтын. Әжем тырнағын үнемі қызғылт бояумен бояйтын. Тек 100 жасқа толған соң тырнағын бояуды қойды. Биыл Жаңа жыл қарсаңында отбасымызбен суретке түспек болдық. Бірақ әжем білезіксіз суретке түсуден бас тартты. Әшекейін бөлмесінен алып келіп, қолына таққан соң ғана суретке түсуге келісті. Мұндай әйелге қалай сүйсінбейсің”, – дейді Дина.
“15 жасында жеті бауырына ана орнына ана болды”
Зұлқия Жұматова 15 жасында анасынан айырылды. Анасы сегізінші баласына дүниеге әкелген соң бақилық болды.
“Сол күн әлі есімде. Сонда әкем маған “Енде сен оларға ана орнына ана боласың” деді”, – деп еске алды ол.
Аштық, аяз, соғыстың ауыртпалығын көріп, ерте жасында бауырларына бас-көз болып қалған қыз әкесінен айырылды. Ол тынымсыз жұмыс істеуге мәжбүр болды, тіпті әскери зауытта да қызмет етті. Бірақ қанша қиналса да бауырларын мемлекет қамқорлығына қалдыру туралы ойламаған.
Алматыда Зұлқия Жұматованың ұлы мен қызы дүниеге келді. Бірақ өмірдің сынағы мұнымен бітпеген. Тележүргізушінің күйеуі кенет ауырып, қайтыс болған. Өмір қанша ауыр соққы жасаса да, ол шыңдала түсті. Іні-сіңлілерін өсірді, оқытты, аяққа тұрғызғын соң өз балаларын өсіріп, жеткізді. Уақыт өте өмірлік серігін жолықтырды. Зұлқия Жұматова оның бірінші некесінен туған екі баласына да ана бола білді. Алайда өз ұлы 16 жасында қайтыс болды.
Немересінің айтуынша, әжесі қайғыға батпас үшін, жұмысынан жұбаныш тапты.
“Ғашық жігіттер тележүргізушіге құшақ-құшақ хаттар жіберетін”
Тележүргізуші жұмысы қаншалықты қиын болса да, бүгінде еңбек жолын асқан жылылықпен еске алады.
“Біз үнемі тікелей эфирге шығатынбыз. Таң болсын, кеш болсын, мейлі, демалыс. Ал оған дейін қысқа хабардың шығуын 12 сағат күткен кезіміз болды. Мереке күндері де хабар тарататынбыз. 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин Қазақстан жерінен ғарышқа ұшты. Оның ғарышқа ұшқаны туралы мәскеулік диктор Юрий Левитан радио мен теледидардан хабарлады. Ал Қазақ жерінде бұл хабарды Нелли екеуіміз сүйіншіледік. Айтпақшы, Левитан да қазақстандық жүргізушілерге кеңес беруге келіп тұратын. Ол біздің кәсіпқойлығымызды да атап өткен еді. Жауапкершілік үлкен! Қателесуге хақымыз жоқ және әрқашан мінсіз көрінуіміз керек”, – дейді Зұлқия Жұматова.
Тележүргізуші халық арасында танымал еді. Оны көпшілік “Диктор! Диктор келе жатыр!” деп қарсы алатын. Оның ойнақы күлкісі, қою қара шашы және әдемі көйлектеріне қарап алматылық әйелдер таңданысын жасыра алмайтын.
“Менің әжемнің жеке тігіншісі және Мәскеуден мұнда жоқ маталар жеткізетін каналы болды. Жақсы талғам, сән журналдары мен ұшқыр қиялының арқасында ол әрқашан стильді киінетін. Ал басқа әйелдер әжемнің киген көйлектеріне қарап қайталап тігетін”, – дейді кейуананың немересі.
Мұндай сұлу келіншекке ер адамдардың назары ауатыны сөзсіз. Ғашық жігіттер тележүргізушіге құшақ-құшақ хаттар жіберетін көрінеді. Қызының айтуынша, өздері тұратын үйдің подъезі гүл шоқтарына толып қалатын. Ер азаматтар тележүргізушімен сәлемдесу үшін көлігін жол ортасына тастап кететін. Алайда ол бұл туралы сөз қылғанды ұнатпайтын. Өйткені Зұлқия Жұматованың күйеуі жарын қатты қызғанатын болған.
“Опера театрының маңында орналасқан пәтеріміз алматылық богема бас қосатын жері болатын. Анам тамақты дәмді әзірлейтін және қонақ күткенді жақсы көретін. Біздің үйде жазушылар, ақындар, суретшілер, әртістер, ғалымдар жиі жиналатын ", – дейді тележүргізушінің қызы Меруерт Мукушева.
“Бауыржан Момышұлының отбасымен жақсы араластық. Ол кісінің мен туған кезде әжем мен анамды құттықтап, жолдаған хаты бар. Бауыржан Момышұлы маған бесік арба да сыйлаған. Бір қызығы менің жиендерімнің бірі сол кісінің құрметіне аталған мектепте оқиды”, – дейді Дина.
Жақындарының айтуынша, 104 жастағы тележүргізушінің денсаулығына шағымы жоқ. Оған 96 жасында медициналық карта берілді. Зұлқия Жұматова өмірге жеңіл, махаббатпен, адамдарға асқан сыйластықпен қарайды. Ол жасына да аса мән бермейді. Десе де “қоңырау шалатын достарымның жоқтығы өкінішті” деп айтып қалады. Ол – өте қайсар жан. Бүгін таңертең ғана “Жүрегіңде ауыртпалық пен ренішті ұстама. Мұның бәрі бос нәрсе. Өмірді сүй! Бәрі өтеді, ертең жаңа күн болады” деп ақылын айтып, батасын берді”, – дейді немересі.