Қазақ түсірмегені көрініп тұр: Отандық танымалдар “Әміре” фильмін қатал сынға алды
«Әміре» фильмінің екінші көрсетілімін ұйымдастырған Мейрамбек Бесбаевтың өзі жайсыз жағдайға тап болды. Тарихи драманы тамашалауға келген қазақ өнері өкілдері мен шоу-бизнестегі әріптестері Қашаубаев жайлы картинаның кемшін тұстарын тізбектеп берген. Бұл шараға Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі де қатысып қайтқан болатын.
«Біздің мақсатымыз қазақтың абыройын асқақтатқан Әміре атамыз туралы киноны насихаттау. Бұл киноны өнер адамдары бірінші көру керек деп ойлаймын. Өнер адамдары дәріптеу керек. Сол арқылы біздің келешек ұрпақ Әміренің кім екенін біледі. Ары қарай ғасырдан ғасырға кетсе екен. Сондықтан бүгін зиялы қауым, ақын-жазушылар, композиторлар, өнер адамдары келіп көріп жатқаны мені қуантады», – дейді Мейрамбек Бесбаев.
Бірақ көрсетілімге келген жұлдыздар «Әміре» картинасынан көңілсіз шықты. Өйткені, тарихи драманың кемшін тұстары көп. Аталмыш кинотуындыға сын айтқандардың алғашқысы Марат Омаров. Сазгердің сөзінше, Әміренің репертуарын таңдаудағы қателіктер мен фильм сюжетіндегі олқылықтардан көз сүрінеді.
«Тарихты білмей, болашақты болжауға болмайды. Кейбір сапасыз нәрселер болды. Шынын айту керек. Ең соңында «Дудар-айдың» орнына, «Балқадишаны» айту керек пе еді. Дауысты кеңінен ашып, диапазонды көрсету керек еді. Таңқалдыратындай, шынымен де Парижде екінші жүлдеге лайық болатындай келтіру керек еді. Бұл бірінші кемшілігі. Екінші кемшілігі ЭКСПО көрмесі дегенді біз басқаша түсінеміз. Ол жерге тек қана Ресей мен Қазақстан емес, Грузия, Әзірбайжан, бүкіл Кеңес Одағының бәрі барған. Оларды неге көрсетпеді? Олар да сайысқа қатысты ғой. 250-300-ге жуық ұлт өкілдері бару керек еді. Соларды көрсету керек еді. Онда шынымен де шындыққа үйлесетін еді. Тек қана Ресей, Қазақстанмен шектеліп қалған», – дейді Марат Омаров.
Көрермендердің қатарында отырған Алтынбек Қоразбаевтың да айтар сыни-пікірлері бар. Фильмді көрген халық әртісі, Әміренің дауысындағы кемшіліктердің құлаққа түрпідей тигенін жасырмады.
«Неше түрлі қазақтың халық әндерін айтты ғой. Мұны тағы бір рет тазалап барып, әншіні қайта қайрып, әдемілеп барып айтқызу керек еді. Асығыстау айтқан сияқты. Дауыс жазған кезде асықпай жазу керек еді. Сержан деген ініміз ғой, әндерді орындаған. Сол әншіге бірнеше рет қайталатып барып, жазған дұрыс еді. Ішінде мүкістер бар. Мен енді әнші болғаннан кейін, маман болғаннан кейін біліп отырмын», – дейді Алтынбек Қоразбаев.
«Әміре» картинасының осал тұстарын байқаған тек аға буын емес. Нұржан Керменбаев қазақ колориттің жоқтығын жеткізді.
«Осал тұстары бар. Режиссер қазақ болмағаннан кейін, қазақтың драматургиясын бере алмағандай болып сезіндім. Мен енді музыкант болғаннан кейін, енді шындықты айту керек. Келіп алып, күшті деген дұрыс емес. Қазақылықтан гөрі, еуропалық тірліктер көп көрсетілген. Және де менің кішігірім сенбей қалған жерлерім ол репертуарға келген кезде сенімсіздік таныттым. Ән айтқан кезде қозғалыстары, қылықтары, дикциясы сәйкес келмеген сияқты көрінді. Толықтай келісе алмадым», – дейді Нұржан Керменбаев.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Тағы оқыңыз:
Мейрамбек Бесбаев Әміре Қашаубаевты танымайтын жастарға ренішін білдірді
Қазақстандық кәсіпкер түріктің танымал “Ертұғрыл” телехикаясына түскен
Маған ренжімесін: Мейрамбек Бесбаев Әмірені сомдаған Санжар Мәдиевтің қателігін бетіне басты
Құралай Нұрқаділова ұлын әскерде қызмет етуге жіберді (фото)