"Орыс екенімді ұмытып қаламын": Қазақ отбасына келін болған әйел орыс тілін үйрену кезінде қиналғанын айтады
Қарағанды облысының тумасы Надежда Рымбаева ауылды жерде туып өскен. Орыстардың отбасында дүниеге келсе де, бала кезден қазақша сөйлеп, қазақи дәстүрді біліп, бойына сіңірген. Оқу орнына түскенге дейін Надежда орыс тілін жақсы білмеген екен. Оқу оқып жүргенде де тіл білмегендіктен қиналғанын жасырмайды. Stan.kz тілшісі Надежда Ивановнамен сөйлесіп, өзге ұлт өкілдері не үшін қазақ тілін меңгеру керектігін сұрады.
Видеодан скриншот, Айсұлтан Жақыпов
Надежда Рымбаева – Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп гимназиясында 27 жылдық еңбек өтілі бар маман. Қазақ мектебінде технология пәнінен қазақша сабақ береді. Ұлты орыс болғанымен, болмысы қазақ.
Өзімді қазақ ретінде сезінемін дейді ол, тіпті кейде орыс екенімді ұмытып кетемін дейді тағы.
“Орыстардың отбасында Қарағанды облысы Егіндібұлақ Қоянды деген жерде дүниеге келдім. Тарихы мол, киелі жер. Қазақтардың ортасында өскен адаммын. Әке-шешем қазақ тілін білген жоқ. Жақсы түсінетін, бірақ еркін сөйлемеді. Ал, біз, балалары, түзде жүріп, ойнап келіп, үйде қазақша сөйлеп кететінбіз. Нағашы атам мен әжем орыс болса да, қазақ дәстүрін ұстанған кісілер. Нағашы атамның арғы аталары екі ғасыр бұрын Қазақстанға көшіп келген. Олар қазақтың дәстүрі мен салтына әбден сіңіскен. Енді біз қайда барамыз?” – дейді Надежда Ивановна.
Орыс тілін білмей қиналдым
Бір қызығы, кейіпкеріміз орыс сыныбында оқыған. Институтты да орыс тобында бітірген. Бірақ қазақ тілі деңгейі ана тілінен жақсы болғандықтан, оқуда қиналғанын жасырмайды. Орыс тілінде сөйлеу кезінде қиналған кездер болды дейді.
“Дегенмен мектепте де қазақша сөйледік. Бірақ жазу, мәтіндерді орысша жаздық. Педогогикалық институтқа түскенде ойымды қазақша жеткізетінмін. Ал сабақтың бәрі орысша. Қатты қиналдым. Қазақша сөйлеу мен үшін оңай еді. Арада біраз уақыт өткен соң қалада барлығы орысша сөйлейді ғой, біз де үйреніп кеттік. Бастапқыда акцентпен сөйлейтінмін”, –деп есіне алады ол.
Надежда Ивановна, жеке архивтен
Қазақ ауылының келінімін
Надежда Ивановна қазақ ауылына, қарапайым қазақ отбасына келін болып түскен.
“Жолдасыммен ауылдаспыз. Мен мектепті бітірген соң ол әскерге кетті. Менен бес жас үлкен. Студенттік шақта бес жыл жүрдік, 32 жыл бірге тұрдық. Он жыл бұрын жолдасым көз жұмды.
Ал ата-енем Қоянды ауылында тұрды. Енемнің көзі тірі, жасы 95-те. Шынымды айтсам, мен үшін қазақ отбасына келін болып түсу қиын болған жоқ. Себебі қазақтың салт-дәстүрімен біте қайнасып өстім, бәрін білдім деуге болады”, – дейді әйел.
Айтуынша, қазақ шаңырағы, ата-енесі өзін жылы қабылдаған.
Надежда Ивановна отбасымен, жеке архивтен
“Ауылдан шыққан соң қазақ отбасына, оның ішкі жүйесіне үйрену қиын болған жоқ. Бірақ бастапқыда уайымдайтынмын. Қазақ келіндері әлденені білмей қалса, оларға ештеңе демейді, ал мен орыс болған соң маған сөз келетіндей көрінді. Кішкентай кезімнен барлығын көріп өскен соң менде еш қиындық болған жоқ. Қазір жасым 62-де, өзім де ене болдым, күйеу балам бар. Оларға өзімнің де үйрететінім бар”, – дейді ол.
Айтуынша, келін болып түскенде кейбір жоралғыларды білмей қалған кездері болған, оларды енесі үйреткен екен.
“Енем – екінші анам, ешқашан орыс деп бөлмейтін. Келіндерді жақсы ұстаған. Соғым сойған соң табақ тартуды, шынымды айтсам, білген жоқпын. Енем: “мынау – бас табақ, бұл – сый табақ деп” айтып отыратын. Кімге қанша мөлшерде тамақ салу керектігін енемнен үйрендім. Себебі мұны білген жоқпын. Ол кісі дауыс көтермей, ақырын ғана айтып отыратын, ақыл-кеңес беретін. Қазір енді көрші-қолаң “ет салып беріңізші” деп шақыратын болды (күледі – авт.)”, – дейді ол.
“Сізді орыс деп қалдым” деп айтатындар бар
Надежда Ивановна, жеке архивтен
Надежда Ивановна өзіне қарап таңғалатын жандар болатынын айтады. Бірақ өзі қазақша сөйлейтінін үлкен жетістік көрмейді.
“Қазақ тәрбиесі, салтымен жүремін, сақтаймын. Тіпті сөйтіп жүріп сөйлегенде орыс екенімді ұмытып кетемін. Соны түсінген кезде сасып қаламын. Себебі әбден сіңісіп кеттім. Үлкен тойларда, жиындарда маған қарап таңғалып жататындар бар. Меніңше, таңғалатын ештеңе жоқ. Басқа ұлттар, қазақтар да орысша сөйлейді. Мен осыған таңғаламын. Қазақша сөйлегенімді үлкен бір жетістік көрмеймін”, – дейді ол.
Көбіне өзіне қарап адамдардың қандай пікір білдіретінін де сұрадық.
“Сізді орыс деп қалдым” деп айтады. Үйде қазақша сөйлеймін, ортамның бәрі қазақ тілді. Танымайтын жерге барған кезде де қазақша сөйлеймін ғой”, – дейді ол.
- "Он төрт сиыр, он екі бие сауатынмын": Қазақ азаматына тұрмысқа шыққан корейлік әйел ауылдағы тұрмысы мен қазақ тілін үйренуі жайлы айтты
- “Қазақстандық төлқұжат адамдарды құтқаруға көмектесті”: Отандасымыз 200-ден аса украиндықты аман алып қалған
Одан бөлек, Надежда ханым сырмақ, текемет тоқумен айналысады.
“Ауылдың апалары жиналып, қыздардың жасауын жасайтын. Сол кісілердің қолөнеріне қызығып қарайтынмын. Өзімнің туған әжелерім қолөнермен айналыспады, басқа ұлттар да жасамайтын. Мені “сары қыз” деп атайтын әжелер өздеріне шақырып, сырмақ жасатып қоятын. Көрші әже қасына отырғызып, текемет, сырмақ, құрақ көрпе жасауды үйрететін”, – дейді ол.
Бір қызығы, Надежда Ивановна орыстармен көп қарым-қатынасқа түспеймін дейді.
Қазіргі кезде кейіпкеріміз зейнетте, алайда мұғалімдік қызметін жалғастырып келеді. Өзін мектеп оқушылары ерекше сыйлайтынын да жасырмайды. Бастапқыда тіпті оқушылар мұғалімдерін қазақ деп ойлап жүрген екен.
“Алғашқы кезде оқушылар “Осы сіздің атыңыз неге Надежда Ивановна? деп сұрайтын”. Сөйтсе құрбым айтады: “Сені қимайды ғой балалар” деп күледі.
Қазақ балалары тәрбие жағынан ерекше ғой. Жалпы қазақ халқының бауырмалдық, қонақжайлық, адамгершілік қасиеттерін бағлаймын. Өмір жолымда нашар адамдарды жолықтырмаппын”, – дейді Надежда Ивановна.
Ол өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуі өте маңызды екенін баса айтты.
“Әрбір ұлт өкілі өзі тұратын елдің тілін меңгеріп, дәстүрін, мәдениетін сыйлау керек. Біреулер тілді үйрену қиын деп жатады. Бірақ ниет болса үйренуге болады”, – деп түйіндеді ойын ол.