Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жастайынан тапшылық көріп, жалаң аяқ жүрген: Кино өнерінің аңызы Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз

ӘшімовФото: https://www.instagram.com/assanali.ashimov

Асанәлі Әшімов – қазақ театрының қасиетті сахнасында да, ұлттық кино өнерінде де дара қолтаңбасын қалдырған алып тұлға. Оның сомдаған рөлдері халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, көрермен көңілінен мәңгілік орын тапты. Stan.kz театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, “Отан”, “Құрмет”, “Қазақстанның Еңбек ері” ордендерінің иегері Асанәлі Әшімовтің өмірі мен өнер жолына шолу жасады.

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында өмірге келген. Оның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Жастайынан тапшылық пен қиындықты көріп өскен Асанәлі 1944 жылы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оқуымен қатар еңбекке ерте араласып, қатарластары секілді колхоз жұмысына жиі жұмылдырылатын. Демалыс басталысымен-ақ егін ору, масақ теру сияқты шаруа балалардың үлесіне тиетін.

“Алғашқы қар жауғанша жалаң аяқ жүрдім. Бір күні сабақ кезінде қалың қар жауған еді. Барлық сыныптасымды ата-аналары үйлеріне алып кетті. Ал мен суық саз мектепте жалғыз қалдым. Ол кезде тоғыз жаста едім. Түні бойы қатты қорыққаным соншалық, таңертең мектептен он жасқа есейіп шыққандай болдым”, - дейді әртіс қатал соғыс жылдары өткен балалық шағы жайлы.

Асанәлінің әкесі ерте дүние салды. Жеңіске небәрі 20 күн қалғанда қаза болған әкесі Әшімнің қамқорлығын көп көрмесе де, атасы Ысқақтың жылуы мен әкелік мейіріміне бөленіп өсті. Ол шақта анасы бар болғаны 22 жаста еді. Жолдасы қайтқаннан кейін анасы қайта тұрмыс құрмаған.

Өнер жолы

Асанәлі Әшімов 1956–1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актерлік мамандық бойынша білім алған. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін “Қазақфильм” киностудиясына актер ретінде штатқа қабылданады.

Ал 1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамына қосылды. Қазақ театрының сахнасында ол ондаған таңдырды сомдап, 50 астам рөлді ойнады. Әр бейнесі қазақстандық көрерменнің жүрегінде із қалдырды. 

 – Мұхтар Әуезовтің “Абай” қойылымында Керімді, “Еңлік-Кебек” қойылымында Кебекті, “Қара қыпшақ Қобыланды” қойылымында Айшуақты, “Таңғы жаңғырық” қойылымында Жарасбайды сомдаған.

 – Ал Ғабит Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” қойылымында Қодар бейнесі;

 – Мұхамеджанов пен Айтматовтың “Көктөбедегі кездесуінде” Иосиф Татаевич рөлі;

 – Шекспирдің “Юлий Цезарінде” Юлий Цезарь;

 – М. Фриштің “Дон Жуанның думанында” Дон Жуан;

 – Ә. Нұрпейісовтің “Қан мен терінде” Еламан;

 – И. Вовнянконың “Апатында” бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр.

Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г. Гауптманның “Ымырттағы махаббат” драмасындағы доктор Клаузен рөлі болды.

“Бәрі бірден сарт ете қалған жоқ. Өмірімде қиын-қыстау жолдар көп болды. Адамда бүкіл сезім оянуы керек. Жас кезіңде оның көбісі жоқ, ұрынып қаласың, қателікке ұшырайсың. Ол да керек. Жас кезінде қателеспейтін адам жоқ. Қазір (2017 жыл) бізге қателесу қиын. Оның бәрін өмір көрсетті. Өмірдің талқысы деген сол”, – деді актер бір сұхбатында. 

1980 жылдардың соңында театрды басқарып, өз тәжірибесі мен мамандыққа деген сүйіспеншілігін жас буынға дарыта білді.

Кино әлемі

Асанәлі Әшімов киноға әлеміне студенттік шағынан-ақ аяқ басқан. Ол қазақ киносында отызға тарта кейіпкерді сомдаған.

“Ән қанаты” фильмінде Қайменді бейнесін,  “Атаманның ақыры” фильмінде Қасымхан Шадияровты экранға шығарды. “Жазушыда” Қаражал кейіпкерін, “Нан дәмінде” директор образын ойнаса, “Сіз кімсіз, К мырза?” фильмінде басты рөлді орындады. 

Ол “Қыз Жібек” фильміндегі Бекежан рөлі арқылы қазақ қоғамының жадында мәңгі сақталады. Бекежан образы бүгінге дейін көрермен есінде сақталып, қазақ киносының алтын қорындағы мәңгілік бейнеге айналды. 

Асанәлі Әшімов Бекежан рөліндеАл “Транссібір экспресі” Чадияров туралы аңызға айналған тетралогияның екінші фильмі ретінде тағы бір маңызды белеас болды. 1978 жылы бұл картинаны 24 миллион көрермен тамашалады. 

Асанәлі Әшімов ұлттық өнердің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей актер ретінде тарихта қалды.

”Қазақ өзі сыншыл ғой. Қазіргі жағдайда киноны түсіру бір жағынан қиын, екінші жағынан оңай болуы мүмкін. Бұрынғы қысым жоқ, еркіндік бар. Бұрын қысым болған кез де жақсы еді, қателеспей шығатын. Қазір еркіндікке жібергеннен кейін лағып кетуге болады. Ұлы тарихи фильмдерге барып жатыр, бірақ сол жерде көп режиссер өмір мен өнерді шатастырып алды. Өмірдің бәрі өнер емес, өнер – бір төбе. Көп нәрсені өнер жасау керек. Жібек пен Төлеген фильмдегідей киінбеген шығар, алайда көтермелеп, фантазия, әдемілікке қарай бет бұрған, бұл – кино. Ал солардың киімін зерттеп, өмірін зерттеп, соны тауып, суретке шығарса, ол – өмір. “Өмірде солай болған екен ғой” дейді, қазіргі жас режиссерлер осыны шатастырады”, – дейді ол. 

Әшімов режиссерлік қырынан да зор танымалдыққа ие болды. Ол Н.Гогольдің “Ревизор” спектаклін сахналап қана қоймай, 1979 жылғы қойылымда Дуанбасы рөлін өзі орындады. Сонымен қатар Ғ.Мүсіреповтің “Амангелді” драмасы, И.Оразбаевтің “Мен ішпеген у бар ма?!” пьесасы (екеуі де 1987), С.Ванустың “Сұлтан болсам егер мен” (1988), Ж.Аймауытовтың “Ақбілек” спектаклі (1989) оның режиссерлік ізденістерінің жемісі саналады.

Кино саласындағы режиссерлік еңбектеріне “Жылан жылы” фильмі (1981, Цой Гук Инмен бірлесіп, 1982 жылы Таллинде өткен XV Бүкілодақтық кинофестивальде дипломмен марапатталған), “Шоқан Уәлиханов” (1984, төрт сериялы телефильм, онда Шыңғыс бейнесін өзі сомдады) және “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” (1995) картиналары жатады. Аталған туындылар Асанәлі Әшімовтің режиссер ретінде де кең тынысты, көпқырлы шығармашылық иесі екенін айқын көрсетеді.

Актер жастайынан күнделік жазуды әдетке айналдырған.

“Жас күнімізде көшіп-қонып жүріп, он беске жуық дәптерім жоғалып кетті”, – деп өзі де еске алып отырады.

Кейінгі жылдары сол жазбалар жинақталып, кітап болып жарық көрді. Соның ішінде алғашқы жары Майра Аймановаға арнаған “Майраның әні” еңбегі бар. Бұл кітап 35 жыл бірге ғұмыр кешкен жары дүние салғаннан кейін екі жыл өткен соң, 1995 жылы басылып шықты.

Бұдан бөлек, 2007 жылы бес томдық жинағы, ал 2008 жылы “С любовью, Ваш Асанали Ашимов” атты кітабы оқырманға жол тартты. Сондай-ақ оның “Жан бөлек”, “Алаштың Асанәлісі”, “Менің жанрым – күнделік”, “Ғұмыр-дария”" атты еңбектері де бар.

Марапаттары

1970 жылы “Қазақфильм” киностудиясы түсірген екі бөлімнен тұратын толықметражды “Атаманның ақыры” көркем фильмінде Асанәлі Әшімов басты кейіпкерді сомдады. Бұл туынды детектив жанрындағы алғашқы екі сериялы қазақ фильмі ретінде тарихта қалды. Аталған рөлі үшін актер 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Фильмнің режиссері – Шәкен Айманов, операторы – Асхат Ашрапов, ал музыкасын Еркеғали Рахмадиев жазды.

1974 жылы “Қан мен тер” спектакліндегі рөлі үшін Әшімовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы табысталды. 1976 жылы оған Қазақ КСР Халық әртісі, ал 1980 жылы КСРО Халық әртісі атақтары берілді.

2000 жылы ол тәуелсіз “Тарлан” сыйлығымен, 2001 жылы мемлекеттік “Отан” орденімен марапатталды.

2007 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында “Парасат” және “Құрмет” ордендеріне ие болды.

2017 жылы Асанәлі Әшімовке “Қазақстанның Еңбек ері” атағы беріліп, Алтын жұлдыз табысталды.

Отбасы

Асанәлі Әшімов кинорежиссер Шәкен Аймановтың қызы, опера әншісі Майра Аймановамен 35 жыл бойы отасқан. Майра Шәкенқызы 1993 жылы өмірден өтті. Олар студенттік шақта шаңырақ көтерген. Алғашқы жары туралы актер “Құдай Майраны мен үшін жаратқан” деп жиі еске алады. 

“Жалпы, махаббат, көпшілік ойлағандай емес. Оны ешкім көрмейді, бірақ бәрі ол туралы айтады. Мен өмірде махаббаттан гөрі махаббаттан да зор сезімдерді бастан өткердім. Мүмкін, оған кейбір адам қабілетті. Майра, менің бірінші әйелім, ол — қабілетті болды. Оның жан дүиесі ашық және адал, ал мінезі темірдей еді. Ол мені бір көпгененен өмір бойы жақсы көрді. Мойындаймын, мен оны сүйгеннен гөрі қатты құрметтедім”, – дейді Асанәлі Әшімов.

Бұл отбасында Мәди мен Сағи есімді екі ұл дүниеге келді.

Сағи Асанәліұлы төрт бөлімді “Шоқан Уәлиханов” телефильмінде Шоқан бейнесін сомдап, көрермен жадында қалды. Ол 1999 жылы 38 жасында қайтыс болды. Сәулетші мамандығын таңдаған Мәди Асанәліұлы 1959-1999 жылдар аралығында өмір сүрді.

Актердің екінші жұбайы – Гүлсім. Бұл некеден 1980 жылы туған Олжас есімді ұлы бар. Майра Айманова дүние салғаннан кейін шаңырақ көтергенімен, бұл отбасы ұзаққа созылмады.

“Менің екінші мәрте үйленуіме келсек, ол табалдырықтан аттаған кезде, түсінгенім: оның менікі емес екендігі еді. Мен оны Майра қайтыс болған кезде үйге әкелдім. Біздің ортақ ұлымыз болғандықтан да емес. Себебі, дәл сол кезде мен жанымды жегідей жеген азаптан құтылуым керек еді. Әйтпесе, қайта түзетуге келмейтін жағдай орын алуы мүмкін еді. Бәлкім, мен бүгін тірі болмас та едім. Бұл әйел адам (мен оның атын атағым келмейді). Оған деген сезімім зардабын ойланбай-ақ қойып кететін тұңғиыққа ұқсады. Қараңғы және тоқтаусыз құмарлық болды”, – дейді ол.

Үшінші жары – Маржан. 1999 жылы олардың Сағина есімді қызы дүниеге келді. Алайда екі жылдан соң ерлі-зайыптылар айырылысты.

“Үшінші әйеліммен, Сағина қызымнын анасымен неке мәжбүрліктен болды. Менің қарт анама күтім керек болды. Кейін достарым Маржанды көріп, “үйлен, үйлен, ол, жан-тәнімен де, түрімен де Майраға ұқсайды” деп көндіре бастады. Солай болды, бар және болады – ер адамдар қанша жаста болса да, әрқашан жас және әдемі әйелдерді жақсы көреді. Бірақ мен отбасының мықты болуы үшін әйелі күйеуін көбірек жақсы көруі керек екендігіне сенімдімін. Егер керісінше болса-бақытсыздықты күтіңіз, мұндай ерлі-зайыптылардан мықты отбасы шықпайды”, – дейді ол.

Асанәлі Әшімовтің төртінші жары – өзін емдеген дәрігер Бағдат. Ол актерден 34 жас кіші. Олар 2002 жылы некеге тұрып, 2008 жылы Асанәлі есімді ұлды болды.

“Бала тәрбиесі оңай емес. Әсіресе атасы мен әжесінің, оның ішінде әженің тәрбиесі аса маңызды. Халқымның өзге жұрттан кем болмауын қалаймын”, – дейді Асанәлі Әшімов.

Айта кетейік, бұған дейін актер, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов дүниеден өткені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 11:05