Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ қызын жар еткен африкалық азамат мұсылмандықты қабылдап, дәстүрді ұстанады

Алматылық Даниэль Джеймс өзін афроқазақ деп атайды. Оған себеп – Қазақстанда туып-өсуі әрі қазақи құндылықтарды жақын тартуы. Ол он жыл бұрын қазақ қызына ғашық болып, шаңырақ көтерген. Махаббат өміріне өзгеріс әкелген ол мұсылмандықты қабылдап, қазақ тілін үйренген. Қазір Даниель – африкалық мәдени орталықтың жетекшісі. Даниельді редакциямызға шақырып, қоғамдағы афролықтарға қатысты стереотиптер, кемсітушілік, өзге ұлттарға үйлену үшін салық салу мәселесі жайлы сөйлестік.

Даниэль Джеймс, Stan.kz

Даниэль Джеймстің шын аты Данлади-Бвай. Оның бірінші бөлігі атасының аты болса, екінші бөлігі тайпасының атауын білдіреді екен. 

Әкем – Нигериялық, анам –  орыс, өзім – афроқазақ

“Қазақ елінде не істеп жүрсің деген сұрақ болса, мен осы жерде туып-өскенмін. Әкем мен анам Алматы қаласында 37 жыл бұрын кездесіп, шаңырақ көтерген. 

Әкем Нигериядан келген, осында тұрып жатқанына 40 жыл болды. Ол Қазақстанға студенттердің ауысым бағдарламасымен келген. Зоология мен агрономия бағытында білім алған. Анам поляк қызы, алайда төлқұжатында орыс деп жазылып тұрады. 1991 жылы тудым, еліміздің тәуелсіздігінің құрдасымын. 

Мен Алматыда орыс мектебінде оқыдым, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірдім. Өнерге жақынмын, фортепиано, домбырада ойнаймын”, – дейді ол өзін таныстыра келе.

Қазақ тілін үйренуіме жұбайымды кездестіруім әсер етті

Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар. Даниэль асаба болып қызмет етеді, той мен мерекелік шаралар ұйымдастырады. Әсіресе ұлтаралық тойлардың шырайын келтіреді. Қазақша, орысша, ағылшынша жақсы сөйлейді, сондықтан оны шақыратындардың қарасы көп көрінеді. 

Ол өзін қазақтың қара домалақ баласы сезінеді. 

“Жұбайымды кездестірмей тұрып, қазақша білген жоқпын, тілді үйренуге махаббат себеп болды. Әйеліммен әлеуметтік желіде танысып, кездесуге келістік. Алматының Арбатында кездесетін болдық. Аппақ киім киген бір қызды көріп қалып, сол екенін ұқтым. Екеуіміз де ақ киініп келіппіз. Ол менімен қазақша сөйлесті. Ал мен тілді мүлде білмеген соң абдырап қалдым. Содан соң орысша бір-біріміздің тілімізді таптық. Кездесуден соң жүгіріп, кітапханаға барып, қазақ тілінен сөздік сатып алдым. Дәптер бастап сөздерді жазып, адамдармен көшеге шығып, жаттығатын болдым. Сыртқа шығып алып, әртүрлі ұлт өкілдерімен қазақша сөйлесетін болдым, олар қатты таңғалатын, бірақ қате кеткен жерлерді түзеп отыратын”, – дейді Даниэль оқиғасымен бөлісіп.

Даниэль Джеймс, жеке архивтен

Қайын атам мені алғаш көргенде шошып кетті

Даниэльдің жұбайын кездестіру оқиғасы да, оның ата-анасымен танысуы да қызыққа толы. Бастапқыда әкесі бұл жұптың махаббатына батасын бере қоймапты.

“Бірде жұбайымды үйге шығарып салып жатқанда онымен қоштасқан соң, ағаштардың арасынан бір ер кісі шықты. Әкесі екен. Амандаса бергенімде ол мені бет тұсымнан ұра бастады. Түсінбей қалдым, арада төбелес болып кетті. Содан соң оны көтеріп алып, иығыма салып, үйге алып кірдім. Анасы шығып, кешірім сұрады. Келесі күні келгенде, бір-бірімізді төс қағыстырып қарсы алдық. Анасы бірден үйге шақырып, керемет қарсы алды.

Ал қазір туыстар мені жақсы көреді, қайын жұртыма қызмет етемін”, – дейді кейіпкеріміз күліп.

Қазақ тілінің күші бар екенін ұқтым

“Биыл үйленгенімізге он жыл болды.Үш баламыз үш тілде сөйлейді. Қазақ тіліне басымдық береміз деп келіскенбіз, осылай олар қазақ балабақшаға барды.

Қазақ тілінің күші бар екенін ұқтым. Ежелгі заманнан бері осы жерде көшпенділер тұрды. Олар ана тілі – қазақ тілінде сөйледі. Қазақ тілінде сөйлесең, сөздің күші көбейеді деп ойлаймын, тіпті мені аруақтар қолдап жатқандай сезінемін. Әрине, кейде шала қазақша сөйлеймін, тіл байлығым жетпей қалады. Десе де тілді әлі де жетік меңгеремін”, – дейді ол.

Даниэль Джеймс, жеке архивтен

Қан араласқан кезде баланың гені мықты болады

Жақында депуттардың бірі Қарақат Әбден шетелдіктерге тұрмысқа шыққан әйелдерге салық салуды ұсынған еді. Одан бөлек, ұлтаралық неке қиятындарға қатысты даулы пікірлер де көп қоғамда. Осыған қатысты Даниэльдің пікірін білдік. 

“Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, елімізде теңсіздік көп. Жаңа депуттар маңызды мәселелерді көтеріп жатыр. Афролықтарға, шетелдіктерге шығу-шықпау күн тәртібінде тұрған мәселе емес. Дегенмен, меніңше, қан араласқан кезде баланың гені мықты болады. Сол үшін ежелгі заманда қазақтар шалғайдан қыз алысқан. Жақындай берсек, иммунитет төмендейді, денсаулықта ақаулар көбейеді. 

Салық бойынша мен қарсы болмас едім, алайда бірінші өзекті мәселелерді шешкен жөн”, – дейді афроқазақ.

Сүндеттелгенмін, мұсылмандықты қабылдадым

Екі елге тән дәстүрдегі ұқсастықтар туралы айта келе Даниэльден білгеніміз тарихи отаны саналатын Нигерияда да үйленген кезде қыз үшін қалың мал береді екен. Бірақ онда қалың мал қой басымен беріледі.

“Сүндетке отырғызу да Нигерияда бар. Бұл біріншіден, аурулардың алдын алу, екіншіден, серігіңнің қауіпсіздігі. Нигерияда азамат қандай дін ұстанса да, кішкентайынан сүндетке отырғызады. Ағам екеуміз бала кезде сүндеттелдік. Осылайша, қазақша салт-дәстүрге жақын сүндетке отырғызу, қалың мал беру, той өткізу бар”, – деп қосты ол.

“Жетісайдан емессің бе?” деп сұрап жатады

Даниэльдің бойына қазақилық сіңгені сонша, ұлттық аспап домбыраның үнін алыстан естіп, ғашық болған. Қазір ол домбыраның құлағында ойнайды.

“Өнер академиясында сабақта отырған күндердің бірінде әлдебір дыбыс естідім. Көзімді жұмғаным сол еді мені саяхатқа алып кеткендей болды. Дыбыс жоғалып кеткенде барып, қайдан шығып жатқанын іздедім. Бұл – Құрманғазының күйі “Алатау” екен. Осылайша, домбыраны жақсылап үйренемін деп шештім.

Қазіргі уақытта асаба болып жүргенімде адамдарға тосынсый жасаймын. Оларға көрінбей тұрамын да, шеттен шығып, тойды ағылшынша бастап кетемін. Содан соң адамдар абдырап тұрғанда “Ассалаумағалейкум, қазақтың жақсылары мен жайсаңдары” деп қазақшаға ауысып кетемін. Той қонақтары таңырқап қалады.

Кейбіреулер “Шымкенттен, Жетісайдан емессің бе?” деп жатады. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Қуанышқа назар аудару керек деп санаймын”, – дейді ол.

“Мен неге қарамын?” деп ойлайтынмын

“Бала кезде осы сұрақты өзіме көп қоятынмын. Әкеме қарасам, ол қап-қара, анам аппақ, ал мен қоңырмын. Осы отбасының баласымын ба өзі деп ойлайтынмын. Ақ болғым келгені сонша, жауын жауған соң шалшық суға барып, ағарып кетемін деген үмітпен оларды басатынмын. 

Кейін есейген соң кемсітушілік ниетте талай жағдайлар болды. Әлі күнге дейін “негр” деп айтатындар да бар. Оларға қазір ренжімеймін де, дегенмен бұл сөздің шығу тегі “құл” дегеннен шығатынын адам өзі ойланып, санасына қабылдауы керек.

Бірде автобуста жүргенде “Негр, сен өз еліңе қайт!” деп бір кісі айқайлаған. Қатты ашуланып, оған менің елім Қазақстан екенін айтып, жауап бердім. Ол қатты таңғалып, не айтарын білмей қалды. Әрине, Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, бейбіт өмір сүріміз керек”, – дейді Даниэль Джеймс.

Қазақстанда 500-ден аса афролықтар тұрады

Жоғарыда айтқанымыздай, Даниэль Джеймс – африкалық мәдени орталықтың жетекшісі. 

“Орталық осы жерде туып өскен, не өзге елден келген африкалықтарға арналады. Менталитетімізді, тарихымызды түсінетіндер жиналып, этно-шараларға қытасамыз, ұйымдастырамыз. Қазақстанда 500-ден аса афролықтар тұрады. 

Орталықтың мақсаты – осы азаматтарға, әсіресе, шетелден келген афролықтарға көмек беру, қолдау беру. Біршама уақыт бұрын бірнеше ай бойы афролықтарға әр сенбі сайын қазақ тілінен сабақ бердім. Жақсы нәтижелерге жеткендер бар”, – дейді ол.

 

Сұхбаттың видео нұсқасын YouTube арнамыздан көре аласыздар!

Талқылау