Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Қалталарына орыстардың шашын салып жүрген": Мамандар қазақтардағы тұмар мен көзмоншақ шын мәнінде қандай болғанын айтты

Бүгінде наным-сенім шеңберінде көк түсті көзмоншақтарды жиі пайдаланатындар өте көп. Жаңа туған сәбиден бастап, табалдырық аттаған жас келінге дейін моншақ тасты түйреуіш қадап жатады. Одан бөлек, әр затқа, көлікке, тіпті кейде мойынға іліп жүретіндер қаншама. Десе де дәл осы көзмоншақтардың шығу тарихына пікір әртүрлі. Тарихшылар түркі халықтарының қорқынышты жеңуі үшін арнайы жасаған дүниесі дегенді алға тартса, этнографтар қазақ халқының табиғатпен үндесіп өмір сүруі нәтижесінде пайда болғанына тоқталады. Stan.kz ақпарат агенттігі осы ұғымға шолу жасап көрді. 

Фото: pixabay

Қазақ халқының наным-сенімінде, дәстүрінде, салтында көзден, сөзден сақтану, қорғану бар. Жұрт оған әртүрлі жолмен ем іздейді. Мойынға бойтұмар тағады, көзмоншақтар іледі, күйе жағады, қызыл шүберек байлайды. Тіпті халық емшілеріне барып аластатып жататын жайттар да жоқ емес. 

Осы орайда көзмоншақ қайдан және қашан пайда болды деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Тарихшылар бұл ұғымның сонау түркі заманында болғанын айтуда. Тіпті Мысыр құдайлары мен патшаларының бетін көз кейпінде бояуы, суреттер салуы сол наным-сенімнің бір көрінісі екенін айтады. Бірақ, бір қызығы, түркі даласында көзмоншақтардың түсі қоңыр болған. 

Елдегі жас тарихшылардың бірі Нұрқожа Ерсайын бұл жағдайды былай түсіндіреді. 

“Бұрын көзмоншақтар қоңыр түсті болған. Кейін оғыздар Түркия жаққа көшкеннен кейін қазақ даласында Крест жорығы басталады. Осылайша ата-бабамыз сол кресшілермен соғысты. Ол – тарих. Міне, кресшілердің көздері көк болған. Ал түркі халықтарында ұқсас нәрсе ұқсас затқа қарсы тұрады деген түсінік бар. Мысалға сен неден қорықсаң, соның образы арқылы кері қайтара аласың. Яғни өрмекшіден қорықсаң киіміңе өрмекшінің суретін тоқып аласың. Осылайша саған ол жоламайды деген ұғым болады. 

Көзмоншақтың түсінің көк болуы да осыған тікелей байланысты. Крест жорығы кезінде көк көзді еуропалық солдаттар келген кезде солардан қорғану үшін осындай көк түсті көзмоншақтар ұстап жүрді. Осылайша сол кезеңнен түсі көк болып қалып кетті. Негізінде түркі халықтарында мұндай моншақтардың түсі қоңыр болатын”, – дейді тарихшы. 

Фото: pixabay

Сонымен қатар ол тағы бір қызық деректі келтірді. Яғни бертін келе қазақтар Ресей қарамағына өткен кезде өз қорқынышын жеңу үшін, үрейін басу мақсатында қалталарына орыстың шашын салып жүретін болған дейді. Бұл да сол наным-сенімнің, көзмоншақ іспетті тұмардың бір өзегі деп түсіндірді. 

“Одан бөлек 19-20 ғасырларда қазақтарда орыстың шашы бойтұмар болған. Әсіресе ол сары шаш болса, бірден кесіп алып қалтасына салып жүретін. Пәле жаладан қорғайды деп түсінді. Себебі сол замандарда әртүрлі жағдай болды, орыс солдаттары тыныштық бермеді қара халыққа дегендей. Сол себепті жау көру, қорқу мақсатында қалталарына салып жүретін, – дейді Нұрқожа Ерсайын. 

Әрине халықтың дәстүріндегі ұғым тарих беттерінде осылай деп сипатталып та жүр. Бірақ белгілі этнограф Досымбек Қатранұлы көзмоншақтардың түсі мүлде кресшілерге де, көк көзді адамдарға да қатысы жоқ екенін айтып берді. Ол қазақ халқы ежелден табиғатпен үндесіп келе жатқан соң қоршаған ортаның бояуын да бойына сіңіре білген дейді. 

“Көз тас деген нәрсе Орта Азия халықтарының ғана түсінігінде бар. Мына оңтүстік жақта Араб, Пәкістан деген сияқты өзге елдерде жоқ. Бірақ көз тию деген құранда айтылады, бірақ ұғымы басқаша. Ал одан қорғанудың жолы деп осы көзтастарды шығарған – Орта Азия халқы. Өйткені арабтарда жайнамаз деген болған жоқ қой, оны да Орта Азия жұрты енгізген. Сол секілді көзтаста біздің халықтар арасында пайда болған дүние. 
Жалпы қазақта барлық бояу табиғатпен үндесіп жатыр емес пе. Табиғи бояу. Қызыл, жасыл дегендей. Ал көк көзді еуропалықтардан, орыстардан қорғану үшін көбейді деу өтірік. Керісінше тастардың түске бөлінуі табиғаттағы бояудың әсері. Мысалға айтаын, оңтүстік өңірлерде әшекей болсын, басқа да наным-сенім заттары болсын, бояулары қанық және әртүрлі. Егер орталық жаққа қарай ауыссаңыз онда түстер реңі баяулай бастайды. Тіпті ол жақта жоқ десе де болады. Бұл сол өткен замандарда қалыптасқан үрдіс. Сондықтан көз тастардың, моншақтардың көк түске боялуын өзге ұлттан қорқу деген түсінік қате, – деді маман. 

Фото: pixabay

Сонымен қатар этнограф орыстың шашын қалтаға салып жүру мәселесін де түсіндіріп берді. Пайымынша ол орыстан қорқу емес, керісінше жын-шайтаннан сақтанудың негізгі құралы. Өйткені орыс ұлтының шашы көбіне сары түсте. Ал дәл осы реңдегі шашқа қазақ ұғымында жын-шайтан жоламайды деген түсінік болған. 

“Қазақтан шайтанның шашы сары болады екен деген ұғым бар. Ал орыс халқының да сол шашы негізінен осындай түсте. Міне, ата-балаларымыз сондықтан да қалтасына олардың шашын салып жүрді. Тіпті кейде үйдің бұрышына қойып қоятын да жағдайлар болған. Мұның бәрі орыстан қорқу, қашу емес, керісінше жын-шайтаннан қорғану жолы”, – деп қысқа қайырды Досымбек Қатранұлы. 

Шынында, көз тиюдің, сөздің бар екені дінде де нақты көрсетілген. Бірақ одан қорғанудың басты жолы көзмоншақтар мен емшілік әдістер немесе бойтұмар ілу емес, дұға деп ашық айтылады. 

Фото: pixabay

Жалпы қоғамда көз бен сөзден бөлек әр түстің өзіне тән ұғымы, наным сенімі де бары жасырын емес. Мысалға халық арасында көк, не ақ, болмаса қызыл реңге байланысты ерекше ұғымдар бар. Мысалға ақ –  қайырымдылық пен пәктіктің түсі болса, көк – жан тыныштығын, молшылықты, татулықты білдіреді екен. 

Әрине, халықтың дәстүрі, наным-сенімі өткен замандарда көшпенді халық үшін қарапайым ұғымнан болса, бүгінде, дамыған заманда ел пікірі әртүрлі. Содан да болар, көзмоншақ пен бойтұмарды жұрт түрліше қабылдайды.

Олжас Нұржақып
Бейсенбі, 15 Маусым, 2023 15:32
Талқылау