Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ даласындағы алғашқы ақша: Қазақтардың негізгі "валютасы" қандай болды? 

Өте ертеде, сонау ғұн мен сармат дәуірінде Қазақстан даласында алғашқы ақша жүйесі қалыптасты. Әр елдің ақша айналымының тарихы оның экономикалық және мәдени дамуына, тарихи кезеңдеріне байланысты болатыны белгілі. Биыл біз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің 30 жылдығын атап өтеміз. Валютамыздың пайда болғанына көп уақыт өтпесе де, оның тарихын сонау көне замандардан таратып айтуға болады.15 қараша – Ұлттық валюта күніне орай, Банк ЦентрКредитпен бірге қазақтардың ежелгі және орта ғасырлардағы ақша жүйесіне шолу жасаймыз, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы сауданың Қазақстан экономикасына және оның ақша жүйесінің қалыптасуына қалай әсер еткеніне тоқталамыз.

Айырбас жүйесі

Біздің дәуірімізге дейінгі VII-VIII ғасырларда қолмен ұстайтын ақша әлі болмаған кезде, адамдар айырбас жүйесін қолданды. Барлығы бартерге ұқсас қарапайым "тауарға – тауар" ұғымынан басталды. Олар жылқы, ет, сүт, жүн, тері және т.б. сияқты құндылығы бар заттармен алмасты.

Мұның қалай жүзеге асқанын түсіндіріп өтейік. Мысалы, біреу малын немесе аулаған балығын нанға, ет немесе матаға айырбастаған. Кейбір жерлерде тіпті тас пен теңіз қабыршақтары "ақшаның" орнына жүрді.

Алғашқы ақшаның пайда болуы

Тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы Семей университетінің профессоры Амантай Исин Қазақстан территориясында ақша біздің дәуірімізге дейінгі III-II ғасырларда болғанын айтады. Ғұндар мен сарматтар дәуірінен табылған жәдігерлер ақша бұл мәдениеттің ажырамас бөлігі болғанын көрсетеді.
"Қазақстан даласындағы алғашқы теңгелердің шетелден келгендігі де қызық. Оларға Қытай, Кушан патшалығы, Рим және Грек-Бактрия сияқты дүние жүзінің әртүрлі бөліктерінен келген ақшаны жатқызамыз. Дегенмен ертедегі монеталарды түргештер жасап, оларды Қытайдағы Таң әулетінің үлгісімен соққан. Кейін мұндай тиындар Қырғызстанда да, Қазақстанда да көптеп табылды.

Одан кейінгі дәуірлерде осы өңірде өмір сүрген қарлұқтар түргештердің ақшасын ұзақ уақыт пайдаланған, ал Қарахан мемлекетінде монета белсенді өндіріле бастаған. Мұнда монеталар – күміс дирхамдар мен мыс теңгелер көптеп шығарылды. Бір қызығы, ислам ақшасында адамның бейнесі болмаған, бір жағында кәлима (Исламға сенетінін көрсететін мәлімдеме), ал екінші жағында билеушінің аты-жөні, лауазымы, билеген жылдары жазылды", – деп атап өтті Амантай Исин.

Бұл монеталар – Қазақстандағы, сондай-ақ Ұлы Жібек жолындағы сауда мен айырбастың бай тарихының бір бөлігі. Соның арқасында ақшаның бұл аймақтағы адамдардың өмірінде маңызды рөл атқарғанын көреміз. 

Ұлы Жібек жолының ақша жүйесіне әсері

Шығыс пен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы Қазақстанның ақша жүйесінің қалыптасуына орасан зор әсер етті. Оның осы жолдың бойында орналасқан қалалардың гүлденуіне, сауданың жандануына себепші болғаны сөзсіз. 

“Аса құнды тауарлар да болды. Оған зергерлік бұйымдар, әйнек, түрлі мата, киіз, шарап және басқа да көптеген өнім, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері, жеміс, тіпті металл бұйымдары сынды ерекше құнды тауарлар болды", – дейді маман.

Орта ғасырлардағы ақшаның құны

Айырбас жүйесінде алтын мен күміс те маңызды рөл атқарды. Алтынның нарықтағы өзіндік құны болды, яғни күмістің 10 бірлігіне теңелген. Бірақ бір қызығы, кейде бір алтынның құны 11, тіпті 12 күміске дейін жеткен.
"Араб халифаты жоғары сапалы алтын үлгілерін шығарған. Қазақстанда Шағатай мемлекеті дәуірінде қаржыгер Масхұтбек салмағы 2,1 грамм күміс дирхем соққан. Бұл тиындар ұзақ уақыт пайдаланылып, сауда үшін өте құнды болды. Ол заманда Шағатай мемлекетінің экономикасының өркендеуінде Отырар, Алмалық, Тараз қалалары басты рөл атқарды", – дейді ол.

Алайда Ұлы Жібек жолының әлсіреуімен Қазақстан аумағы нарықтық және сауда жолы ретіндегі құндылығын жоғалтты. Орта ғасырларда байтақ жері бар Араб халифаттарында қуатты ақша жүйесі болғанын атап өту керек. Ол кезде Бағдад қаласы әлемдік қаржы орталығы болатын. Ал Қазақстан жерінде Қарахан мемлекетіндегі қалалар Шағатай мемлекеті тұсында гүлденді.

Қағаз ақшаның пайда болуы және оның тарихтағы рөлі

Қағаз ақшаның тарихы сан ғасырларды қамтып жатыр және сауда көлемін жеңілдету әрі кеңейту қажеттілігінен туындаған еді. Бұған дейін адамдар теңіз қабыршықтары мен металдарды ақша ретінде пайдаланған. Сонда қағаз ақша қалай пайда болды?

"Қағаз ақшаның пайда болуы сауданың өркендеуімен байланысты болды. Көп мөлшердегі монеталарды алып жүру ыңғайсыздық тудырды, тіпті кейбірін тасымалдауға ыңғайлы болу үшін ортасын ойын, жіпке тізді.
Орта ғасырларда қағаз ақша негізінен тек Қытайда болды. Мұндағы халық тығыздығы қолайлы айырбас құралын енгізуге қажеттілік тудырды. Ал Ресей империясында қағаз ақша 1769 жылы Ұлы Екатерина тұсында пайда болды. Қағаз ақша сауда көлемін ұлғайту үшін және металл монеталармен қатар алып жүру үшін пайдаланылды", – деп атап профессор.

Осылайша, қағаз ақша әртүрлі активтермен, соның ішінде жермен қамтамасыз етілді, сондықтан өз құнын сақтап қалды. Айта кететін бір жайт, елде қағаз ақша шығару үшін мамандандырылған зауыт қажет болды және әрбір қағазда билеушінің аты-жөні және шығарылған жылы жазылды. Бұл жалған ақша жасаушылармен күресуге көмектесті.

Теңгенің қалыптасуы – экономикалық тәуелсіздікке апарар жол

Қазақстанның ұлттық валютасы теңге 1993 жылы айналымға енгізіліп, еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің бастауы болды. 1 теңге – 500 КСРО рублі қатынасында айналымға енді. "Теңге" атауы ортағасырлық түркілердің "денге" немесе "танга" деп аталатын күміс теңгелерімен байланысты.

"Теңге Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігінің нышаны болды, оның құны мен тұрақтылығы Қазақстандағы пайдалы қазбалар, алтын және металдар арқылы қалыптасты", – деп қосты тарихшы.

2007 жылы қазақстандық валюта ₸ ретінде белгіленетін өз символын қалыптастырды. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, оның тарихы тереңде жатыр. 

Сауда мен айырбас жүйесінің бай тарихы бар Қазақстан экономикасы заманауи мемлекетке айналып, жаңа дәуірге аяқ басты. Десе де валюталық және қаржылық операциялардың тарихы елдің мәдени және экономикалық мұрасының маңызды бөлігі болып қала береді. 

Қазақстанның қазіргі экономикасында қаржы институттары кәсіпкерлер мен халыққа қолдау көрсету арқылы маңызды рөл атқарады. Сондай ұйымдардың бірі – Банк ЦентрКредит. Банк бизнес пен жеке тұлғаларға қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсына отырып, Қазақстан экономикасының дамуына қолдау көрсету дәстүрін жалғастыруда.

Банк ЦентрКредит несие және басқа да банктік қызметтерді ұсыну арқылы елдегі шағын және орта бизнестің дамуына белсенді түрде қолдау көрсетеді. Ол сондай-ақ инновациялар мен экономикалық тұрақтылықты дамытатын әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларды да қолдайды.

Талқылау