Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ болмауы керек, олар біртүрлі": Желіде жігіттер туралы ой білдірген қазақстандық қыздың видеосы үлкен дау тудырды

Фото: Видеодан скрин

Соңғы күндері әлеуметтік желіде 16 жастағы қыздың сұхбаты қызу талқыланып жатыр. Видеода блогер көшеде өтіп бара жатқан бойжеткеннен "16 жастағы жігіт саған ұнау үшін не істеу керек?" деп сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қыз өзіне ұнайтын жігіттің қасиеттерін тізіп айтып келе жатады.

"Біріншіден, ол өзіне қараған, күтім жасаған болуы керек, мені жақсы көруі керек және қазақ болмауы керек. Білмеймін, қазақтарға деген біртүрлі жақтырмаушылық бар”, – дейді қыз.

Бұл сөз көпшіліктің ашуын туғызды. Пікір қалдырушылар оның бұл жауабын екі ұлт арасында араздық тудыруы мүмкін деп айыптады.

Кейін бойжеткен өзінің TikTok парақшасында видеоға қатысты түсініктеме беріп, блогер әдейі келіп сұхбат алғанын және өзінің айтқан сөзі қате түсіндірілгенін айтты. Қыз кейін өзінің ақталған видеосын өшіріп тастаған.

Дегенмен, блогер жігіт оның бұл сөзін жоққа шығарып, ешқандай арандатушылық ойы болмағанын мәлімдеді және қыздың сөзіне сенбеуге шақырды.

"Қоғамда үлкен резонанс тудырған видеоны түсірген блогермін. Видеода бір қыз өзіне ұнайтын жігіттің түрі туралы айтып, қазақ жігіттерімен кездескісі келмейтінін білдірді. Оның бұл сөзі қоғамда үлкен реакция тудырды. Осыдан кейін қыз басқа видео түсіріп, өзін ақтауға тырысып, мені кінәлай бастады, яғни мен оны әдейі солай айтуға итермеледі деп. Бірақ бұл мүлде шындыққа жанаспайды. Оның сөйлеуінен-ақ байқауға болады, ол видеода бірден ойлап тауып, болмаған нәрселерді айтып отыр. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Ешкім ешкімді өз принципіне қарсы сөз айтуға мәжбүрлей алмайды. Мен түсінемін, оның сөзі көп адамды ренжітті. Ал менің қателігім, сол видеоны салмас бұрын, оның қоғамда қалай қабылданатынын ойламағанымда. Өз басым оны жай ғана адамның жеке талғамы сияқты қабылдадым. Біреу тамақты ұнатпайды, біреу белгілі бір стильді ұнатпайды деген сияқты", – деп ақталды блогер.

Дегенмен блогердің айтуынша, көпшілік аталған видеоны бүтін бір халыққа деген құрметсіздік деп қабылдаған. Сол себепті ол барлық Қазақстан халқынан шын жүректен кешірім сұрады. 

"Мақсатым біреуді ренжіту, адамдар арасында қақтығыс туғызу немесе біреуді арандату болған жоқ", – деп түсіндірді блогер Демид.

Алайда тақырып әлеуметтік желіде үлкен дауға айналып, пікірлер екіге бөлінді. Бірі қызды сынаса, енді бірі оны жас әрі ойланбай сөйлеген деп ақтап жатыр.

"Бұл жай ғана айта салған жағдай емес. Көптеген орыс ұлтының өкілдері қазақтарға деген ішкі өшпенділігі бар, тіпті оны жасырмайды да", – деп сөкті novomax_kz есімді қолданушы.

Аinaline_aby атты оқырман Қазақстанда әлеуметтік, ұлттық, рулық немесе діни араздық тудырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша жауапкершілік бар екенін айтады. 

"Жаза 2 жылдан 7 жылға дейін, ал ауыр жағдайларда 12-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Автор, міндетті түрде арыз жазуың керек!" – деді Аinaline_aby.

Басқа пікірлерде кейбір қолданушылар қызды қатты сөкпеуге шақырды.

"Қыз жас, шамамен 15-17-де, ойланып айтпаған болар. Ал блогердің мұндай видеоны жариялауы да дұрыс емес. Ондайды жай ғана өшіріп қоюға болар еді. Бізге ұлттар арасына жік салу емес, бірлік керек", – деді тағы бір оқырман.


Қазақстанға Украинаның кебін киетінін айтқан Тигран Кеосаян өмірден өтті


Аты-жөнінде қазақша әріптері бар жанкүйерлер "Қайрат" пен "Реал" матчына билет ала алмаған


Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың шілдесінде желіде қазақстандықтардың ар-намысына тиетін жазба қалдырған кәсіпкер әйел уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы жазған едік. Алика Мұхамадиеваның ұсталуына, "Қазақстан несімен танымал?" деген сауалға "Мамбетами" деп жауап беруі себеп болған. Сондай-ақ ол қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді "полукалбитский диалог" деп келемеждеген. 

STAN.KZ
Сенбі, 04 Қазан, 2025 22:20
Талқылау