"Harry Potter қазақ тілінде неге сөйлемеуі керек?": Әлемдік бестселлерді қазақ тілінде сөйлеткен Раиса Қадыр азаматтық борыш туралы
Биыл қазақ кітаптарының сөресі әлем әдебиетінің туындысымен толығып, қазақ балалары ана тілінде "Harry Potter" оқу мүмкіндігіне ие болды. Отыз жастан асқанда Джоан Роулингтың қиял-ғажайып әлемімен танысқан Раиса Қадыр кітапқа қызыққаны соншалық, сиқыршы баланы қазақ тілінде сөйлетуді қолға алады. Енді міне Роулингтің әйгілі қаһарманы сөйлейтін 80-нен астам тілдің қатарында қазақ тілі де бар. Stan.kz тілшісі баспагер, аудармашы Раиса Қадырмен байланысып, әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аударуы, болашақта қандай кітаптардың аударылатыны туралы сұрап білді.
Әлемдік классиканы қазақша сөйлеткен Steppe & World баспасының негізін салушы Раиса Қадыр Моңғолияда туып, Еуропада ұзақ жылдар тұрған. Елге оралғаннан кейін соңғы үш жылда әлемнің үздік шығармаларын қазақ тілінде сөйлетуді қолға алған. Баспагер көбінесе балалар әдебиетін аударуға ден қоятынын алға тартты. Ал әлем әдебиетін қазақ тілінде сөйлеутудің төркінінде ана тіліне деген махаббат жатыр.
"Жұртымыз өз тілінде сөйлемесе, өзге ұлттың тілінде сөйлеу дегенді қабылдай алмаймын. Басқалар қалай қабылдайтынын білмедім. Әлемдегі барлық ұлтты сақтап тұратын дүние ол - тіл. Тіл жоқ болса, онда ол ұлт та жоқ деген сөз", - дейді ол.
Елімізде балаларын орыс мектебіне білім сапасы жоғары деп беріп жататын ата-аналар көп. Қазақ тілінде сапалы білім бере алмайды деген стереотипке қатысты Раиса Қадырдың өз қосары бар:
"Орыс мектептерінде білім сапалы деген сөзбен келісемін. Ол рас. Өйткені, орыс тіліндегі оқу құралдары мен қосымша оқулықтар өте көп. Орыс тіліне әлемнің барлық классикасы аударылған. Сапалы оқулықтар бар жерде сапалы білім болатынын сөзсіз. Ал қазақтілді мектептерде оқулықтарға көп көңіл бөлінбейді. Өкіметтік орындар аудармаға, оқулыққа көңіл бөлмейді, қарайтын уақыты да жоқ. Сондықтан бәрі өзімізге қалып қалып отыр. Үкімет қашан жасайды деп отырғанша, азаматтық қоғам өздері жасауы керек", - дейді аударма үйінің басшысы.
Әлемдік жауһарлардың ішінде неге дәл "Harry Potter"-ді таңдап алдыңыз деген сұрағымызға:
"Неге Хэрри Поттерді қазақтың баласы қазақ тілінде оқымауы керек? Неге Гарри Поттерді қазақтың баласы білмейді? Кинодан ғана көреді де қояды, ал ауылдағы баланың біреуі білмейді. Неге әлемнің сексен тіліне аударылған классика қазақ тілінде сөйлемеуі керек? Бұл қазақтарға "Хәрри Поттерді" қазақша оқуға зор мүмкіндік деп ойлаймын", - деп жауап берді.
Джоан Роулингтің қомақты туындысын аударуға кәсіби аудармашылар тобы жұмылдырылған. Кітапты тікелей ағылшын тілінен аударуға үш аудармашы, бір редактор білек сыбана кірісіп, жарты жылдай уақыт кеткен.
"Кітапты алған адамдардың барлығы өте жеңіл, түсінікті жазылғанын айтып жатыр. Тіпті 1-2 күннің ішінде бір демде оқып бітірдік деп айтқан кезде еңбегіміздің ақталғанын сеземіз. Бұл біз үшін керемет сезім. Өйткені көпшілік арасында қазақша нұсқасын оқысам түсінбеймеймін, тілі күрделі, бір-екі бет оқыған соң ары қарай оқи алмаймын дегенді жиі естиміз. Ал бұл кітап жайлы мұндай пікір естімедім", - дейді алғашқы жұмысы көп көңілінен шыққаны үшін шын қуанған Раиса Қадыр.
"Оқырмандардың кейбірі қазақ тіліндегі көне сөздерді, тіркестерді білмегендіктен, қазақ классикасын сусындамағаннан оларға кейбір сөздер түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Ол кісілерге қазақ әдебиетінің жауһарларынан сусындауға кеңес береміз. Дегенмен біздің аудармашылар кітаптың жеңіл, бір оқығанда түсінікті, жұмыр болуы үшін көп тырысты", - дейді Раиса Қадыр.
Қазақ тілді "Хәрри Поттердің" сатылым жайын сұрағанымызда өздерінің коммерциялық баспа екендерін, жоба қолға алынғанда барлығын жан-жақты есептеп барып іске кіріскендерін айтты.
Алдағы уақытта Раиса Қадыр "Таң шапағаты" ("Магия утра") және Роберт Маурердің "Путь кайзен" атты кітаптарды қазақ тілінде сөйлететіндерін жеткізді.