Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірінші босанатын аналарда қорқыныш болмайды": Қазақстандық доула өзінің ерекше жұмысы туралы

Доула қызметі туралы естуіңіз бар ма? Бұл қызмет түрінің Қазақстанға келгеніне бірнеше жылдың айналасы ғана болды. Доула - әйелдермен өміріндегі ең маңызды сәттердің бірінде босану кезінде көмектесетін, оның барынша жеңіл өтуіне септесетін, ақыл-кеңесін беретін адам. Қазақстанда қазақтілді доулалардың көшін бастап тұрған Айман Қабылбекқызы өз қызметінің қызықты тұстарын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

доула

Перзентханада жүріп түсінгенім, әйелдерге демеу керек

Үш баланың анасымын, отбасым бар. 1993 жылдан бері акушермін, оның соңғы 10 жылын перинаталды психолог ретінде қызмет етіп келе жатырмын. Жүкті әйелдермен психологиялық тұрғыда жұмыс жасап, босануға дайындаймын. Біраз жылдан бері перзентханада жүріп түсінгенім - аналарға психологиялық, физиологиялық және анатомиялық жағынан түсіндіру керек екенін ұқтым. Содан акушерлік және перинаталды қызметімді доула саласына ауыстырған жайым бар. 

Қазақстандықтар үшін бұл жаңа формат. Еуропадан келген ұғым. Ол жақта бұл ұғымның бар болғанына 20-30 жыл болды. Ал біздің елмізге Олеся Ливаренко деген Украина азаматшасы алып келді. Ол кісі курстар ашып, өз тәжірибесімен бөлісті. Шындығында қазақтілді доулалардан оқып, білімін жетілдіріп жатқандардың ішінде өзім ғанамын. Көбі орыстілді мамандар. Білімім 200%-ға  жеткілікті болған соң осы жұмысты бастадым (күліп).

 

3-4 бала босанғандар доула қызметіне көп жүгінеді

Доула қызметінің біздің елімізде кең тараламауына ақпаратты тарататын қазақы аудиторияның жоқтығы себеп. Қазір еліміздегі доулаларды Украинадан, Ресейден келген мамандар дайындап жатыр. Солардан үйренгенімді инстапарақшама жазып, өзім енді қолға алып, дамытып жатырмын. Менің ондағы ойым - әйелдер дұрыс босансын, қиналмасын, дені сау бала алып келсін деген мақсат. 

Қуантарлығы, соңғы уақыттарда доула қызметіне жүгінетін қазақтілді орта көбейіп жатыр. Карантин басталғалы серіктес босануға кіре алмаймыз. Ал кеңес беруді онлайн түрде жүргізіп жатырмын. Себебі жалғыз Алматы емес, басқа қалалардан да кеңес алады. Оның ішінде өзінің денсаулығын күтетін, дұрыс босансам деген әйелдер ғана хабарласады. Бірінші босанатын аналарда қорқыныш болмайды, аз хабарласады. Маған көбіне үшінші, төртінші баласын босанайын деп жатқан аналар кеңес сұрайды. Себебі олар бірінші босанғанда қиналған. Былайша айтқанда, "елдің бәрі босанып жатыр, біз де босанып аламыз" деп білмей барып қалғандар. Босанудың оңай еместігін, босану үшін де көп нәрсе білу керек екенін түсінетін аналар келеді. 

доула

Қызметімнің құны қазақы аудиторияның жағдайына қарай қойылды

Шын мәнінде әйел жүктілікке дейін салауатты өмір салтын ұстанып, жүктілікке дайындалып келуі керек. Бала көтергенде ғана денсаулыққа көңіл бөлмей, оған дейін де денсаулыққа қарау керек. Көбіне жүктіліктің 34-35-нші аптасындағы әйелдер келіп жатады. Алдыма келген әйелдің бірінші физиологиясы туралы анамнез алған соң жұмыс бастаймын. Қан қысымы көтерілмеу керектігін, перзентханаға қай кезде бару керектігін, қай уақытта жедел жәрдем шақыру керек және қалай тыныстау керек екенін үйретемін.

Бір анаға 5 сағат уақыт жұмсаймын. Бес күнде бір сағаттан. Өзімнің тәжірибеме байланысты көпке созбаймын. Сол аралықта қорқынышын жойып, босануға дайындап шығамын. Әйелге сенімділік сыйлап, қателік жібермеуді үйретемін. Әйелге қолдау беріп, қанат бітіреміз. Қорқыныш болған кезде денесі тырысып, босану процесі созылып қиналып қалатынын айтып түсіндіреміз.

Жүкті әйелге жеке кездесіп, кеңес беретін болсам, сағатына 4-5 мың теңге аламын. Қызмет құны арзан, өйткені менің аудиториям қазақы болған соң, солардың жағдайына икемдеп қойдым.

Доула болу менің өмірік миссиям деп санағандықтан, бұл салаға ақша үшін келген жоқпын. Әйелдерді босандырып, сондай сәтте қасында қолдау көрсету маған ұнайды. Осы жұмысымнан ләззат аламын. Кейін құны өсуі де мүмкін. 

Серіктес босануға кіріп жүргеніме 12-13 жылдай болды. Осы уақытқа дейін 350-400 әйелді босандырған шығармын.  Серіктестікке кіретін аналарды 34-35 аптадан бастап аламын. Ол кезде 24 сағат анамен бірге боламын. Туғанға дейін және туып болған соң да жанында боламын. Доула серіктестігі 100 мың теңге деп өз бағасын қойған, ал мен бірінші туатын қыздарға 50 мың теңге, қалғандарына 40 мың деп айтамын.

Орыстілді аудитория 45 минуттық кеңес беру доулалық қызметіне 10 мың теңге алады. 

 

Бір күнде бір сағата екі ананың толғағы бірге келіп қалды 

Онлайн кеңес, болсын офлайн болсын, бір айда 20-25 әйел келеді. Бірақ серіктестікке оның бәрімен бармаймын. Ерте жазылып қойғандырдың босанатын уақыты қабаттасып қалмауы керек. Бір аптаға кейін алуға тырысамын. Себебі екі ананың толғағы бір күнде бір сағата келіп қалған күндері болған. Бір доула екі анаға үлгермейтін болған соң, әріптесіме өтініш жасап, екеуміз екі жаққа кеттік. Айына орта есеппен 4 әйелге серіктес бола аламын. 

 

Әйелмен бірге дем алып, күшенсе, біз де күшенеміз

Доула қызметінің этикеті бар. Дәрігердің жұмысына ешқандай кедергі келтіруге біздің құқығымыз жоқ. Біз тек әйелдің массажын жасап, суын беріп, екі сағат сайын баратын дәретханасына бірге барамыз. Ритміне қарай қалай дем алу керек соның бәрін үйретіп, есіне салып тұрамыз. Әйел дем алса, дем алып, күшенсе, бірге күшенеміз. Акушер-дәрігерге қарайтын шамамыз болмайды. Дәрігер мен әйел арасындағы көпірміз десек те болады. Көп жағдайда босануға барған әйелдің жағдайы болмай жатады. Дәрігерлер аса мейіріммен қарамауы да мүмкін. Сондай жағдайда әйел құқығы қорғалуы керек. Әйелдің жанында психологиялық, физиологиялық тұрғыдан демейтін жанашыр бір адам болуы керек. 

доула

Серіктес босануға анасының кіргеніне қарсымын

Босанғалы жатқан әйел қасына серіктес ретінде кімді кіргіземін десе де өзі біледі. Анасы, құрбысы, әлде күйеуі кірсе де - өз қалауы. Босанатын адамы жанына жайлы болуы керек. Бірақ бірге кірген адамның да неше түрі болады. Күйеуі жай қарап тұруы мүмкін немесе әйелінің қиналғанын көріп, дәрігерлермен ұрысып кетуі мүмкін. Доула ретінде болсын, адам ретінде болсын, босанғалы жатқан қыздың анасы серіктес болып кіруіне қарсы болатын едім. Өйткені өз қызының қиналып жатқанын көру қай анаға болсын ауыр. Ал құрбысы кіретін болса, бұл процессті бастан өткізген, кемінде 2-3 баласы бар, ақыл айта алатын адам болуы керек.  

 

Жүктілікке байланысты қазақ әйелдері сауатсыз 

Дені сау әйелден дені сау бала туылады. Бұл менің ұраныма айналып кетті. Баланы отбасында жоспарлау керек. Отбасындағы жағдайға байланысты бала саны болуы керек. Балаға білім беріп, асырау үшін материалды, моральді жағдайдың жақсы болуын ескеру керек. Екіншіден, әйел денсаулығы мықты болуы керек. 

Басым әйелдің қателікері баланы жоспарламайды, денсаулығын күтпейді. Бір баланы босанып болған соң артынша екіншісіне жүкті болып қалады. Мұндай жағдайда ана организімі бала көтеруге дайын болмайды. ДДСҰ ұсынысы бойынша ана сәбиін 2 жасқа дейін емізуі керек. Ал жүкті болып қалған әйел баласын 1 жастан емізбей қояды. Былайша айтқанда бала сүтке жарымай өседі. Ондай бала өсе келе түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін. Осындай қателіктерді жібермесе екен деймін. Босанғаннан кейін жүкті болудан сақтанып, витаминдер ішіп, дәрігерден кеңес алуы керек. Осы тұста біздің қазақстандық әйелдер сауатсыз. Бұлай айтқаныма режімесін. 

Бала туып жатырмын, дені сап-сау жүгіріп жүр деп ойлайды. Қосалқы аурулар жасөспірім шақта шығады. Витаминдер ішіңіз деп жатсақ жағдайым жоқ дейді. Жағдайы жоқ ана баланы қалай босанады? Нағыз өзіне көңіл бөлетін уақыт - жүктілік кезеңіндегі тоғыз ай. 

 

Жеңіл босану деген ... 

Біріншіден қан жүйемізді реттеп тұратын гемоглобин мөлшері жоғары болуы керек. Гемоглобин - үлкен энергия көзі. Артық қан жоғалтпай, жарақат алмай, кесар тілігіне ілінбей, ешқандай дәрі-дәрмексіз босанған әйел жеңіл босанды деген сөз.

Дайындаған: Мәлік Жанна

 

Талқылау