«Қазақ» атауы қайдан шыққан
Қазіргі қазақ тіл білімінде этимология саласы зерттеушілердің назарынан қағаберіс қала бастағандай. Бірен-саран жекелеген еңбектерді атамағанда, іргелі зерттеулер жоқтың қасы. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» десек те, ана тілімізді күнделікті күйбең күнкөріс тілінен, аударма тілінен жоғары деңгейге көтере алмай жатқанымыз да өтірік емес.
Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын Мәскеуде жарық көрген «Түркі тілдері» атты ұжымдық монографияда сол кездегі түркі тілдері ішінде 39 «тірі» тіл және 15 «өлі» тіл бар екендігі атап көрсетілген, деп жазады Егемен Қазақстан газеті.
Сол кездің өзінде долған, кумандин, тофалар, тубалар, тува-тожын, челқан, чулым, шор тілдері тәрізді он шақты тілге жоғалып кету қаупі төніп тұрғандығы айтылған болатын. Сондықтан, апат айтып келмейді демекші, қазіргі түркологияның да тамырын тереңнен тартпасқа амалы жоқ.
Кеңестік кезеңдегі тіл білімінің қасаң қағидаларынан арылып, салыстырмалы тарихи-лингвистикалық зерттеу әдісін сақтай отырып, қазақ тіл білімін дамытуда тыңнан түрен салуға тура келеді. Біздің айтпағымыз: қазақ тілінің даму тарихын түркі тілдері ареалында ғана қарастырмай, оны жалпы әлем тілдерімен байланыста, одан қала берді, үнді-еуропа тілдері тобымен тығыз қарым-қатынаста алып қараған әлдеқайда тиімді. Қазіргі кезде қолданылып жүрген әлем тілдері сыныптамасының өзі қаншама шартты десек те, оның да ешбір қисынға келе бермейтін тұстары баршылық. Осы орайда түркі тілдері компаративистикасын жаһандық деңгейге көтеру қазіргі түркологияны дамытуға соны серпін беретіні сөзсіз.
Кез келген сөздің этимологиясын жекелеген лексема түрінде, яғни лексикология саласында ғана қарастыру аса бір жемісті жол бола алмайды. Бұл дегеніңіз – сөз төркінін тануда оның тек сыртқы ұқсастықтары мен жалпы мағынасын қарастырудан әріге бармайтын, мүмкіндігі шектеулі тәсіл. Түркі тілдерінің өзге тілдерден бір ерекшелігі ондағы түбір сөздердің көп өзгеріске ұшырамай, бастапқы пішіні мен мағынасын тұрақты сақтап қалуы дер едік. Әйтсе де кейде түбір сөздердің өзі де белгілі бір уақыт өте келе грамматикалық, фонетикалық өзгерістерге ұшырайтынын тілдік материалдар айқын көрсетіп отыр. Сондықтан, этимология мәселесінде сөзді түбір-тұлға ретінде ғана емес, оны буын, жалғау, жұрнақ ретінде де, тіпті, дыбыстық тұрғыдан да кешенді түрде қарастыру керек дейтін аксиомалық тұжырымға жүгінген жөн.
Қазақ тілі туралы әңгіме бола қалса, «біздің тіліміз – керемет бай тіл» деп, ол жөнінде әйгілі тұлғалардан көптеген мысал мен дәйексөз келтіріп, мақтануға бейілміз. Мәселенің байыбына барып, орынды жерде жөнімен мақтансақ мейлі ғой. Бір ғалымдарымыздың пікірінше, қазақ тілінің сөздік қоры 150 – 200 мыңға жетіп жығылса, енді біреулері одан екі еседей көп дейді. Ғылым мен техниканың заманында ұшан-теңіз байлығымыздың есебін ала алмай жүргендейміз. Мәселен, «Жамбыл» десек, ойымызға бірден Жамбыл Жабаев немесе Жамбыл облысы не Жамбыл тауы түседі. Шымкентбай да солай, өз есімінің «тарихын» жақсы біледі. Әйтсе де ақпараттық таным-білігіміз осымен шектеледі. Өмір деген осылай: кейде мағынасы «түсініксіз», көнерген сөздерді архаизмнің ала дорбасына тастай салсаң да, оның қыр соңымыздан қалмай, тұрмысымызда қолданыла беретіні керқарада (парадокс!)! Әйтсе де ондай сөздер аса көп емес. Көп болмаса да қазақ тілінің глоссарийі керек-ақ. Көптеген сырлы да сұлу сөзіміз сандықта жатып сарғайып, «өлі» сөзге айнала ма деген пұшайман халге түсесің кейде.
Басқаны былай қойғанда, мемлекетіміздің атауына айналған «қазақ» сөзінің қайдан шыққаны жөнінде де әлі күнге тұжырымды, тұшымды жауап таба алмай келеміз. «Қазақ» деген сөздің мағынасын негізінен «қазы-ақ» («нағыз қазы», «әділ қазы» деген мағынада) немесе «қаз ақ» («ақ қаз» деген мағынада) деген сөздердің төңірегінен іздеп, халықтық этимологиядан аса алмай жүрген жайымыз бар.
«Қазақ» деген этнонимді жазба деректерден іздегенімізде әзірге орта ғасырлардан әріге бара алмайтынымыз әмбеге аян. Оның өзінде де бұл сөзді дәл бүгінгідей «қазақ» деп емес, «қайсақ», «қасоқ», «қосоқ», «касог», т.б. түрлі нысандарда кездестіреміз.
Біздіңше, «қазақ» деген этноним көне сақ тіліндегі «ас» + «сақ» деген екі түбір сөзден құралған. Академик В.И. Абаев өзінің «Словарь скифских слов» деген еңбегінде екі жүзден астам сақ тіліндегі түбір сөздерді атап көрсетеді. Солардың ішінде екі этноним ғана: aryana (арийлер) және as (астар) деген халықтардың (тайпалардың?) атауын білдіреді. Аryana деген сөзге кейінірек ораламыз. Ал ас деген түбір сөз (тамақ деген мағынада емес) қазіргі қазақ тілінде де асқан (асқан байлық), аса (аса байлық, аса сұлу) деген сын есім шырайлары нұсқасында кездеседі. Сондай-ақ, ас, аса деген сөздер қас (қас сұлу, қас шебер), қаса (қаса сұлу) түрінде де қолданыла береді. Осы сөздердің қай-қайсысы да нағыз, тым, аса, қаса, зор деген мағыналарға ие.
Фасмер өз сөздігінде скиф және сақ деген сөздерді бір халықтың екі тілдегі атауы, яғни түбірлес бір этноним ретінде қарайды. Сонымен, сақ тіліндегі «ас» + «сақ» деген екі этнонимнің тарихи-лингвонимдік эволюциясы мынадай: ас + сақ // қас+сақ // қайсақ // қасақ // қазақ. Бұдан шығатын қорытынды: «қазақ»деген сөз сақ тіліндегі «ас сақ» (нағыз сақ) деген сөздерден туындаған.
Қазіргі қазақ тілінде де, бірқатар түркі тілдерінде де с/ж/з немесе керісінше дыбыстық алмасулар тіл заңдылықтарына тән құбылыс болып келеді. Мысалы, Якутия-Саха елінің сақа (саха емес!) тіліндегі сылқы/жылқы, сапырақ/жапырақ деген сөздер немесе қазақ тіліндегі барамыз/барамыс, келеміз/келеміс деген айтылымдар (говорлар) бұған айқын дәлел.
«Сақология» деген не?
Тарихта «Есік жазбасы» деген атпен белгілі, Есік қорымынан (қорғаны емес) табылған күміс тостағанға бітіктелген сақ тіліндегі жазулардың құпиясы ашыла бастағандай. Былтырғы жылы ғана Мәулен Салыбековтың жазу мәтінін ашып оқыған нұсқасы (И.Гаршиннің сайтында жарияланған) біршама көкейге қонады. Күмәнді тұстары да жоқ емес. Басы ашық бір нәрсе: осы жазбалардағы кейбір таңбалардың ғана көне түркі руна таңбаларымен (Орхон-Енисей, Талас ескерткіштері) ұқсас екендігі және жекелеген таңбаларды арамей, набатей, нубидий, көне грек қаріптерімен де салыстыруға келетіндігі. Бұл жазулар аралас жазуға жатады.
М. Салыбеков күміс тостағандағы жазулардың латынша транскрипциясын былайша береді: Juz, el, teku, juungu, bizin (bizgi, bizingi), suvum, qamc.
Кирилицамен транскрипциясы: Юз, эль, теку, ю-унғу, бізің (бізгі, бізіңгі), сувум, қамыч.
Қазақша аудармасы: Тек бет-қолымызды жууға арналған су толтырылатын тостақан.
Бұл мәтіндегі күмән тудырып тұрған – теку деген сөз, оны тек деп аударғанмен де жазбаның жалпы мағынасына аса бір нұқсан келмейді.
Біздің айтпағымыз: әрине, тұтас бір тілдің болғандығын небәрі 25 таңбадан құралған бес-алты сөзден тұратын шағын ғана мәтінмен дәлелдей қою қиын. Дегенмен, дүниеде сақ деген халықтың жасағандығын, оның өзіне тән мәдениеті, өнері, экономикасы, әскері, мемлекеті, жоғары өркениеті болғандығын тарихшыларымыз әлдеқашан ғылыми түрде дәлелдеген жоқ па?!
Ендеше, сол халықтың тілі, жазу-сызуы болмаған дегенді қай қисынға сыйғызамыз?!
Еліміздің аумағынан табылып жатқан сақ тіліндегі әлі ашылып-оқылмаған көптеген жазба ескерткіш «Есік жазбалары» деген жиынтық атаумен ғылыми айналымға енгенімен, олар Еуропа елдерінен де, Қара теңіз жағалауынан, Ауғанстаннан, Ираннан, Памир тауларынан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Монғолиядан, Сібірден де табылып, тек толық ашып-оқудың кілті табылмай тұр. Осы жазба ескерткіштерге сүйене отырып, сақ тілінің ареалы әзірге Атлант мұхиты жағалауынан Аляскаға дейінгі орасан зор аумақты алып жатыр деп айтуға болады.
Сақ тілінің тарихына үңілер болсақ, оның тамыры тым тереңде жатыр. Сақ тілінің дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – көне сақ тілі заманы: біздің дәуірімізге дейінгі 9 мыңыншы – 5 мыңыншы жылдарды; екінші кезең – сақ тілі, сақ өркениеті барынша гүлденіп, дамыған нағыз сақтар заманы: біздің дәуірімізге дейінгі 4 мыңыншы – 2 мыңыншы жылдарды; үшінші кезең – сақ тілінің әлсіреп, өз тұтастығын жоғалтып, бірнеше туыстас (мысалы, түркі, т.б.), сыныптас (мысалы, алтай тілдері, үнді-еуропа, т.б.) тілдерге айналған заманы: біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтан бастап қазіргі кезеңге дейінгі жылдарды қамтиды. Бұдан шығатын қорытынды: кемінде 11 мың жылдық тарихы бар сақ тілі әлемдегі әрі көне, әрі жас тілдердің қатарына жатады. Бұл дегеніңіз сақ тілінің «өлі» тілдер тобына жатпайтындығын, яғни қазіргі түркі тілдері көне сақ тілінің тікелей жалғасы, «мұрагері» болып табылатындығын білдіреді.
Сақ тілі – нострат тіл (латынша: nostra – біздікі, біздің тіл). Оның таралу ауқымы түркі тілдері аймағынан да кең екенін жоғарыда айттық. Оны сақ тіліндегі жазулар таңбаларының саналуандығынан да байқаймыз. Түркі тілдері түгелдей дерлік сақ тілінен тарайтындықтан, сақ әлемін зерттейтін ғылым саласы –сақологияның өз алдына отау тіккені жөн.
Осы кезге дейін сақтарды сонау Геродоттан бастап біресе скифтер, біресе сарматтар деп келсе, енді оған жол беруге болмайды. Түркі тілдес халықтардың арғы тегі ғұндар, олардың арғы жағында біздің бабаларымыз сақтар тұрғандығын ескерсек, ата-баба атауын неліктен өзге тілде атауға тиіспіз? Бөтеннің бодауында болған соң бір кездері кайсак болдық, онан соң киргиз болдық, казак та болдық, енді келіп казахатанып, әйтсе де әлі күнге дейін қазақ деген атауымызды қайтарып ала алмай жүрміз. Бұл арада әңгіме ұлтымыздың, еліміздің халықаралық атауында, атап айтқанда, ағылшын тіліндегі атауында болып тұр. Ағылшын тіліндегі kazakh сөзі орыс тіліндегі казах дегеннің аудармасы екендігін екінің бірі біледі. Енді мұны Қ. Тоқаев мырза qazaq деп дұрыстағысы келсе, оны қыжыртудан әріге аса алмағанымыз, жұқалап айтқанда, мәдениетсіздік дер едік.
Сақ тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне, т.б. байланысты зерттеу саласындағы терминдерді скифология, скифиада, скифский звериный стиль, сакский курган (қорған емес, дұрысы – қорым ғой!), т.б. деп атамай, сақтарға байланысты терминдерді осы бастан дұрыс қалыптастыруымыз керек. Сақ әлеміне байланысты зерттеу жұмыстарын ғылыми тілде сақтану (сақтандыру деген мағынадағы омоним де бар) деп атау қолайсыз болғандықтан, ғылымда сақология деген терминді (түркология деген сияқты) айналысқа енгізгеніміз жөн болар.
Сонда сақология нені зерттейді? Қазіргі заманғы жаһандық талаптарды ескерсек, оның ауқымы аса зор болмақ: лингвистика (оның ішінде компаративистика, глоттология, т.б.), әдебиет, тарих, археология, философия, мәдениет, медицина, экономика, география, спелология, космогония, өркениет, т.б. Қысқасы, түркологияның болашағы – сақологияда!
Қазақ тіл білімі саласындағы, оның ішінде жалпы этимология бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің әдіснамасын түбегейлі өзгерте отырып, ұлт санасында қазақ тілінің философиясы деген жаңа ұғымды қалыптастыру қажет. Қазақ тіл білімі ғылымын таза лингвистикалық тұрғыда ғана емес, салыстырмалы тарихи-философиялық аспектіде де қарастыру арқылы түркі тілдерінің жаһандық компаративистикаға атсалысуын ғылыми негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Қорыта айтқанда, мыңдаған жылдар бойы «мың өліп, мың тіріліп» келе жатқан қазақ тілінің де мәңгілік жасайтынына кәміл сене отырып, өз пайымдауымызды мына бір ауыз сөзбиі түйдегімен түйіндегіміз келеді:
Жарғыласар,
Заңдасар тағдырымен
Қазақ тілі жалаулы, жамбылы* мол!
Салғыласар
Кімің бар сақ тілімен?!
Мәңгі жасар
тілі де Мәңгілік Ел!
Төрегелді Тұяқбай