Соңғы бес жылда 1,5 миллиардқа жуық теңгеге 47 мультфильм түсіріліп, тек төртеуі экранға шыққан
Фото: Кино сайттарынан
2019-2024 жылдары анимациялық фильмдерге 1,4 миллиард теңге бөлінгенімен, көрерменге жетпей қалған. Себебі тек төртеуі телеарнадан көрсетіліп, кинотеатрларға мүлде шықпаған. Ал тағы дубляжға бөлінген 886 миллион теңге көлеміндегі қаражат игерілу барысында қысқартылып кеткен. Осы орайда Stan.kz тілшісі "Қазақфильмнен"дубляжға бөлінген қаржы не себепті игерілмегенін сұрап білді.
Жоғарғы аудиторлық палатаның мәліметінше, "Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы" акционерлік қоғамының 5 жылда түсірген 47 анимациялық фильмінің жалпы бюджеті 1,4 миллиард теңге болғанымен, оларды ілгерілету жұмыстары жеткіліксіз деңгейде жүргізілген. Ұлттық арналардан небәрі 4 анимациялық фильм көрсетілген, ал кинотеатр экрандарында бұл фильмдер мүлде көрсетілмеген болып шықты.
Ал 2022-2024 жылдары қазақ тіліне дубляждалуға тиіс болған 40 фильмнің тек үшеуіне дубляж жасалған. Бұл жоспардың небәрі 7,5%-ына тең. Ал 2023-2024 жылдарға арналған 30 фильмді дубляждауға бөлінген 886 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражаты бюджет орындалуы барысында толығымен қысқартылып кеткен.
Осы орайда Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы 47 фильмнің анимациялық жоба екенін растады. Дегенмен оның 43-і пилоттық жоба екенін алға тартты.
"Аталған жобаларды ілгерілету мақсатында олар келесі телеарналарда, стримингтік сервистер мен платформаларда көрсетілді:
Республикалық телеарналар:
– "Хабар" / "Ел Арна" – 5 мультфильм
– "Qazaqstan TV" (аймақтық арналарды қоса алғанда), "Balapan TV" – 17 мультфильм
– "Silk Way Cinema" – 5 мультфильм
Стримингтік платформалар:
– "Kinopoisk" – 5 мультфильм
– "Megogo" – 41 мультфильм
– "Unico Play" – 17 мультфильм
YouTube:
– Анимациялық жобалар студияның ресми арнасы Qazaqfilm / Казахфильм-ге жүктелген.
"Қазақстан темір жолы" АҚ платформасы:
– 20 мультфильм пойыздарда көрсетілген", – деп жауап берді "Қазақфильм" киностудиясы.
Бұдан бөлек, киностудия 2025 жылы толықметражды "Алтын адам" анимациялық фильмі аяқталып, 2025 жылғы 5 маусымда кең кинотеатрлық прокатқа шыққанын атап өтті.
"Бұл туынды көрермен аудиториясын кеңейтуге және Қазақстандағы, сондай-ақ шетелдегі балалар мен жасөспірімдер арасында қазақстандық анимацияны насихаттауға ықпал етті", – деп түсіндірді киностудия.
Ал мәдениет және ақпарат министрлігі ведомствоның қолдауымен "Аватар" фильмі (2009 жылғы), "Черная пантера. Ваканда навеки" және "Аватар. Су жолы" фильмдері қазақ тіліне дубляждалуы жүзеге асырылғанын айтты.
"2023-2024 жылдары "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы жариялаған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға арналған іріктеу конкурстары ұсынылған өтінімдердің Іріктеу қағидалары талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты өткізілген жоқ. Осыған орай, бөлінген қаражат республикалық бюджетке кері қайтарылды", – деді министрлік.
Мемлекет жыл сайын шетелдік 15 фильмді қазақ тіліне дубляждауға 443 миллион теңге бөледі. Алайда 2023-2024 жылдары дубляжға фильм іріктеу конкурсына заң талаптарының тым қатаң болуына байланысты дистрибьюторлар қатыспаған.
"Соның салдарынан бөлінген 443,2 миллион теңге бюджетке кері қайтарылды. Қазір осы заңнамадағы кейбір талаптарды, мысалы, фильмдерге онлайн дауыс беру немесе олардың халықаралық стандарт бойынша кең таралуға арналған жоғары рейтингте болуы сияқты шарттарды жеңілдету үшін өзгерістер әзірленіп жатыр", – деді мәдениет және ақпарат министрлігі.

Соңғы бес жылда 1,5 миллиардқа жуық теңгеге 47 мультфильм түсіріліп, тек төртеуі экранға шыққан
