Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Бейімбет Майлиннің өмірбаяны

Stan.kz ақпарат агенттігі Алаш қайраткері, аса көрнекті суреткер жазушы, ақын-драматург Бейімбет Майлиннің өмірі жайлы сыр шертеді.

Қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Бейімбет Майлиннің өмірбаяны

Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы 15 қарашада Қостанай облысы, Таран ауданы, Ақтөбе деген жерде дүниеге келген. Оның балалық шағы да сол ауылда өтті. Бейімбет кедей шаруаның баласы. Бір жасқа толмай жатып әкесі, 6-ға келер шағында бай үйінде сауыншы болып жүрген анасы қайтыс болып, бала Бейімбет жетім қалады. Кішкентайынан жетімдіктің зардабын шеккен бала Бейімбет байларға жалданып жұмыс істейді. Алғаш сауатын ауыл молдасынан ашады. Содан кейін бай үйінде тұратын Әбдірахман Сатыбалдин деген татар молдасынан дәріс алады. Бірақ, Бейімбеттің тұрмыстық жағдайы оның өнер, оқуға, білімге деген талпынысына кедергі келтіре алмады. Сөйтіп, 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде,  Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алады.

Бейімбеттің әдебиет әлеміне деген алғашқы қадамы да осы медресе қабырғасынан басталды. Медреседе шәкірт болып жүрген кезде өзімен замандас болған башқұрттың атақты жазушысы Сайфу Құдаш секілді озық ойлы азаматтармен бірге оқиды. Бейімбеттің өзінің туған жері туралы «Он бес үй», «Жалшы» деген әңгімесі бар. Ол туған ауылы Ақтөбе туралы. 

Бейімбет алғашқы шығармасы «Шұғаның белгісін» 1915 жылы Уфада «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде жазған. Оны кейіннен өзі басқарған «Садақ» журналына шығарады. «Садақтың» әрі редакторы, әрі белсенді авторы болған Бейімбет осы журналдың үш нөміріне өзінің  тырнақалды прозалық туындысы «Шұғаның белгісін» жариялайды.

1917 жылғы Ақпан төңкерісі қазақ даласына да елеулі өзгеріс әкелді. Сол аласапыран кезде Бейімбет Алашорда идеясын жақтады. Халқының әсіресе, кедей жалшылардың күйіне алаңдаған Майлин Алашорда басында отырған азаматтарға үлкен сенім артты. Ол Алаш идеясына тілектес екенін ашық білдіреді. 1918 жылы Ахмет Байтұрсынов Қостанайға келіп, қазақ жастарын Алашорда қатарына жазылуға үгіттейді. Сонда Бейімбет Майлин алғашқыларының бірі болып тізімге жазылады. Сөйтіп, алаш ісіне араласа бастайды. Асфендияр Кенжинмен бірге ауылдарды аралап, салық жинау ісіне де қатысады. Бірақ, жүрегі ақ, көңілі таза Бейімбетке ел арасына барып, салық жинау халыққа жасаған қиянат секілді көрініп, ол 3 айдан кейін бұлардың қатарынан кетіп қалады. 

Жазушы 1922 жылы Сәкен Сейфуллиннің шақыртуымен Орынборға келіп, баспасөз қызметіне қызу кіріседі. Орталық газет бетінде жиі-жиі әңгіме, очерктер жариялап, «Қызыл Қазақстан» журналында «Шұғаның белгісін» жаңадан жөндеп, бастырады. Кітап баспасынан өлеңдер жинағын шығарады. 

Бұл уақытта Бейімбетті қалың көпшілік «Биаға» деп қадірледі. Ал, қалам ұстаған жастар жағы болса аға жазушыны ұстаз тұтып, одан үлгі алуға тырысты. Бейімбет жас қаламгерлердің тілеуқор досы, талабы күшті жаңа өскеннің жол көрсетушісі болды. Ол алдына келген жас буыннан ақыл-кеңесін аямайтын. Жаңа дәуір жастарына тілекші болып, бағыт-бағдар беруді жазушы өзінің ағалық парызы деп сезінетін. Сол дәуірде өмір сүрген жас ақын-жазушылар мен журналистер ғана емес, әнші әртістер қауымы да Биағаңның қамқорлығын көрді, қолдауын сезінді, ақыл-кеңесін тыңдады, өмір бойы Биағаға қарыздар болып өтті. 
Ол үлкен жазушы болумен қатар, қарапайым адам болды. 

1923 жылы Майлин Қостанай қаласына барып, ондағы губерниялық «Ауыл» газетін шығарысады. Көптеген новеллалары, сықақ әңгімелері, белгісі «Раушан коммунист» хикаяты осы газет беттерінде жарық көрді.

1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетіндегі қызметіне оралып,  Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын ұйымдастыру ісіне қатысады. Осыдан кейінгі 30-шы жылдарында «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі» газетінің бас редакторы болып істейді.

1934-37 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады. Осымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының құрамында Бейімбет ұлан-ғайыр әдеби еңбекті ұйымдастыру, ұйым жұмысын басқару, жас әдебиетшілерді тәрбиелеу ісіне араласып, үнемі атсалысып отырды. Бұл жылдары ол өз дәуірінің ұлы, өз заманының үні болудың озық үлгісін көрсетті.

Ал, 1936 жылы қазақстандық әртістер мен әдебиетшілерден тұратын делегация Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне қатысты. Мәдениет және ағарту комиссары Темірбек Жүргенов бастап барған делегация тамаша өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Тіпті, қазақстандықтарды Сталиннің өзі қабылдады. Замандастарының жазуына қарағанда сол кездесуде Сталин Чапаев фильмі туралы қазақтардың көзқарасын сұрапты. Киноның көңілден шыққанын білгеннен кейін Сталин: «Сендердің де өз батырларың бар емес пе. Мәселен, мен бір торғайлық комиссар туралы естіп едім. Оның аты-жөні Амангелді Иманов болатын» деп Амангелді туралы фильм түсіруге ұсыныс білдіреді. Бұл әңгімеден кейін Мәскеуден елге оралған Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлин бірден Торғай даласына аттанады. Бұл жұмыстың сценарийі өте сәтті шығып, фильмнің түсірілуіне республика басшылары тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, ерекше көңіл бөлінді. Түсіру жұмыстарына жарты жылдай уақыт кетті. Осы мерзім бойы Бейімбет Қаракестекте фильмнің басы-қасында жүрді. Бұл кезде оның жақын  достары Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров тұтқындалған еді. 

1974 жылғы 25 шілдедегі Тұрсынбек Кәкішевтің Ғабит Мүсіреповпен сұхбатында: 

«Бейімбет Майлин ұсталардан 1-2 жеті бұрын Мирзоян маған Сәкен мен Ілияс ұсталып кетті. Енді, міне Бейімбет те ұсталайын деп отыр. Материал көп деген қынжыл айтты. Сонда мен Мирзояннан: онда мына фильмді қайтеміз деп сұрадым. Түсіре берсін фильмді. Бір амалы табылар. Қазір ол фильм керек қой деді».

Бірақ, Бейімбетті Мирзоянның да қорғап қалуға шамасы келмеді. 1937 жылы дәл 6 қазан күні фильм түсіріліп біткеннен кейін Бейімбет Майлин үйіне қайтқан еді. Бірақ, сол күні болатын аласапыран Бейімбеттің ойына да келмеген шығар. 

1937 жылы контрреволюционерлер мен буржуазиялық ұлтшылдар қатаң сынға алынып, қолдан ұйымдастырылған саяси науқан өте қызу жүрді. НКВД жендеттері қазақ зиялыларына да жалған айыптар тағып, қудалай бастады. Бейімбет Майлин де олардың назарынан тыс қалған жоқ. 

«Бейімбет Майлиннің кешірек тұтқындалуының екінші себебі – Ғабит Мүсіреповтың қолдауына ие болуында жатқан сияқты. Өйткені, Ғабит Мүсірепов аймақтың комитетінде, жиналыстарда: Мен Бейімбетке сенемін. Сондықтан онымен жақын жолдаспын. Мен Майлинге жақынмын. Өйткені, оның кім екендігін өте жақсы білемін. Мен, Биағаңның жау екеніне сенбеймін деген сияқты ой-пікірлерін ашық айтып жүрді. Ал, Бейімбет тұтқындалғаннан кейін 2 күннен соң одақта  партия жиналысы өтті. Онда Бейімбетті партия жиналысына шығару мәселесі қаралады. Сол жерде Ғабит Мүсірепов: Бейімбет жау болса, онда мен де жаумын дейді. Бұл сөз ел арасына тез тарап кетеді. Және оның жаңғырығы бүгінге дейін жетіп отыр»,- дейді филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков. 

ЦККП мәдени ағарту бөлімінің меңгерушісі, жазушы, коммунист Ғабит Мүсірепов өзінің әріптесі Бейімбет Майлин үшін бар жауапкершілікті мойнына алатындығына және оның саяси тұрғыда сенімді адам екендігіне Жазушылар одағы басқармасының партиялық тобын сендірмекші болып, жанталасып бақты.  

Көп ұзамай, Бейімбет Майлин партия қатарынан шығарылды. Тергеу 53 күнге созылды. Тергеу аяқталғаннан кейін атылғанға дейін тағы 3 ай түрмеде отырды. Екі айға жуық уақытқа созылған жантүршігерлік ауыр тергеу Бейімбетті жасыта алмады. Өйткені, ол қазақ халқының болашағы жарқын екеніне сенімді еді. 

Бірақ, түрмеде отырған Майлин партиядан шығарылғанынан хабарсыз болатын. Сыртта, жарық дүниеде, ел ішінде не болып жатқанын да білмеді. Дегенмен, тергеліп, қапаста қамалып жатқан Бейімбет сырттағы болып жатқан қанқұйлы науқанның жантүршігерлік сипат алғанын сезетін. Бұл жолы аса ірі жазушы екендігіне, оның партия позициясына түсіп, сол үшін күресіп  жүргеніне қарамады. Шыққан тегінің кедей екендігі, өмірінің жоқшылықта өткендігіндей ескерілмеді. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей, Алашорда сапында болуы, ұлттық идеологияны уағыздауы алдынан кескестеп шыға берді.

Ақыры, 1938 жылы КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы көшпелі сессиясының үкімімен халық жауы деген жаламен Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин қылмыстық жазаның ең ауыры – ату жазасына кесілді. Бұнымен қоймай оның дүние мүлкі тәркіленіп, әйелі Гүлжамал «Алжир» деген әйелдер түрмесіне айдалады. Артынан, үлкен ұлын «халық жауының баласы»  деп соғысқа алып кетеді. Өкінішке орай, ол соғыстан аман оралмай, майданда қаза болады. Бұдан бөлек, тағы тір баласы шахтада жұмыс істеймін деп, Қарағандыға кетеді. Ал, «Ғалия» аталып кеткен Гүлсім есімді 3 жасар кішкентай қызын алдымен балабақшаға, содан кейін Талдықорғанның Сарқанд ауданындағы балалар үйіне береді.

Міне, осылайша кеңестің сұрқия жүйесінің жауыз жендеттері аяулы жазушыны шімірікпестен өлімге қиды. Бірақ, олар шындықты біржола өлтіре алмады. Бейімбет Майлин небәрі 44 жыл өмір сүрді. Бірақ, аз ғұмыр сүрде де, Бейімбет Майлин өзінің аса шебер жазылған көркем шығармалары арқылы ұлттық әдебиетімізді кемел биікке көтерді. Соның айғағындай ұлттық кейіпкерлердің ғажайып галереясын жасады. Сондықтан да жылжып жылдар өтсе де, бір ғасырдан бір ғасыр асса да ұлы дарынның есімі ел жүрегінен ешқашан өшпейді.

Талқылау