Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір отбасының адамдары қаза тапты": Иран АҚШ-тың Ирактағы елшілігіне шабуыл жасады

16 қаңтарға қараған түні Иран Иракқа зымыранмен шабуыл жасап, Эрбиль қаласындағы Америка елшілігі маңындағы сегіз нысанға соққы берді. Шабуыл салдарынан төрт адам қаза тауып, алтауы жараланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mehr басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: asiaplustj.info

Иранның таңдаулы әскері Ислам революциясы сақшылар корпусының хабарлауынша, ирандық әскерлер тек елшілікке ғана емес, америкалық әскери базаларға да шабуыл жасаған.

Америкалық ABC News басылымының хабарлауынша, қаза болғандар – күрд кәсіпкері Пешрав Дзейи және оның отбасы мүшелері. 

"Империя әлемі” сияқты ірі жобаларды басқаратын көрнекті күрд кәсіпкері және Falcon Group компаниясының иесі Пешрав Дизай сейсенбі күні түнгі сағат 1.00-де үйіне зымыран түскеннен кейін, отбасының төрт мүшесімен бірге жарақаттан қайтыс болды", - делінген хабарламада.

Ал Ирак қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, шабуылдан америкалық әскерилер мен дипломаттар зардап шеккен жоқ.

“Бүгін Ирак үкіметі қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жиын өткізеді. Отырыста Иранның Ирак территориясын бұзуы және екі ел арасындағы қауіпсіздік келісімін орындамау мәселелері қаралады”, – делінген хабарламада.



Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Адриен Уотсон ирандық әскерилердің шабуылын "ойсыз және нәтижесіз соққы" деп бағалады. 

"Ирактың солтүстігі мен Сирияның солтүстігіне зымыран түсті. АҚШ әскері соққыға жығылған жоқ. Біз Ирактың жоғары лауазымды тұлғаларымен, сондай-ақ Күрдістан шенеуніктерімен байланыстамыз. АҚШ Ирактың егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдайды", - деді Уотсон.

Сонымен қатар Ислам революциясы сақшылар корпусы Сириядағы ДАИШ позицияларына (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) зымыранмен соққы жасағанын хабарлады.

"Сақшылар Ирандағы кейінгі лаңкестік әрекеттерге жауап ретінде "Ислам мемлекеті" қолбасшыларының жиналатын жерлері мен негізгі элементтерін баллистикалық зымырандар сериясымен анықтап, жойды", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылдың 1 қарашасында Йемендегі "Ансар Алла" хуситтер тобының өкілі Яхья Сариа Израильге ресми түрде соғыс жариялап, Палестина халқын қолдауға бағытталған әскери операцияның басталғанын мәлімдеген.

10 желтоқсанда Израиль билігі егер халықаралық қауымдастық хуситтердің теңіз кемелерін басып алуына ешқандай қарсылық көрсетпесе, олар Йемендік хуситтерге қарсы күресуге дайын екенін жеткізген.

Сондай-ақ 12 қаңтарға қараған түні АҚШ пен Ұлыбритания Йеменнің солтүстігінде билік ететін "Ансар Аллах" қозғалысының (хуситтер) нысандарына қарсы әскери операция бастады. 

Талқылау