"Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі": Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен күресі жаңа форматта жарық көрді

Биыл "Алаш" қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығы. Осыған орай Алматы қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, "Әлихан Бөкейхан. Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі" атты кітап пен алашордашы туралы деректі фильм көрсетілді. KAZ Minerals компаниясының қолдауымен жарық көрген бұл жобалар тарихта бұрын жарияланбаған архивтік деректерді халық назарына ұсынды.
"Әлихан Бөкейхан және Чехия, Словакия мен Жапония архивтеріндегі Алаш Орда тарихы" атты конференцияға отандық және шетелдік алаштанушы ғалымдар, Парламент депутаттары, Чехия және Словакияның қоғам және мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ оқытушылар, профессорлар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Фото: Stan.kz
“Бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты – соңғы 4–5 жылда ғана белгілі болған құжаттарды таныстыру. Олардың ішінде Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің архивінен, сондай-ақ Чехия мен Словакияның мұрағат, кітапхана және мұражайларынан табылған тың деректер бар. Бұл мәліметтер Алаш партиясының бұрынғы тарихын түбегейлі өзгертеді. Сондықтан бүгін көрсетілетін деректі фильм мен тарихи кітаптардың ел тарихында маңызы зор”, – деді Алаш зерттеу институтының директоры, доктор Сұлтан Хан Аққұлы.
Конференцияда "Әлихан және Алаш" атты көрме, "Әлихан Бөкейхан. Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі" кітабының таныстырылымы және "Әлихан Бөкейхан. Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын" деректі фильмі көрсетілді. Осы туындылардың авторы, режиссер Берік Барысбеков шарада сөз сөйлеп, еліміз үшін бұл деректердің маңыздылығын алға тартты.
Фото: Stan.kz
“Бұл кітапты дайындау барысында біз оның туған жеріне бардық. Тоғыз ай бойы Қазақстанның түрлі өңірлерін оның ішінде Қарағанды облысындағы Қарқаралы өңіріне, Ақтоғай жақта барып түсірілім жасадық. Сонымен қатар Семей мен Астанадан да материал жинадық. Мәскеуде Әлихан Бөкейхан соңғы жылдарын өткізген Үлкен Кисловский көшесіндегі 4-үйді де түсірдік. Бұл жерде ол үй қамақта болған. Музейлерді, отбасылық қорымдарды араладық. Туыстарының естеліктері мен жазбаларын, түрлі деректерді зерттедік.
Кітаптың ерекшелігі неде? Қазір үлкен кітаптарды көп адам оқымайды, сатып алмайды. Сондықтан біз жаңа, қызық формат табуға тырыстық. Бұл – бір жағынан кітап, екінші жағынан альбом сияқты. Яғни ішінде Әлихан Бөкейханның мақалалары, сөздері, хаттары, өтініштері берілген. Сонымен қатар, сол дәуірдің фотосуреттерімен, бейнелерімен толықтырылған. Жиналған ақпарат өте қызық болғандықтан деректі фильм түсіру идеясы туды. Кітапта біз өмірбаянына көбірек тоқталсақ, фильмде оның күрес жылдарына басымдық бердік. Мұндай формат оқырманға қызығырақ болатынына сенімдімін”, – деді Берік Барысбеков.
"Әлихан Бөкейхан. Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі" туындысы Central Asia Production баспасында KAZ Minerals Тобының қаржылық қолдауымен әзірленіп, қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Ал ішіндегі ақпарат үлкен ізденіс және еңбекпен жазылған.
Фото: Stan.kz
“Жалпы, мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы да қажет. Әлихан Бөкейхан туралы фильм түсіру немесе кітап шығару деген арманым болды. Бірақ әртүрлі себептермен, тіпті 150 жылдығында да жүзеге аспай қалып еді. Оның үстіне, ол ең соңғы болып ақталған тұлғалардың бірі болғасын бұл процесс өте қиын өтті. Материал аз, дерек табу қиын, көп жерге баруға тура келеді. Сондықтан жүзеге асыру да оңай емес. Тек өткен жылы KAZ Minerals компаниясының қаржылай қолдауымен бұл жобаны бастадық. Ол үшін Элдар Мамедовке үлкен рақмет.
KAZ Minerals компаниясын жақсы білемін. Олар тек сөзбен емес, іспен дәлелдеген әлеуметтік жауапты компания. Әсіресе білім беру саласында, өздері жұмыс істейтін өңірлерде – Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында үлкен жобалар жасап жатыр. Оқу орындарын, спорт нысандарын салып, көп жұмыс атқарып келеді. Компанияның бұл қолдауы тек біз үшін ғана емес, ел тарихы үшін де өте маңызды. ”, – деп қосты ол.
Фото: Stan.kz
"KAZ Minerals Management" ЖШС басқарма төрағасы Элдар Мамедов бұл бастаманың компания үшін де үлкен мәнге ие екенін жеткізді. Себебі бұл кітап KAZ Minerals Тобының Қазақстанның тарихи мұрасын сақтауға және халықтың ұлттық сана-сезімін нығайтуға бағытталған мәдени-ағартушылық бастамаларының жалғасы.
“Әлихан Бөкейханов Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Оның білім, ғылым, экономика және мемлекет құру туралы идеялары өз заманынан әлдеқайда озық болды. Осындай жобаларды қолдау – тарихи естеліктерді сақтауға қосқан үлес әрі еліміздің тарихында айрықша із қалдырған тұлғаларға деген құрмет”, – деп атап өтті ол.
Шара соңында "Әлихан Бөкейхан. Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын" деректі фильмі көрсетілді. Онда алаш қайраткерінің хаттары, құпия жазбалары мен фотосуреттері, тіпті бейне материалдар да болды.
Фото: Stan.kz
Ал көрсетілімнен соң Берік Барысбеков қоғам алдында жүрген тұлғалар мен жас зерттеушілерге жаңа кітапты тарту етті. Басылым ХХ ғасырдың басындағы көрнекті мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін қамтыған. Кітапта оның балалық шағы мен шыққан тегі, білім алған жылдары мен ғылыми қызметі, ХХ ғасыр басындағы саяси күрес кезеңі, "Алаш" қозғалысының құрылуы және Алаш Орда үкіметінің қалыптасуы түгел қамтылған.

"Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді": Қазақстандық кәсіпкердің жаңа салық реформасының кесірінен бизнесі шығынға батқан