Қаз қалпында: Хиджаб астынағы жын
Отау көтергендеріне жыл тола қоймаған жап-жас өндірдей ерлі-зайыптылар көлік базарына асығып-аптыға жетті. Мақсаттары тойдан түскені бар, өздерінің жиған-тергендері бар дегендей, жеңіл көлік алмақшы.
Жинаған долларлары әрі барса «Гольф» деген шетел көлігіне жетіп жығылатынын олар жақсы біледі. Сырым, шынын айтқанда, гүлдей құлпырған әсем келіншегінің көңілін қимады. Әйтпесе оның асып-тасып жатқаны шамалы. Жүз мыңға жетер-жетпес айлығының жартысына жуығын несие деген қызыл көз пәле ай сайын қақшып алады. Өздері бір бөлмелі ескі жатақханада тұрады. Жаяу-жалпылап жұмыс пен үйдің арасында тіршілік жасап жүрген жас отбасыға бұл кәдімгідей шығын.
Әсия бірінен-бірі өткен мәшинелердің қайсы-сына тоқтарын білмегендей құныға қарайды. Қарақат көздері жай-наңдаған келіншектің қос беті шырайланып, нәзік саусақтарымен «мені ал, мені ал» дегендей жұтынып, жар-қырап тұрған темір тұлпарлардың сауырларын аялай сипаудан жалығар емес.
— Е-е, мінеки, мына «Гольфке» көз қырыңды салшы. Тамаша емес пе? — деді Сырым қып-қызыл нарттай жанып тұрған көліктің жанына тоқтай қалып.
— Жаман емес екен. Әрі қарай тағы да көре түсейікші. — Әсия қызыл мәшиненің қасына көп аялдамай тез өте шықты. Ол әйелін гүлден-гүлге қонып, байыз таппайтын көбелекке ұқсатып келеді. Сырым әбден шаршады. Содан жай сөзге тоқтата алмаған соң, қатаң ескерту жасауға тура келді.
— Әсия, біздің «Гольфке» жететін ғана ақшамыз бар. Байқап келемін, сен оларға бұрылмақ түгілі, көзіңді де салмайсың. Кәне, тоқта! Алатын болсақ, саудаласайық. Әйтпесе мен кетемін!
Әсия селк ете шырт ұйқыдан оянып кеткендей болды да, қалт тоқтады. Әп-сәтте аспанды бұлт жапқандай бұған түсі әлем-тапырақ болып өзгере жат көзқараспен қарады.
— Мен ойымды өзгерттім. «Гольф» мен мінетін мәшине ме, айтшы өзің? Ертең қымбат-қымбат мәшине мініп жүрген достарым күлетінін біле тұра қайдағы бір жаман мәшинені ал дегенің не? Бұл сенің қай мазағың? Мен алатын болсам, құрығанда «Мерседес» аламын. Точка! Өл-тіріл, әке-шеше, бауырларыңнан сұра, ақша тап! Әйтпесе мынаны аборт жасатып, төркініме кетемін!
Сырым жаңа ғана гүл-гүл жайнап тұрған келіншегінің шәңкілдей шыққан түрпідей сөздерін жаны түршіге тұрып тыңдағанмен, ішкі жан дүниесі наныңқырамай абдырап, жөпелдемеде аузына сөз түсе қоймады. Әрине, үйленгелі бері келіншегінің осындай сызды мінездеріне куә болғанмен, «Әй, түзеледі ғой» деп онша мән бермейтін. Бірақ ол сызды мінездер көбейген сайын екеуінің арасы бұрынғыдай емес, ашылып, ыстық қарым-қатынас салқын тарта бастағанын сезеді. Кейде сабыры таусылып, біразға дейін қызбаланып уәж айтқанмен, бәрібір тіліне тұсау салатын. Себебі келіншегі екіқабат. Тәжікелесе берсе, кім білсін?..
Долданған келіншегінің қаны көтеріліп, іштегі мұның нәрестесіне қауіп төнуі әбден ықтимал ғой. Нәзік жүректі жігітіміз өте балажан еді. Болашақ баласы үшін Сырым жарының қандай бір ұсақ-түйек мінездеріне төзуге бар-тын. Ал мына айтқан соңғы сөзі оның жүрегіне ине сұғып алғандай әсер етті.
— Аборт… Есің дұрыс па, қайдағы бір мәшине үшін сондай қатыгез әрекетке бара аласың ба? — деді ол күйіп кетіп.
— Мен мұндай шарананы кез келген уақытта табамын. Ал әдемі мәшине — менің арманым. Білесің бе, ол менің арманым!
Әсия кішкентай жұдырығын түйіп, кеудесін соққылады. Жаңа әзірдегі сұлулық зым-зия. Көздері шыны тәрізді. Жүзінде қан-сөл жоқ. Шәңкілдей шыққан әйел даусына жақын маңдағы адамдар да қарап қалыпты. Сырым бұл жолы айылын жимады. Бірақ дауысын көтермей зілдене тіл қатты.
— Адамдардың басты арманы — ұрпақ көбейту. Бір балаға зар болып жүрген адамдар қаншама? Сондықтан менің арманым — сәби сүю, Әсия. Сен соны біліп қой!
— Тоқтат ондай былшылыңды! Сенің осындай философияңнан тойып біттім! Сен маған одан да мынаны айт. «Мерседес» сатып әпересің бе, жоқ па? Әйтпесе мен тап осы жерден біржола кетемін. Сенің сасық жатақханаңа енді бармаймын! — Әсия жұдырығын жазып, бұған саусағын кезей тістене сөйледі. Сөздері ызғарлы. Ойы да пышақпен кескендей кесек-кесек.
— Жоқ! Мен саған ондай мәшинені сатып әпере алмаймын. Оған шамам да жоқ. Кетсең кете бер!
Әсия шалт бұрылды да, туфлиімен жерді тесіп жіберердей нық-нық басып бұдан ұзай берді. Артына бұрылып та қараған жоқ. Жүрегі білінер-білінбес шым ете қалған Сырым болашақ сәбиімен біржола қоштасқандай ерні жыбырлап өзінен-өзі сөйлеп тұрғанын көпке дейін сезбеді.
— Өкінесің, өкінесің, Әсия! Сенің бұл қатең — түзелмейтін қате. Олай етсең, Алла сені кешірмейді…
— Астапыралла! Әйелің не деген шайпау, долы, қатыгез еді, а? — Тура жанынан табылған орта жастағы әйелдің сөзіне Сырымның қарсы айтар дауы жоқ еді. Ішкі дүниесі қара шәйнектің суындай бұрқ-сарқ қайнап, не істерін білмей күйініп тұрған жігітке, қайдан сап ете қалған белгісіз, әйел басу айтты.
— Сабыр, сабыр, інім! Ақылды әйел қанша ашуланса да ашуын басып, ошағына оралады. Мен манадан бермен мына мәшинеде отырғанмын. Келіннің қатыгездікке толы жаңағы сөздеріне жігіттің жігіті ғана шыдайды. Орысша мектеп бітіріп, орысша тәрбие көргендер сондай болады. Өйте қоймас. Ашумен, жастықпен айтылған сөз болар. Ал өйтсе, шынында да, Алла кешірмес…
Жаңа танысқан тәтесі басалқылы сөздер айтып, мұның ашуын тежеп, жұбатты. Телефонын берді. Сырым үміт пен күдікке алма-кезек берілген күйде үйіне асығып жетті. Не деген жылдам еді десеңші Әсия, өзіне тиесілі заттарын жылан жалағандай сыпырып алып кетіпті. Көңілі құлазып сала берді.
***
Қанша хабарласса да, келіншегі жауап бермеді. Мүмкін жүз, мүмкін мың рет хабарласқан болар. Бұл осылай әбден мезі еткен болуы керек, келіншегі бұған соңғы әрі ызғарлы хабарлама жіберді. «Мен саған қажет емес болармын. Өз шешіміммен аборт жасаттым. Енді мен жаңа өмір бастаймын, жайыма қой!» Біреу маңдайынан ауыр темір білікпен ұрып жібергендей есеңгіреп, жалп ете отырып қалды. Көпке дейін есін жинай алмай жүрді. Болашақ сәбиін өзі өлтіргендей күй кешті. Әйелін түсінде көретін. Жезтырнақты мыстанға айналып, мұның кішкентай сәбиін тұншықтырып өлтіріп жататын. Барып көмектесейін десе, аяқтары тас болып қатып желімделіп, орнынан қозғала алмайды. Жылап жібереді. Талай рет осындай ауыр түстер көріп, жылағанына тек Алла ғана куә. Бәлкім, жынданып кетер ме еді, баяғы танысқан тәтесіне хабарласып жаны қалды. Алланың қалауымен намазға құлады. Көкірегіне сабыр ұялады сөйтіп. Сырымның екінші өмірі басталды…
«Енді үйленбеймін!» деп алдына серт қойған еді. Махаббат деген бір келсе уысынан шығармай, жаныңды қоярға жер таптырмайды екен. Өмірінде екінші мәрте бір нәзік жанға жүрегі байланды. Ылғи хиджаб киіп жүретін қыздың жүзінен иман нұры төгіліп тұрғандай. Жігітке де тіке қарамайды. Қай жерде жүрсе де Назгүл ойынан шықпайтын. Екінші мәрте үйленуге шұғыл шешім қабылдап, ойын білдірмек болды. «Біраз ойға алған істерім бар, соларды бітіріп алайын. Содан соң…»
Бірде жұмыста отырған Сырымға Назгүл қоңырау шалды. «Ағатай, тез келіңізші! Қиын жағдайға ұшырап қалдым», — деді ол жыламсырап. Үкідей ұшып жетсін. Сөйтсе, Батыс Қазақстанда анасын қарап отырған әпкесі көлік апатына ұшырап, өлім аузында жатқан көрінеді (Ол оқиғаны теледидардан көрсетіпті). Соған біршама қаржы қажет болған сынды. Ақ көңіл Сырым көз жасын көл етіп отырған болашақ қалыңдығын жұбатып, қалтасына мың доллар салып берді. «Алла разы болсын, қайтарамын ғой. Сіз қандай жақсы жансыз!» — деді Назгүл ризашылықпен сызыла сөйлеп. Қыз тез аттанып кетті. Көп ұзамай тағы хабарласты. Әпкесі қайтыс болыпты. Оның қазасына шыдамай шешесі де бұл фәнимен қоштасыпты. Барлық қайғы бұлты мұның Назгүлінің үстіне түскендей көрінген. Жанын қоярға жер таппай бұл барып, көмектескісі келетінін білдірді.
— Жо-жоқ, жұмыстан қалмаңыз, ағатай. Өзім бірдеңе жасаймын. Тек мына қаржы жағы қинап тұрғаны… Егер болмаса ренжімеймін. Жаным қиналған соң айтып жатқаным ғой. Менің өмірімде Алладан кейін тек сіз ғана бар екенін ұқтым. Адам қиналғанда кім жақын, кім жаны ашитынын біледі екенсіз, — деді Назгүл жігітке бар сырын ақтарып.
— Ойбай-ау, Назгүлжан-ау, сенен немді аяйын! Қанша керек? — деді Сырым лақ ете ақтарылып.
— Үш жүз мыңдай жібере аласыз ба?
— Қорықпа, жұмыстан айлығымды ерте жаздырып алып, қайтсем де жіберемін…
Назгүл он шақты күннен соң келді. Жүдеген сияқты. Жүзі сынық. Екі бірдей аяулы жаннан айырылу оңай емес қой. Сырымға ризашылығын қайта-қайта білдіреді. Мойыл көздерінен ризашылықтың белгісіндей нәркес жас тамшылары төгілді. Назгүлдің қайғысына ортақтасып, мұның да жүрегі ауырды. Бір айдан аса уақыт өтті. «Үйленейік» деді Сырым шыдамсызданып.
— Ағажан-ау, мен дайынмын. Бірақ ең болмаса аз ғана уақыт күтіңізші. Бойымда билеген қайғының уыты қайтсын. Ағаларым да, туысқандарым да біздің бұл үйленгенімізді құптай қоймас. Мақұл ма, ағатай? Күтесіз ғой. Содан соң мен де бірнеше айлық жалақымды алып кеткенмін. Пәтерақыма көмектесе алмайсыз ба? Білем, сізге көп ауыр салмақ салып жібердім. Болмаса ренжімеймін… — деді Назгүл сабағынан үзіліп түсер гүлдей мұның алдында бас иіп.
— Рас, рас, менікі асығыстық екен. Әй, кейде ойланбай сөйлей салатын жаман әдетім бар. Кешір, Назкентай. Сенікі жөн. Пәтерақыңды төлеймін. Қорықпа, — деді бұл бір жағынан ыңғайсыздана, бір жағынан Назгүлдің ақылдылығына, байсалдылығына риза болды…
Күндердің күнінде оқыс оқиға Сырымды тағы да есеңгіретті. Інісі қоңырау шалып, қайдағы бір миға сыймайтын жағдайды көлденең тартты.
— Аға, мен кеше бір қызық жайға тап болдым. Түнгі клубқа достарыммен барғанмын. Кімді көрдім дейсіз ғой?
— Иә, кімді? — деді бұл селсоқ сөйлеп.
— Дәл сол жерде болашақ жеңешемді көрдім. Иығын жалаңаштап, санын жалтыратып бір шетелдіктермен билеп жүр. Алдарында сыра, ауыздарында темекі.
— Әй, әй, антұрған, не деп отырсың? Бәлеңді жаппа! — деп, бұл орнынан жұлқына тұрды.
— Мен сіздің солай дейтініңізді біліп, суретке түсіріп алдым. Бірақ ол пәле қу ғой. Бізді байқап қалды. Бір қарасақ, зытып жоқ болып кетіпті. Қазір мен сізге, аға, суретін телефоныңызға жіберемін…
Масқара! Мынау тура сол Назгүл ғой. Бір ұқсамайтыны — үстінде төгіліп тұратын әдемі хиджабы жоқ. Иығы жалаңаш, басы жалаңбас, шашын алдына жіберіп, шетелдің жігіттерімен отыр. Алдында сыраның, шараптың бөтелкелері…
Кеше ол бірнеше күнге қыздармен жақын ауылға қыдырып кететінін айтқан. Сонда ол… сонда ол мұны алдағаны ма? Жан дүниесі алай-дүлей. Бұл не болып кетті өзі? Дүние жүз сексен градусқа бұрылғаны ма? Мұның сүйгені адам емес, «жын-шайтан» болғаны ма? Мұнысы қалай? Ол неге сонда хиджаб киіп жүр? Көз алдау ма? Жо-жоқ, мүмкін емес! Мұның Назгүлі ондай емес. Соған ұқсас қыз ғана. Ол мүлдем Назгүл емес. Сырым өзін осылай жұбатып, Назгүлдің пәтеріне тартты.
Есікті өз кілтімен ашып кірді. Асхана жақта біреу жүр. Назгүл, Назгүлі ғой! Иә, інімнің көргені Назгүл емес екен. Басқа, басқа, мүлдем бөтен қыз. Мұның Назгүлі нағыз иманды жан. Бірақ әдеттегідей әдемі көйлегі сөлбеңдеп, жымия күліп Назгүлі қарсы алмады. Асхананың есігін асыға ашты. Бөтен, бөтен бір жан, басқа қыз бұған таңырқай, үрейлене қарайды:
— Сіз кімсіз?
— Сіз, сіз кімсіз?
Біреуі таңырқаған, біреуі үрейленген күйде осы екі сөзді қосарлана айтты.
— Мен… мен Назгүлдің танысымын.
— Кешіріңіз, мұнда Назгүл деген қыз тұрмайды. Мен кешеден бері осы бөлмені жалдап тұрып жатырмын.
Қыз мән-жайды түсінгендей рай танытып, үрейленгені басылды. Ал Сырымның жаңа әзірдегі көңіл күйі быт-шыт болып, ұнжырғасы бірден түсті.
— Түсіңіз бұзылып кетті ғой. Ештеңе болған жоқ па?
— Жо-жоқ, есіме бірдеңелер түсіп… Маған, яғни Сырым деген жігітке ештеңе қалдырған жоқ па?
— Иә, иә, ұмытып барады екенмін. Мынау кітаптар, киімдер сіздікі болуы керек. Қалдырылған заттар осы шығар. Оны маған үй иесі берді…
Өзін әрең ұстаған Сырым үлкен пәкетті жерге тиер-тимес етіп көтеріп, сүйретіле сыртқа шықты. Жаңа ғана маужырап тұрған қарашаның ауа райы да әп сәтте бұзылыпты. Сұп-суық қар аралас жаңбыр тамшылары жігіт бетіне тырс-тырс тисе де, ол елеген жоқ. Әйтеуір аяқтары өзінен-өзі баяу қимылдап, бетінің ауған жағына кетіп барады. Қайда барады, не күтіп тұр, енді отбасы болуға талпына ма, талпынбай ма, махаббат сезімі оған қайта орала ма, оралмай ма, оны бір Алла біледі. Бірақ тап қазіргі Сырымның жағдайын ешкімге бермесін!
Айтпақшы, бірде Сырым өзін тәрк еткен, мұзға отырғызған Назгүлді көріп қалды. Кешкі алагеуімде иығы салбырай келе жатқан. Кенет… тура төрт-бес қадам жерден қап-қара бейнені көрді. Біреу бүйірінен түртіп қалғандай сол қап-қара бейнеге жалт қарады. Ол да қарады. Назгүл! Баяғы бейкүнә Назгүл! Мұны бірден таныған болуы керек, жалт бұрылды да, бұл есін жинағанша жүгіре басып қараңғылыққа сүңгіп кете барды. Бәлкім, шын ықыластанса, оған қуып жетіп те алар еді. Аяғына қорғасын байлағандай орнынан қозғала алмады. Нәп-нәзік қыздан мұндай зұлымдық қайдан, қалай шығады, ә? Қой терісін жамылған қасқыр тәрізді мұндайлар көп екенін Сырым кейін әркімдерден естіді. Қасиетті дінімізді қорлағандар ертең ахиретте қалай жауап берер?
Иә, Сырым қатты өзгерді. Үнемі тұнжырап жүретін болды. Өмірге деген құштарлығы бәсеңдеп, салы суға кеткендей сарыуайымға салынатын да жүретін әдет тапты. Жұмысында да береке жоқ. Үйге келіп, домбырасын шертетін. Онда да қай-қайдағы көңілсіз саз домбыра шанағынан бебеулеп бір үзілмейтін. Ойнақы махаббат әуендерін мүлдем ұмытып қалғандай бейне. Одан қалды төсегінде шалқасынан жатып, төбеге телміріп ұзақты күн жатудан жалықпайтын. Тамақты да жарытып ішпеген соң, сылынып әбден жүдеді.
Бүгін де бір кесе шәй ішіп алып, небір ойлардың сорабында шалқасынан түсіп жатқан. Көзі ілініп кетіпті… Әдемі бақта қыдырып жүр. Алма, өрік ағаштары гүлге оранып, айнала ғажайып сұлулыққа бөленген. Гүлдердің жұпар хош иісін рахаттана жұтып, айналасына қараудан көзі тояр емес. Кенет бір әдемі құс тура жанына келіп қонды. Өзі бұдан қорықпайды. Қарақат көздері адамдікінен аумайды. Таныс көздер. Қайдан көрді, а? Әлгі құстың жанынан әп сәтте шүпірлеп сүйкімді балапандар пайда бола қалды. Ішкі жан дүниесі уылжып отыра қалды да, оларға алақанын тосты. Біреуі батыл екен. Секіріп мұның алақанына қонды. Қалғандары да қалыспай біреулері мұның иығына, басына қона бастады. Ал бұл мәз. Көптен бері бұлай шаттанып, қуанбап еді. Кенет алақанындағы балапан сөйлей бастады.
— Әке! Әкетай! — деді адамша. Қатты шошып селк ете түсті. Оянып кетті. Түсі екен құрғыр! Әлгі құс пен балапандар ғайып болды. Қаракөлеңке бөлме. Жо-жоқ, әлгі дауыс қайта шықты.
— Әке, әкетай! — Есік жақтан біреудің апыл-тапыл басқан аяқ дыбысы естілді. Басын жастықтан жұлып алып қарады. Титімдей қолдарын бұған созып, бір балақан кіріп келеді.
— Әкетай!..
— Ой, қандай жып-жылы сөз! Бұл кім? Періште ме? Көзін сүртіп-сүртіп жіберіп қарады.
— Сен кімсің?
— Мен Болатпын! — деді балақан қалт тоқтай қалып. Тілі қандай тәтті өзінің! Қызығып тағы бір сауал қойды.
— Кімнің баласысың?
— Сылымның!
— Сылым? Сырым?! — Бұл айқайлап жіберді. Осы сәтте есіктен бір келіншек кіріп, бұған жымия қарады.
— Иә, ол Сырымның, сенің балаң! — деді ол сыңғырлай сөйлеп. Әсия, Әсия ғой мынау!
— Қалай?! Сен аборт жасатып…
— Жоқ, мен оңбаған сені мазаламасын деп алдаған едім. Кешірші, жаным! Біз сенсіз өмір сүре алмайды екенбіз…
— А-а-а! Құдайым-ау, нені естіп, нені көріп тұрмын!
Жігіт орнынан құстай ұшып тұрды. Осы сәтте қуанған, шаттанған, бақыттан басы айналған жігітіміз жылап тұрған болатын…
Қазақстан-Заман газеті, Ертай Айғалиұлы