Қайыр сұрап күн кешкен шымкенттік қария қарттар үйіне орналасуды армандап жүр
Әдетте қарашаға дейін күн сәулесі төгіліп тұратын Оңтүстікте биыл қазан айында екі рет қар жауып, жұртшылықты әбігерге салып қойғаны белгілі.
Мұндай суықта басында баспанасы барлар қинала қоймас, бірақ қайда жатары белгісіз болып, ашқұрсақ жүрген қайыршылар не істейді? Таяуда Шымкенттегі «Акбар» аялдамасының артында қайыршылық жасап отырған бір қарияны көргенде осындай ойға қалдық. Сосын одан күнкөрісі туралы сұрадық.
«Біреу бірдеңе тастаса деген үмітпен осылай отырамыз, – деді өзін Тимур Жаңабаевдеп таныстырған азамат (суретте). – Отырғаныма бір сағаттай болды. Әзірге мардымды ештеңе түскен жоқ. Сәл жиналса базарға барып жүз теңгеге бірдеңе жеп аламын. Біздің ішіп-жейтініміз – Қытайдың сорпасы мен айран ғана. Ет жемегелі көп болды.
Күніге төрт-бес сағаттан артық отыра алмаймын. Осы уақытта 1000 теңгедей тапсам, соны қанағат етіп қайтамын. 15 мың теңгеден бес адам Попов көшесінде пәтер жалдаймыз. Сол ақшаны таппасаң күннің суығында пәтерден шығып қаласың. Бүгін жұма болғандықтан қазір қарынды тойдырып алсам, «Ордабасы» алаңындағы мешітке барып отырамын.
Өзіміз Павлодардан көшіп келгенбіз. Көп жыл бұрын әйелім дүние салды. Бір ұлым сол жақта қалды. Екіншісі Таразда тұрады. Аз-кем көмектеседі, бірақ ол жетпейді ғой. Себебі бауырым ауыратындықтан көп ақша дәріге кетеді. Өзім Чернобыль зардаптарын жоюға қатысқаным үшін үкіметтен 20 мың теңге ғана жәрдемақы аламын. Бірақ жасым 64-ке толғанымен құжаттарымның кемшілігіне байланысты зейнетақы ала алмай жүрмін».
Осыны айтқан Жаңабаев көмектесетін адамдар болса, өзінің «Чапаевка» елді мекеніндегі Қарттар үйіне барғысы келетінін де жасырмады. Жылы жер мен таза төсек, тегін тамақ берілетін жерге барсам, емді де тегін аламын ба деген үміті де жоқ емес.
Қысқасы, жегендердің тісіне кіретін ет бұл кісінің түсіне кіріп жүрсе керек. Көмек қолын созғысы келгендер болса, Тимур Жаңабаев өзін Қазыбек би көшесінің бойы мен мешіттердің жанынан табуға болатынын айтты.
Жіберіп алмаңыз:
Сирияда тұрып жатқан Ақбантик ханым өз өмірі жайлы айтып берді
Пайдалы кеңес: Қатерлі ісікке шалдықтырмау үшін телефонды қалай қолдану керек
Компьютердегі жұмысыңызды жеңілдететін пернетақтадағы 7 әдіс