Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайтыс болған 39 жастағы қазақстандықтың донор болғанының арқасында төрт адам аман қалды

Қайтыс болған 39 жастағы қазақстандық ағзаларын донорлыққа беріп, төрт адамды аман алып қалды. Марқұмның туыстары оның  жүрек, өкпе және екі бүйрегін алуға келісім берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 23 қазанда Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында қайтыс болған донордан төрт пациентке ағзаларды сәтті трансплантаттау жүргізілген.

“Мидың өлімі туралы мәлімдемеден кейін 39 жастағы донордың туыстары келісім беріп, ағзаларды төрт адамға сыйға тартты. Марқұмнан жүрек, өкпе және екі бүйрек алынды.

47 жастағы ер адамға жүрек, 62 жастағы әйелге өкпе, 9 жастағы балаға бүйрек, ал 58 жастағы әйелге екінші бүйрек трансплантатталды. Осылайша елдің төрт азаматы аман қалды”, – деді ведомство.

Деректерге сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанда 7 донор қайтыс болып, 19 ағзаны трансплантаттауға мүмкіндік берген. Ал 2024 жылғы қайтыс болған донорлардың саны 6-ға тең. Бұл 23 ағзаны трансплантаттауға мүмкіндік берді. 



Министрліктің мәліметінше, 2024 жылғы қазан айында күту парағында бүйрек, бауыр, жүрек және "жүрек-өкпе" кешеніне трансплантаттауды қажет ететін 4080 пациент тіркелген.

Әлемдік тәжірибе растағандай, қайтыс болғаннан кейін донор болу трансплантологияны дамытудың ең перспективалы әдісі болып саналады. Өкпені немесе жүректі күтетін пациенттер үшін бұл өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі.

Талқылау