Олигархтардан қайтарылған 1 миллиард теңге Ақмола облысында сумен жабдықтау жүйесіне жұмсалады
Фото: Ru.freepik.com
Ақмола облысындағы Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 миллион теңге бөлінді. Осылайша халық 100 пайыз орталықтандырылған сумен қамтылады.
“Қазір шамамен 50 шақырым құбыр тартылған. Жалпы желілердің ұзындығы 64,1 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген. Қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген. Ал ресми деректерге сәйкес, бүгінде Қосшыда 50 мыңнан астам адам тіркелген. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деген болжам бар”, – деп жазды Үкімет.
Макинск қаласында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша 72,7 шақырым желі тарту қарастырылған. Бұған дейін бөлінген қаражат есебінен бүгінде 45 шақырым бойынша жұмыс аяқталған. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606,4 миллион теңге жобаны толық аяқтап, халқы 18 мыңнан асатын қаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
“Заңсыз шығарылған активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың тиімді тетігіне айналды. Қазір Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту сияқты салалардағы 280-ге жуық жобаны іске асыруға қаражат бөлінді”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін қайтарылған активтердің 1,4 миллиард теңгесіне Ақтөбе облысында медициналық мекемелер салынатыны туралы жазған едік.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
