Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайталап оқысаңыз да түсініксіз": Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияны сынға алды

Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияны сынға алды

Фото: t.me/konstituciyalikreforma

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияны сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияның ішінде түсініксіз баптар мен сөйлемдердің көп екенін алға тартты. 

"Алдымен, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциядан бір үзінді оқып берейін. Мысалы, қазіргі Ата Заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған: "Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы". Осыдан не түсінуге болады? Оқыған адам да, тыңдаған адам да ештеңе түсінбейді. Бірнеше рет қайталап оқысаңыз да, түсініксіз. Мен қазіргі ескі Конституциядан бір ғана мысал келтіріп отырмын.  Ал мұндай түсініксіз сөйлемдерді, ұғынықсыз сөздерді көптеген бап пен тармақтардан кездестіруге болады”, – деді Қарин.



Ол жаңа Конституция барлығына түсінікті, жеңіл тілде жазылатынын мәлімдеді. 

"Асыра айтқандық емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата Заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама. Жаңа Конституцияны, ондағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де түсініп, қабылдай алатын болады", – деді мемлекеттік кеңесші. 

Оған қоса, мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияның қажеттілігін, маңыздылығын көпшілік дұрыс қабылдап жатқанын да айтып өтті. 

Еске салсақ, осыған дейін депутат Айдос Сарым жаңа Конституция жобасы бірнеше күннің ішінде емес, қыркүйек айынан бастап жарты жыл бойы әзірленгенін айтқан еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 18:25