Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайта-қайта тауға келуге шаршадық": Ақтөбе іргесіндегі ауыл оқушылары сабақ оқу үшін тау-тасты аралауға мәжбүр

Ақтөбе облысындағы "Белогорка карьері" деп аталатын ауылдың жастары ғаламтордың жоқтығынан күндерінің көп бөлігін қыр басында өткізуге мәжбүр. Елді мекен Ақтөбе қаласына тиіп тұрғанымен, оқушылар онлайн оқудың зардабын тартып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Қала мен ауылдың арасы бар болғаны 15 шақырым. Алайда, тұрғындар "Өркениеттен кейін қалдық" деп налиды. Өйткені, оқушылар ғаламтор арқылы оқу үшін күнделікті 3-4 километр жаяу жүріп, осы тау басына шығуға мәжбүр. Ал жауынды, дауылды күндері тіпті қиын. Ауылда 50-ге жуық оқушы бар. Мектеп болмағандықтан, көрші Бекқұл баба елді мекеніне қатынап оқиды. Ал биылғы оқу жылы басталғалы мұндағылар онлайн оқуға көшкен. Күнделікті таңертең олар таудың басына жиналады. 

"Ауылдан таудың басына 3-4 шақырым, кейбіреуі жаяу, кейбіреуі ата-аналарының машинасымен келеміз. Бізге оқу өте қиын. Бізге интернет қосып берсеңіздер. Қайта-қайта тауға келуге шаршадық", - деді оқушы Мансур Аюмов.

Ауылда байланыс болмағандықтан, студенттер мен қашықтан жұмыс істеуге көшкен ауыл тұрғындары да тау басына жиналады. Олар мәселені айтып, әкімдікке бірнеше мәрте арызданған. Алайда, шағын ауылдың шағымын естір құлақ болмай тұр.

"Мынадайда оқу бола ма? Оқу болмайды. Тоңып отырған бала көп болса 1 сағат шыдар. Олар түске дейін отырады. Одан кейін тағы бір топ бала келеді. Салқын тисе, балалар ауырса қайда барады? Мұнда екібастан медпункт жоқ", - деді ауыл тұрғыны Марат Әбдіразақов.

Жергілікті билік мәселеден хабардар. Олар шағын елді мекенге желі орнатуға байланыс операторлары құлықты емес дейді. Дегенмен, қазір келіссөздер жүріп жатыр.

"Қазақтелеком", "Глобус-телеком" бас тартып отыр. Ол жерді ешкім ала алмайды. Біз тек "Глобус-телекомға" мәжбүр болып отырмыз. Келесі апта келіп, жұмыстарын бастайды", - дейді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ардақ Сыдықова.

Байланыс жүйесін бір ай пайдалану құны 9 мың теңге. Оны алдағы 4 айда әкімдік төлеп береді. Алайда, ғаламтор желісін орнату жұмыстары 15-20 күнге созылады. Сондықтан ауыл балаларының әзірге таудан түсе қоюы екіталай. 

Талқылау