Қайраттың құпиясы: Айдарбекова ұлын таныту үшін қандай амал-айлаға баратынын айтты
Әрдайым сұраныста болып, халықтың қошеметіне бөлену үшін аянбай тер төгіп жүрген Гүлзира Айдарбекова алғаш рет ұлы Қайраттың құпиясын ашты. Бүгінде атағы аспандап, еңбегіне қомақты қаламақы алатын әнші жігіттің биік шыңды бағындыруы анасының жұмыс істеудегі тың тәсілінде екен. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген пысық продюсер, жетістікке жетудің құпияларымен бөлісті.
Естеріңізге сала кетсек, Қайрат ең алғаш сахнаға шыққан шақта Сырым Исабаев, Бақыт Алтай сынды әншілерді қанатының астына алып, ұлымен қатар алып жүретін еді. Айдарбекова бүгінде бұл жігіттермен қарым-қатынасын үзген. Өйткені, хитменнің қасындағы өнерпаздарды әр жыл сайын ауыстырып тұру Гүлзира ханымның шоу-бизнестегі айла-тәсілдерінің бірі болса керек…
«Сырым Исабаев, Бақыт Алтайды мен продюсер ретінде қол астыма алған емеспін. Менікі тек қана қазақша әпкеліп көмек, аналық көмек ретінде қолдау көрсету. Халыққа танылғанша көмектесу. Жігер Ауыпбаевты да Қайраттың досы болғаннан кейін ақшасын төлеп, қасымызға қостық. Тек Қайратты ғана емес, Жігерді де тыңдайтын адамдар бар шығар деп концерттерге алып бардық. Концерт болғаннан кейін әншілерді де өзгертіп тұру керек», – дейді Айдарбекова.
Сондай-ақ, Гүлзира осыдан екі жыл бұрын Дәулет Болатов есімді жас әншіге қолдау көрсететінін айтқан-ды! Қазіргі таңда азулы продюсер мен жас өнерпаздың арадағы жұмысы тағы тоқтап тұр.
«Дәулет Болатовқа өткенде гастрөлдік сапарға апарайын деп бір рет хабарласқанымда: «Әпке, денсаулығыма байланысты 2-3 ай шыға алмаймын, операция болады. Қазір шығуыма болмайды. Бірінші дәрігеріме хабарласайын деп, кейін дәрігер рұқсат бермеді» – деді. Сол кезде мен: «Дәулет, мен саған көңіл бөлмейді деп жатқан жоқсың ба? Мені сахнаға шығармады деп ренжіп жатқан жоқсың ба? Мүмкін Қайратпен бірге Ақтау, Атырау қалаларына барарсың» – деп шақырдым. Өзі бас тартты. Сондықтан қазіргі таңда денсаулығы дұрыс болмай жүрген сияқты», – дейді Гүлзира.
Қайраттың репертуарындағы әндердің жиі хит болуының да тағы бір құпиясы бар. Айдарбекованың айтуынша, ұлының қасындағы әншілермен қатар, продюсер әр жыл сайын сазгерлерді де жиі ауыстырып тұрады екен.
«Мен бір адамға жабысып қалмаймын. Өйткені әннің бәрі бір сарында болып кетеді. Сондықтан қазіргі таңда жастардың идеясы көп болады. Олардың ойына қараймын, ән шығаруға деген қабілетін қараймын. Мен өзім көрмеген адамдардан да ән аламын. Тіпті кейбірін танымаймын да. Телефонмен сөйлесіп, карточкасына ақшасын лақтырамыз. Одан кейін барып ол бізге «ватсап» желісі арқылы әнін лақтырады. Ақындармен дәл солай жұмыс жасаймыз», – дейді Гүлзира Үсенқызы.
Қайраттың орындауындағы «Мен оралам», «Сен де, мен де», «Жаралы жанның әні бұл» және ұлының Мейрамбек Бесбаевпен бірге жазған «Махаббат деген…» атты әндердің авторымен де дәл қазір жұмыс жатқан жоқ. Бұл тректер танымал композитор Ғазизханның сазгерлігінен туындаған. Соңғы кездері Қайрат Нұртас Шекербековтің әндерін шырқап жүрген жоқ. Соған қарағанда сыйластыққа сызат түсіріп алған сияқты. Ал, ел арасында желдей ескен қауесетке қатысты Айдарбекованың айтары бар.
«Менің бір қасиетім, мінезім ешкімге ешқашан өкпелемеймін. Ешкіммен ұрсыспаймын. Ренжісем үндемей қоя саламын. Ол қайтып келіп амандасып, бетімнен сүйсе қайтадан күліп, әңгіме айтып жүре беремін. Енді бес күндік өмірде ит пен мысық сияқты қырылып, бет жыртысудың керегі жоқ. Сондықтан ол менің мінезім. Біреуге қарамай кету, ренжу деген менің табиғатымда жоқ нәрсе. Болашақта Ғазизханның да әндерін қайта жазып қалармыз», – дейді Қайрат Нұртастың анасы.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Жұлдыздар тойға апаратын ақша, бағалы көйлектері мен гаухар тасты бұйымдары жайлы (видео)
Мөлдір Әуелбекова Баян Алагөзоваға жауап берді
Шоқан Маратұлы “есеппен үйленген” деп сынағандарға жауап берді
Намысыма тиді: КешYou әншісі Ақбота мен Жұлдыздың тағдырын қайталаудан қорқып жүр
Алматы облысының тұрғындары аязда өздігінен пайда болған алып мұзды көріп таңғалуда (фото)