Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайраттың" Чемпиондар лигасына қатысуы Қазақстан экономикасына қанша табыс әкеледі?

футбол кезінде түсетін табысФото: f.c.kairat Instagram парақшасынан алынды

Kazakh Tourism ұлттық компаниясы "Қайрат" футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасына шығуы Қазақстан экономикасына 3 миллиард аса пайда әкелуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық компанияның мәліметінше, Алматыда өтетін әрбір матч үшін шамамен 1190 шетелдік жанкүйер келеді. Маусым бойы (топтық кезеңде 4 ойын болады) жалпы есеппен 4 760 сапар жасалады деген болжам бар. Бір туристің орташа шығынын 1 200-1 500 доллар аралығында есептелгенде, Қазақстан экономикасына қосымша 6–7,5 миллион доллар (3,2–4 миллиард теңге) кіріс түсуі ықтимал. Бұл қаражат негізінен қонақүй, мейрамхана және премиум-сегменттегі қызметтерге жұмсалады.

Сонымен қатар "Қайраттың" қатысуы медиялық тұрғыдан да құнды болмақ. Қазақстан туралы халықаралық БАҚ-тағы жарияланымдар құны 2,6 миллион доллардан 28 миллион долларға дейінгі жарнамалық кампанияға тең келеді.

Жалпы алғанда, Қазақстанға келетін қаржы 20 миллиард теңгеден асып түсуі мүмкін. Kazakh Tourism өкілдері мұндай ірі турнирлер ел имиджін нығайтып, ивент-туризмге қызығушылықты арттырып, туристерді тартатынын айтты. 


Чемпиондар лигасына жол ашқан "Қайраттың" жаңа жұлдызы Темірлан Анарбеков кім?


Қазақстандықтар тойды тоқтатып "Қайраттың" жеңісін тамашалады (видео)


Айта кетейік, "Қайрат" футбол клубы кемінде 19,9 миллион еуро (12,5 миллиард теңге) табыс табады. Бұл сома турнирге қатысу үшін төленетін бекітілген төлемдер мен құндық пулдан бөлінетін қаржыны қамтиды. Ал топтық кезеңдегі әрбір жеңіс үшін қосымша 2,1 миллион еуро, тең ойын үшін 700 мың еуро қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін 26 тамызда алматылық "Қайрат" өз алаңында Шотландияның "Селтигін" қабылдады. Плей-офф раундында алматылықтар екі кездесудің қорытындысы бойынша Шотландияның "Селтик" клубынан мықтырақ болды. Глазгода және Алматыда өткен ойындар 0:0 есебімен аяқталды, ал пенальти сериясында қазақстандық футболшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 15:45
Талқылау