“Қайраттың” Астанада өтетін ойындарының билет бағасы Алматыға қарағанда әлдеқайда арзан
Фото: “Қайрат” фк
“Қайрат” футбол клубының Астанада өтетін ойындарының билет бағалары Алматымен салыстырғанда өте арзан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық “Қайрат” футбол клубы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі қысқы ойындарын жабық стадион – “Астана Аренаға” ауыстыру туралы өтінішті УЕФА-ға жолдаған еді.
УЕФА бұл ұсынысты қолдап, нәтижесінде 9 желтоқсанда “Олимпиакосқа” және 20 қаңтарда “Брюгге” клубына қарсы өтетін матчтар Астана қаласындағы “Астана Аренада” өтетін болып бекітілді.
Клуб ресми түрде Астанадағы матчтарға арналған билет бағаларын жариялады. Бұған дейін жанкүйерлер билеттердің тым қымбат екенін айтып, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен еді. Енді ресми ақпаратқа сәйкес, “Астана” аренадағы билеттер 15 000–50 000 теңге аралығында сатылатыны белгілі болды.
Осы өзгерістен кейін клуб басшылығы билет бағасының арзандау себебіне қатысты түсініктеме берді.
“Бұған дейін "Қайрат" ФК УЕФА-ның баға саясатына сәйкес Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарға арналған билеттердің бағасы бекітілгенін және өзгермейтінін хабарлаған болатын. Бұл баға саясаты Алматыдағы Орталық стадионда өтетін барлық ойындарға қолданылады және сол жағдайларда қайта қарауға мүмкін болмады. Алматыдағы қолайсыз қысқы ауа райына байланысты матчтарды Астанаға ауыстыру шешімі УЕФА-мен келісе отырып қабылданды. Ойын өтетін орын өзгергендіктен, оған қатысты талаптар да өзгерді. Жаңа жағдайларды ескере отырып, клуб билет бағасын қайта қарау мүмкіндігіне ие болды”, - деді “Қайрат” футбол клубы инстаграм парақшаларында.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының кестесінде “Қайрат” 1 ұпаймен 34-орында тұр. Жарыстың жалпы кезеңінде 36 команда қатысатынын ескерсек, бұл – ең төменгі нәтижелердің бірі. Бұған дейін Уразбахтиннің командасы өз алаңында “Реалдан” 5:0 есебімен ойсырай ұтылып, “Пафоспен” 0:0 тең түскен еді. Ал “Қайрат” сырт алаңда “Интерден” 2:1 есебімен жеңіліп қалды.
Қазақстандықтар RAMS Qazaqstan-дағы пәтерлерінен айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр: Компания туралы не белгілі

